2020 жылғы Қазақстандағы тұрғын үй құрылысы: беталыстары мен ерекшеліктері

Пандемияға, іскерлік белсенділіктің төмендеуіне және шығыстардың қысқаруына қарамастан, 2020 жылы құрылыс саласы Қазақстанның экономикалық белсенділігінің негізін құрады. Саладағы өсім 11,2%-ға жетті. Пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 16,8%-ға өсіп, 15,3 млн ш.м. құрады. Шолуда 2020 жылғы Қазақстанда тұрғын үй құрылысы саласының дамуы туралы баяндаймыз.

2020 жылдың қорытындысы бойынша барлық қаржыландыру көздерінің есебінен 15,3 млн м2 тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл 2019 жылдың қорытындысынан 16,8%-ға жоғары.

Тұрғын үйді пайдалануға беру бойынша көш басында Нұр-Сұлтан және Шымкент қалалары, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстары.

Алматы, Ақтөбе, Атырау, Қызылорда, Түркістан, Жамбыл облыстарында аумақтарда жеке құрылыс жүргізу басым.

Жалпы, 2020 жылдың қорытындысын шығара отырып, өңірлерде тұрғын үйді пайдалануға берудің жеткізілген көлеміне қол жеткізілгені, сондай-ақ тұрғын үй құрылысына бөлінген қаражаттың игерілгені байқалады.

Пандемияға, іскерлік белсенділіктің төмендеуіне және шығыстардың қысқаруына қарамастан, экономика салаларының өсу қарқыны бойынша құрылыс жетекші орындардың бірін алады.

Құрылыс көлемін ұлғайту және тұрғын үй инфрақұрылымын жақсарту мәселелері Үкіметтің ерекше бақылауында.

Құрылыс жұмыстарының көлемі негізінен ИИДМБ, «Нұрлы жол», «Нұрлы жер», туризмді дамыту және экономиканың басқа да бағыттары шеңберінде инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру есебінен қамтамасыз етілді.

Төтенше жағдай кезінде құрылыс саласын қолдау мақсатында Жұмыспен қамту жол картасы және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы шеңберінде жобаларды іске асыру үшін 1 трлн теңге бөлінді, шағын және орта өндірушілер салық төлеу мерзімі бойынша жеңілдіктер алды.

«Шаңырақ» пилоттық жобасын іске асыруға қосымша 390 млрд теңге бөлінді, оның ішінде 180 млрд теңге әлеуметтік несиелік тұрғын үй құрылысына және 210 млрд теңге «5-10-20» шарттары бойынша Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы жеңілдікпен несие беруге бағытталды.

 

2020 жылғы Қазақстандағы тұрғын үй құрылысының негізгі даму беталысы

2020 жылы халықтың әлеуметтік топтарына арналған коммуналдық тұрғын үй құрылысы, ипотека, кепілдік беру және тұрғын үй құрылыс жинақтары құралдарымен орташа топқа арналған несиелік тұрғын үй құрылысын қаржыландыру тетігін іске асыру жалғастырылды.

Тұрғын үйді пайдалануға беру бойынша көрсеткіштерге қол жеткізуге тұрғын үй құрылысы бойынша қабылданған бағдарламалар және еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуын, Елбасы мен Мемлекет басшысының стратегиялық бастамаларын ескере отырып жүргізіліп жатқан тұрғын үй саясатындағы реформалар ықпал етті.

 

Тұрғын үй құрылысында жеке инвестицияларды тиімді пайдалану

Халықты тұрғын үймен қамтамасыз етудің маңызды құралдары тұрғын үй құрылысына жеке инвестицияларды тарту және мемлекеттік-жекешелік әріптестікті ынталандыру болып отыр.

Бұл шаралар инвестицияларды тиімді пайдалануды қамтамасыз етті: мемлекеттік инвестициялардың 1 теңгесіне шаққанда 4-6 теңге жеке инвестициялар тартылады.

2020 жылдың 12 айында барлық қаржыландыру көздері бойынша тұрғын үй құрылысына 2 трлн теңге инвестиция немесе 2019 жылдың сәйкес кезеңіне 133,6% бағытталды.

Оның ішінде «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2020 жылы мемлекеттік бюджеттен тұрғын үй саясатын дамытуға 751 млрд теңге бөлінді.

Мемлекеттік инвестициялар аясында 2 млн шаршы метр әлеуметтік тұрғын үй пайдалануға берілді. 40 мыңнан астам отбасы мемлекеттік қолдаумен қамтылған, 25 мыңнан астам қолжетімді несиеге берілетін тұрғын үй, 6 мың жеңілдікпен қарыз беру арқылы және 9 мыңнан астам отбасы әлеуметтік жалға берілетін тұрғын үймен қамтамасыз етілген.

«7-20-25» бағдарламасы: 2020 жылдың қорытындысы бойынша бағдарламаның көрсеткіштері қандай

Қазіргі уақытта тұрғын үй нарығында түрлі санаттағы азаматтардың мүмкіндіктерін ескере отырып әзірленген және қарастырылған түрлі ипотекалық бағдарламалар ұсынылған. Бұл бағдарламалар мақсатты ортасы бойынша да, іске асырудың экономикалық моделі бойынша да ерекшеленеді.

Халықтың сатып алу сұранысын қамтамасыз ету мақсатында Елбасының тапсырмасы бойынша Ұлттық банк басқармасының қаулысымен «7-20-25. Әрбір отбасы үшін тұрғын үй сатып алудың жаңа мүмкіндіктері» ипотекалық тұрғын үй несиелендіру бағдарламасы әзірленіп, бекітілді және табысты іске асырылуда. 

Бағдарлама еліміздің жұмыс істейтін азаматтарына тұрғын үй мәселелерін шешуге мүмкіндік береді және ипотекалық тұрғын үй қарызын жылдығы 7%-бен сыйақының ең төменгі мөлшерлемесі бойынша, несиеге берілетін тұрғын үй құнының 20%-ынан басталатын бастапқы жарнамен, 25 жылға дейінгі қарыз мерзімімен алуды ұсынады.

2020 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша халықтан жалпы сомасы 560,6 млрд теңгеден астам қарыз алуға 47 851 өтінім берілді, 321,5 млрд теңгеден астам сомаға 27 353 қарыз беруге мақұлданды.

 

Халықтың аса әлеуметтік осал топтары үшін сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй

2020 жылдың 12 айының қорытындысы бойынша алдын ала деректер бойынша әкімдіктерде кезекте тұрған адамдардың әлеуметтік осал санаттары үшін сатып алу құқығынсыз 3,8 мың жалға берілетін пәтер (немесе 191,1 мың м2) салынды және сатып алынды.

Елбасының 2019 жылы «Nur Otan» партиясының XVIII съезінде берген тапсырмалары аясында аз қамтылған көп балалы отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету жалғастырылды. 2020 жылдың 12 айының қорытындысы бойынша 4,7 мың (немесе 318,8 мың шаршы метр) пәтер салынды және сатып алынды. Бұдан басқа, түрлі көздерді тарту есебінен тағы 4 мыңнан астам көп балалы отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілді.

 

Жұмыс істейтін жастардың тұрғын үй мәселесін шешу шаралары

Мемлекет басшысының «Жастар жылында» берген тапсырмалары аясында Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында жұмыс істейтін жастардың тұрғын үй мәселесін шешу бойынша шаралар қабылданды.

2019-2021 жылдары 29 жасқа толмаған 9 мың жасты жалдамалы тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарланған, олар осы пәтерлерде 5 жыл тұрған кезеңде тұрғын үй құрылыс жинағы жүйесі бойынша өз баспанасын сатып алу үшін қаражат жинай алады.

Алдын ала деректер бойынша, 2020 жылы еліміздің ірі мегаполистерінде жұмыс істейтін жастар үшін 1 031 пәтер салынды және сатып алынды (2019 жылы мұндай тұрғын үй 3 мың қатысушыға берілді).

 

2 мыңнан астам қазақстандық әскери қызметкер тұрғын үй сатып алуға займ алды

2020 жылы «Әскери өнім» бағдарламасы бойынша 2 362 қазақстандық әскери қызметкер мен арнайы орган қызметкерлері, тұрғын үй төлемдерін алушылар «Отбасы банктен» жалпы сомасы 51,8 млрд теңгеге қарыз алды. Оның 1 888-і 15% көлеміндегі бастапқы жарнаны салып, жылдығы 8%-бен тұрғын үй займын алды. Тағы 474 әскери қызметкер өз есепшотында тұрғын үй сомасының 50%-ын жинақтап, жылдығы 6%-бен тұрғын үй займын алды. Несиелендіру мерзімі — 25 жылға дейін. «Әскери өнім» бағдарламасы бойынша қарыздарды жаңа немесе қайталама нарықтағы тұрғын үй сатып алу, оның ішінде үлестік қатысу шарты бойынша тұрғын үй сатып алу үшін алуға болады.

 

«5-10-25» бағдарламасы бойынша 4 мыңнан астам займ берілді

«Шаңырақ» пилоттық жобасына қатысушыларға несие беру үшін «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ ҚР Ұлттық банкінен алынған облигациялық қарыз шеңберінде «Отбасы банк» ҚТҮҚЖБ» АҚ-ға 210 млрд теңге бөледі.

Ағымдағы жылғы 2 ақпандағы жағдай бойынша «Отбасы банк» ҚТҮҚЖБ» АҚ 90 млрд теңге бөлді, оның 70 млрд теңгесі игерілді және 6 095 қарыз берілді. 84 млрд теңге сомасына 6 396 өтінім жұмыс үстінде, оның ішінде 82,4 млрд теңге сомасына 6 280 өтінім мақұлданды.

Қалған 120 млрд теңгені Ұлттық банк ағымдағы жылдың қаңтар айында бөлуді жоспарлап отыр.

 

Бүгінгі таңда қанша қазақстандық тұрғын үй кезегінде тұр?

2021 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша республика бойынша кезекте тұрғандарды есепке алудың бірыңғай ұлттық жүйесінде 548 мыңнан астам азамат кезекте тұр, коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үй алған азаматтардың саны шамамен 40 мың адамды құрайды.

Бұдан әрі әкімдіктерде кезекте тұрғандардың ағымдағы базасы құрылған «Отбасы банкіне» беріледі, ол тұрғын үйге мұқтаж азаматтардың барлығын енгізіп, есепке қоюды және есепке алуды, сондай-ақ тұрғын үйдің қолжетімділігі сатысына сәйкес тұрғын үйді қою күні бойынша бөлуді орталықтандырып жүзеге асыратын болады. Тұрғын үйді бөлу азаматтарды есепке қою күнін (жылын) және олардың кірістерінің деңгейін ескере отырып, пайдалануға берілетін тұрғын үйдің өңірлік көлеміне байланысты жүзеге асырылатын болады, бұл кезекте тұрғандардың басым бөлігінің сұранысын қанағаттандыруға мүмкіндік береді.

 

Кезекте тұрғандарды есепке алудың бірыңғай ұлттық жүйесі

Бірыңғай ұлттық есепке алу жүйесі арқылы кезектегілер бойынша толық ақпарат айқындалады, бұл есепке қою, есептен шығару, түгендеу процестерінің ашықтығын, орталықтандырылуын, оңтайландырылуын және автоматтандырылуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Жүйе мемлекеттік органдардың 22 ақпараттық жүйесімен (МҚІА, ҚМ, ЕХӘҚМ, ДСМ, ӘМ, ЦДИАӨМ, Мемлекеттік корпорация және «ҚТҮҚЖБ» АҚ) интеграцияланған және кезекте тұрғандардың тұрғын үйге мұқтаждығы мен табысы бойынша нақты деректерді қамтиды.

Жүйе енгізілгеннен бері кезекте тұрғандар бойынша барлық деректерді тексеру кезінде түгендеу 1 млн астам сәйкессіздікті (орта есеппен әрбір отбасында 4-5 адамнан) анықтады, тұрғын үйдің болуы, табыс деңгейінің артық болуы, кезекте тұрғандар санатына сәйкес келмеуі фактілері анықталды.

 

Қазақстанда жеке тұрғын үй құрылысы қандай қарқынмен дамуда?

«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жеке тұрғын үй құрылысын дамытуды ынталандыру үшін жергілікті атқарушы органдар келесі шараларды қарастырады:

● жеке, соның ішінде аз қабатты тұрғын үйлер құрылысының типтік жобаларын тарату (бұл жобалар азаматтарға тегін ұсынылады);

● бекітілген бас жоспарлар мен егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларына сәйкес ЖТҮҚ салынатын аудандарды бөлу;

● тұрғын үй құрылысы басталғанға дейін инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымы (бұдан әрі – ИКИ) алаңдарын қамтамасыз ету;

● жер учаскелерін заңнамада белгіленген тәртіппен беру.

Сондай-ақ, жаппай тұрғын үй құрылысы салынатын аудандарға ИКИ жүргізуге жыл сайын қаражат бөлу көзделген, оның ішінде азаматтар үшін жеке тұрғын үй құрылысына бөлінетін 40 мың жер учаскесі жайластырылады.

2021-2023 жылдарға арналған бюджетті қалыптастыру кезінде 2021 жылға 83,1 млрд теңге көзделген, оның 46 млрд теңгеден астамы (немесе 55%-дан астамы) жеке тұрғын үй құрылысына ИКИ-ны қамтамасыз етуге бағытталған.

Әкімдіктердің ЖТҮҚ үшін жер учаскесін алуға кезекте тұрғандар үшін бірыңғай сәулет стилінде, оның ішінде жеке құрылыс салушыларды тарта отырып, аз қабатты үйлер салу бойынша пилоттық жобаларды ұйымдастыруы көзделген (7 өңірде 726 тұрғын үй іске асырылған). Бұл мемлекеттік-жекешелік әріптестік (бұдан әрі – МЖӘ) тетіктерінің бірі.

Бұдан басқа, жыл сайын республикалық бюджеттен құрылыс салушылардың несиелері бойынша сыйақы мөлшерлемесінің жылдық 7%-ын өтеу үшін субсидиялар бөлінеді.

Өз кезегінде, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі қолданыстағы мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесінде «ЖТҮҚ үшін жер учаскесін алуға кезекте тұрғандар тізілімі» сервисін (бұдан әрі – тізілім) енгізу бойынша жұмыстар жүргізуде.

Қазіргі уақытта техникалық талаптар бекітілді, «Тізілім» сервисі таныстырылды. Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданында бар өтініштерді тізілімге енгізу бойынша пилоттық жоба іске қосылды.

Тізілім енгізілгеннен кейін әкімдіктердің жер қатынастары жөніндегі уәкілетті органдары электрондық-цифрлық қолтаңба арқылы кезекте тұрғандардың тізімін енгізетін болады.

Осыған байланысты ЖТҮҚ үшін жер учаскелерін алуға өтініш берушілердің қолда бар деректерін ЖТҮҚ үшін жер учаскелерін алуға кезекте тұрғандар Тізіліміне енгізу жөніндегі Жол картасы бекітілді.

Тізілім деректерімен толтырылғаннан кейін сәуір айында ЖТҮҚ үшін жер учаскесін алуға өтініш электрондық үкімет порталы арқылы берілетін болады.

Сондай-ақ, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастарын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы әзірленіп, 2021 жылға арналған заң жобалау жұмыстарының жоспарына енгізілді (заң жобасын Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне енгізу мерзімі – 2021 жылғы маусым), онда ЖТҮҚ үшін жер учаскелерін беру үшін ИКИ жүргізілген бос алаңдарды ұлғайтуға ықпал ететін нормалар көзделген, бұл халықтың көп бөлігін тұрғын үйлермен қамтамасыз етуге және ЖТҚ үшін жер учаскесін алуға кезектілікті айтарлықтай қысқартуға мүмкіндік береді.

 

Құрылыс саласын цифрландыру

Құрылыс процестерінің ашықтығын күшейту және объектілер құрылысының сапасын бақылауды қатаңдату құралдарының бірі Е-құрылыс жобасын (бірыңғай ақпараттық жүйе) іске асыру болып табылады.

Бірыңғай жүйені енгізу арқылы қағаз құжат айналымын одан әрі түзету мүмкіндігінсіз тікелей жүйеде қажетті атқарушылық техникалық құжаттарды қалыптастыру жолымен едәуір қысқарту жоспарланып отыр, бұл да құрылыс процестерінің ашықтығын арттырады.

Жүйе құрылыстың барлық кезеңдерін — қазаншұңқырдан бастап құрылыстың аяқталуына дейінгі кезеңді қамтиды. Жасырын жұмыстардың барлығы актілермен жабылып қана қоймай, фото және бейне форматта сақталатын болады.

Қажет болған жағдайда бұл жүйе халықты әлеуметтік қорғау органдарын, өртке қарсы, санитарлық-эпидемиологиялық қызметтерді және басқа да мүдделі органдарды қосуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар «бір терезе» қағидаты бойынша құрылыс жүргізуді ұйымдастыру үшін бірыңғай жүйені енгізу шеңберінде техникалық қадағалаушылардың ай сайынғы есептерін беру автоматтандырылды.

Бұл бірыңғай алаң техқадағалаудың еңбек қызметінің объектілері бойынша техқадағалауды бақылауға және еліміздің әртүрлі өңірлерінде қызмет көрсету фактілерінің жоюға мүмкіндік беретін есептерді тапсыруға арналған алаң.

Бүгінде барлық өңірлер осы жүйеге қосылған. Есептер электронды түрде беріледі, процесс орталықтандырылған.

Бұдан әрі Тізілімдер (ИТҚ, сарапшылар, техникалық тексеру жөніндегі, аккредиттелген сараптамалық ұйымдар), қабылданған хабарламалар базасы дәйекті түрде интеграцияланатын болады және есептілік аясында сәйкессіздіктер автоматты түрде көрсетілетін болады, бұл тапсыру мерзімдерін уақытылы қадағалауға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, қазіргі уақытта есептер бойынша отандық тауарларды қолдану объектілерінде қадағалау бойынша нормативтік және техникалық бөлік пысықталуда.

Бұдан өзге, бірыңғай жүйені енгізу мақсатында индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі «бір терезе» қағидаты бойынша құрылыс жүргізуді ұйымдастыру үшін портал мен ақпараттық жүйелерді жүргізу тәртібін айқындайтын қағидаларды бекітті.

Жалпы алғанда, мемлекеттік бақылауды күшейту және құрылыс кезінде талаптарды қатаңдату жөніндегі шаралар жүйелі түрде, оның ішінде цифрлық құралдарды қолдана отырып қабылданады.

Бұл мәселе тұрақты бақылауға алынған.

Сондай-ақ 2021 жылы лицензиаттардың бірыңғай тізілімін құру жоспарланып отыр, ол әрбір лицензиат туралы мәліметтер алу үшін (жұмыс тәжірибесі мен өтілі, енгізілген объектілер, дербес және қосалқы мердігерлік ұйым ретінде, материалдық-техникалық жарақтандырылуы, білікті кадрлардың құрамы, салық аударымдарының болуы және т.б.) басқа мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен интеграцияланатын болады.

Бұл жұмыс істемейтін ұйымдарды (техникалық қадағалау, техникалық тексеру және лицензиаттар) анықтауға және құрылыс өнімдерінің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар ақпараттық модельдеу технологиясын (BIM-технологияларды) Қазақстан Республикасының құрылыс саласына енгізу жөніндегі іс-шаралар жоспары (ҚР Инвестициялар және даму министрінің 2017 жылғы 11 сәуірдегі №197 бұйрығымен бекітілген, бұдан әрі — іс-шаралар жоспары) шеңберінде ТИМСО (BIM-технология) енгізу жүзеге асырылуда.

Сондай-ақ, іс-шаралар жоспарының 8-тармағына сәйкес «Нормативтік құқықтық актілер және нормативтік техникалық құжаттар» СҚҚК-1.1 (бұдан әрі — СҚҚК -1.1) цифрлау көзделген.

Цифрландыру НҚА және СҚҚК 1.1 қағаз нормативтік талаптарын автоматтандырылған тексеру алгоритмдерін кейіннен құру мақсатында цифрлық форматқа көшіру жөніндегі жұмыстарды орындауды білдіреді, бұл адами фактордан туындаған қателерді уақытылы анықтау проблемасын шешуге мүмкіндік береді, ал келешекте тексерулерді автоматтандыру және ақпараттық модельдерді сараптау үшін жағдай жасайды.

СҚҚК 1.1 цифрландыру аясында биыл сәулет-қала құрылысы каталогындағы барлық құрылыс ұғымдары бір мәнді түсіндірілетін цифрлық тезаурус қалыптастыру жоспарлануда. Осыдан кейін қалыптастырылған тезаурус негізінде шамамен 500 негізгі құжат, оның ішінде 2021-2023 жылдар кезеңінде 195 құжат кезең-кезеңімен автоматтандырылған тексеру форматына ауыстырылатын болады. Яғни, осы жұмыстың нәтижелері бойынша әрбір құрылыс объектісінің ақпараттық цифрлық модельдері жобалық шешімдердің техникалық қауіпсіздігі талаптарына автоматтандырылған режимде тексеріледі деп болжанады, бұл сәйкесінше әртүрлі апаттар қаупін азайтады, әртүрлі сараптамалардың сарапшыларының жұмысын автоматтандыруға мүмкіндік береді және сәйкесінше жобалардың сапасы мен олардың құнын есептеуге оң ықпал етеді.

Осылайша, 2021-2022 жылдары СҚҚК 1.1 енгізілген құжаттарды цифрландыру бойынша іс-шараларды кезең-кезеңімен іске асыру жоспарлануда:

автоматтандырылған тексеру форматына мәтіндік талаптарды аударуға бағытталған және келесі жұмыстарды қамтитын СҚҚК-1.1 «сегментті цифрландыру» (НҚА және НТҚ жиынтығы):

● НҚА және НТҚ мәтінінің семантикалық түсініксіздігін (синтаксистік девариациясын) жою;

● талаптарды анықтау мақсатында НҚА және НТҚ мәтінін белгілеу;

● НҚА/НТҚ талаптарын ресімдеу және ережелерді қалыптастыру;

● қателерді (қайшылықтарды) тексеру және жою мақсатында тартылатын сараптамалық топтың (құрылыс саласындағы сарапшылардың) жұмыстарын ұйымдастыру);

● осы ережелерді автоматтандырылған тексеру форматына көшіру.

2020 жылы шарт шеңберінде 237 839 мың теңге сомасына жұмыс орындалды, бюджет қаражаты 100% игерілді.

 

2021 жылға арналған жоспарлар мен міндеттер

Биыл 17 млн м2 тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарлануда, инвестициялар көлемі 2,2 трлн теңгені құрайды.

2021 жылы «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде қаржыландырудың барлық көздері бойынша 15,2 млн м2 тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарлануда, оның ішінде мемлекеттік қолдау қаражаты есебінен 12 мыңнан астам әлеуметтік жалға берілетін тұрғын үй, 10 мыңнан астам қолжетімді кредиттік тұрғын үй және тұрғын үй сатып алу үшін 8,8 мың жеңілдікті қарыз беру көзделген.

Құрылыстағы кәсіпкерлік белсенділікті арттыру мақсатында нормативтік реттеуді жетілдіру, құрылыс процестерін, BIM технологияларын цифрландыруды енгізу, қазіргі заманғы технологияларды, үлгілік жобалау құжаттамасын ескере отырып, жаңа нормативтік техникалық құжаттарды әзірлеу, қала құрылысын жоспарлауды, кадастрды және құрылыс материалдары өндірісін дамыту жоспарлануда.

Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың тапсырмаларын орындау үшін тұрғын үй саясатын дамыту жөніндегі одан әрі шаралар пысықталуда.

2021 жылдан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша толыққанды даму және қолдау институты — «Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ жұмыс істейді.

Бұдан әрі әкімдіктерде кезекте тұрғандардың ағымдағы базасы құрылған «Отбасы банкіне» беріледі, ол тұрғын үйге мұқтаждардың барлығын есепке қоюды және есепке алуды, сондай-ақ тұрғын үйдің қолжетімділік сатысына сәйкес тұрғын үйді қою күні бойынша бөлуді орталықтандырып жүзеге асыратын болады.

Бұл қолжетімді тұрғын үй беру, жеңілдікпен кредит беру, тұрғын үй сертификаттарын және зейнетақы жинақтарын пайдалану жөніндегі «Тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі орталық» болады.

Тұрғын үйді бөлу азаматтарды есепке қою күні (жылы) және олардың кірістерінің деңгейі ескеріле отырып, пайдалануға берілетін тұрғын үйдің өңірлік көлеміне қарай жүзеге асырылатын болады.

Бұл кезекте тұрғандардың көпшілігі арасында сұранысты қанағаттандыруға мүмкіндік береді, олардың саны 2021 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 548 168 адамды құрайды.

Бұдан өзге Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына арнаған Жолдауында берген тапсырмаларына сәйкес, азаматтарды қолдаудың мемлекеттік шарасымен қамтуды ұлғайту мақсатында жеке тұрғын үй қорынан жалға алынатын тұрғын үй үшін жалдау ақысын субсидиялау, сондай-ақ жеке құрылыс салушыларды ауылда тұрғын үй салуды ынталандыру тетіктері қосымша әзірленуде.

Сондай-ақ тұрғын үйді іске қосу көлемін және халық үшін ұсыныстарды ұлғайту мақсатында оффтейк-келісімшарттарды енгізу мәселесі қарастырылуда, олар бойынша құрылыс компаниялары кезекте тұрғандар үшін тапсырыс бойынша құрылысты жүзеге асыратын болады.

Сонымен қатар ҚР ИИДМ Президент Қ. Тоқаевтың тұрғын үй саясатын жетілдіру бойынша ұсыныстардың жаңа пакетін енгізу жөніндегі тапсырмасын орындау шеңберінде жалға берілетін тұрғын үй құрылысына жеке инвестицияларды тарта отырып, тұрғын үй құрылысының жаңа тетігін әзірлеуді жоспарлап отыр. Осы тетік аясында Жеке құрылыс қорларын құру туралы шешімдер қаралатын болады. 

Осы шараларды іске асыру қолданыстағы заңнамаға түзетулер енгізілгеннен кейін «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылатын болады.

Сондай-ақ кредиттік тұрғын үй құрылысының көлемін ұлғайту және «5-10-20» жобасын жалғастыру ұсынылады (кезекте тұрғандар үшін Отбасы банкі арқылы жылдық 5%-ға дейін жеңілдікті қарыздар беру). Ол үшін жыл сайын республикалық бюджеттен Отбасы банкі арқылы 420 млрд теңге бөлу қажет. Бұл жеке құрылыс салушылар мен әкімдіктерге жыл сайын тіркелген бағамен 35 мың пәтер салуға мүмкіндік береді. Осы тетік арқылы 1 ең төменгі күнкөріс деңгейінен жоғары табысы бар 353 мың адам (10 жыл ішінде) қолдауға ие болады.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу