КҚК жөндеу Ұлттық қорға және республикалық бюджетке түсетін түсімдерге әсер етпейді

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Парламент Сенатында өткен брифинг барысында Каспий Құбыр консорциумында жүргізіліп жатқан қалпына келтіру жұмыстары жайлы баяндады. 

Әлихан Смайылов қазан айында КҚК-да жылжымалы екі айлақ қондырғысын жөндеуді аяқтау жоспарланғанымен, ауа райының қолайсыздығына байланысты бұл жұмыстар тоқтатылғанын атап өтті.

«Алдағы екі-үш күнде №1 жылжымалы қондырғы жөнделеді деп ойлаймын. Бірден екінші құрылғыны жөндеу басталады. Ол бойынша жұмыстарды екі-үш аптада аяқтау көзделген», — деді Премьер-Министр.

Оның айтуынша, осыған қарамастан бюджетке түсетін түсімдер төмендемейді. 

«Биыл мұнай секторынан Ұлттық қорға 3,9 трлн теңге түседі деп жоспарланған болатын. 10 айдың қорытындысы бойынша бұл жоспар триллион теңгеге асыра орындалып жатқанын көріп отырмыз», — деді Әлихан Смайылов. 

Оның айтуынша, республикалық бюджет бойынша да осындай жағдай байқалып отыр: түсім 1,8 трлн теңгені құрайды деп жоспарланса, 10 айдың қорытындысы бойынша 1,4 трлн теңге түскен.

«Әлемдік мұнай нарықтарында қалыптасып жатқан бағалар мен конъюнктураның арқасында мұнай-газ секторынан Ұлттық қорға және республикалық бюджетке түсетін барлық түсімдер толық көлемде күтілуде», — деді Премьер-Министр.

Сонымен қатар ол қазіргі уақытта Үкімет Грузия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қытай және басқа елдер арқылы мұнай тасымалын әртараптандыру бойынша Жол картасын іске асырып жатқанын атап өтті.

«Аталған барлық бағыттар бойынша мұнай экспортының әлеуетін кеңейту және арттыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Көрші елдердегі әріптестеріміз тарапынан толық түсіністік пен қолдау бар. Олар өздерінің транзиттік мүмкіндіктерін ұсынуға, осы мәселелер бойынша Қазақстанмен ынтымақтасуға дайын», – деп түйіндеді Әлихан Смайылов.

Атап айтқанда, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстаннан «Баку – Тбилиси – Джейхан» мұнай құбыры арқылы 1,5 млн тонна мұнай тасымалдау туралы уағдаластық бар. Бұл көлемді одан әрі 6-6,5 млн тоннаға дейін ұлғайту пысықталуда.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу