Emblem
Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің
ресми ақпараттық ресурсы
Menu
Emblem
Close button

2021 жылдың 5 айында ішкі тауар айналымы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 15,8%-ға өсті — Б. Сұлтанов

Сейсенбі, 13 Шілде 2021, 17:59:08

ҚР сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов халықпен есептік кездесуі аясында ведомствоның 2020 жылғы жұмыс қорытындылары, сондай-ақ 2021 жылға арналған жоспарлары мен міндеттері туралы баяндады.

Оның айтуынша, 2020 жылдың қорытындысы бойынша ЖІӨ-нің төмендеуі экономиканың көптеген секторларына, оның ішінде сауда саласына теріс әсер еткеніне қарамастан, 2021 жыл негізгі экономикалық көрсеткіштердің өсуінен басталды. Осылайша, ішкі сауда саласының, сондай-ақ шикізаттық емес экспорт көлемінің өсуі біртіндеп қалпына келтірілуде.

Министрліктің жоспарлары туралы айта келе, Бақыт Сұлтанов қызметтің 5 негізгі бағытын атап өтті, олардың біріншісі – ішкі сауда.

Карантиндік шектеулерді қабылдау салдарынан сала көрсеткіштерінің айтарлықтай төмендеуі аясында ішкі саудадағы белсенділіктің біртіндеп қалпына келуі байқалады. 2021 жылдың 5 айында ішкі тауар айналымы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 15,8%-ға өсті.

«Төтенше жағдай кезінде енгізуге мәжбүр болған қатаң карантин сауда және басқа да нысандардың толық тоқтауына әкелгені белгілі. Осы кезеңде 1 трлн теңгеден астам сауда айналымы шығын болды. Алайда, бүгінгі көрсеткіштердің маңызды сипаттамасы – осы жылдың бес айы 0,5 трлн теңгеге 2019 жылғы пандемияға дейінгі көрсеткіштен алда тұр», — деді ҚР СИМ басшысы.

Сауда осы жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша ЖІӨ құрылымында шамамен 14,7% үлесі бар экономиканың негізгі саласы болып табылады. Пандемия салдарынан сауданың үлесі азайды, сондықтан қазір оның дамуына ерекше көңіл бөлінуде.

2020 жылы нақты көлем индексі 2019 жылмен салыстырғанда 14,4 п. т. төмендеп, 92,7%-ды құрады. Бірақ, алғашқы 5 айда алдын ала деректер бойынша қалпына келу байқалады және саудада нақты өсім өткен жылмен салыстырғанда +6,7 п.т. құрады. Саланың өсу серпініне халықты жаппай вакциналау нәтижесінде карантиндік және шектеу шараларының әлсіреуі оң әсер етеді. Мұны әлемдік сарапшылардың болжамдары растайды.

ХВҚ болжамына сәйкес, 2021 жылы шамамен 50% вакцина алған халық үлесі бар вакцинация қарқыны бойынша көшбасшы елдерде экономика 5,7% деңгейінде өседі деп күтілуде. Сонымен қатар халықтың төрттен бір бөлігінен аспайтыны екпе алған дамыған елдерде экономика биыл 3,3% деңгейінде өседі деп болжанған.

«ХВҚ болжамы бойынша Қазақстанда 3,2%-ға экономикалық өсім күтілуде. Егер халық белсенді түрде екпе алатын болса, онда тиісінше жалпы экономиканың және сауданың өсу қарқыны артады», — деді ол.

Өткен жылғы бизнесті қолдаудың дағдарысқа қарсы шаралары сауда саласындағы төмендеуді едәуір дәрежеде жоюға мүмкіндік берді. Мәселен, 2020 жылы елдегі төтенше жағдай кезінде өңірлердің әкімдіктері 473 сауда орталығы мен 337 базарда шағын және микробизнес субъектілерін жалдау ақысынан босату және оны төмендету бойынша жұмыс жүргізді.

Карантиндік және шектеу шараларына қарамастан, 2020 жылы саудаға жалпы сомасы 181,7 млрд теңге инвестиция тарту мүмкін болды. Жыл басынан бері инвестициялық белсенділіктің айтарлықтай жанданғаны байқалады.

Осы жылдың 5 айында саудаға салынған инвестициялар 142 млрд теңгені құрады, бұл 2020 жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 20,1%-ға артық (2020 жылы – 117,4 млрд теңге) және 2019 жылдың деңгейінен асып түсті (2019 жылы – 127,8 млрд теңге).

Сауда саласы халықты жұмыспен қамтуда маңызды рөл атқарады. Саланың қалпына келуі жұмысшылар санының өсуіне әкелді. Тек 1 тоқсанда жұмыспен қамтылғандар саны 2020 жылдың қаңтар-наурызымен салыстырғанда 20,8 мыңға және 2019 жылдың 1 тоқсанымен салыстырғанда 57,3 мың адамға өсті.

Бүгінде сауда саласында 1,5 млн жуық адам (1 млн 456 мың адам) еңбек етеді – бұл елдегі барлық жұмыспен қамтылған халықтың 16,6%-ы.

Министрліктің міндеті – өндірістік-өткізу тізбегінің барлық қатысушыларының: өндірушілер мен трейдерлердің, логистер мен тасымалдаушылардың, сатушылардың және тұтынушылардың мүдделерінің теңгерімін қалыптастыру. Бұл тепе-теңдікті қамтамасыз ету үшін барлық процестің нақты үйлесуі, көрсетілген тізбектің барлық кезеңінде ойыншылардың еркін және ашық бәсекелестігі қажет. Тек осы жағдайда сауда жүйесі сөрелерде әділ, негізделген және болжамды бағаны қамтамасыз ете алады.

Мұндай қағидаларды бұзу пандемияның әсеріне байланысты проблемаларды туындатты. Бұл соңғы бір жарым жыл ішінде азық-түлік бағасының өсуіне әкелді. Үкімет дер кезінде әрекет етуге тырысты және ӘМАТ-қа бағаларды тұрақтандыру жөніндегі жол картасын қабылдады, онда үш жүйелі міндетті шешу жөніндегі шаралар айқындалды:

  1.  нарықты тауарлармен толықтыру;
  2.  қатысушылардың үйлесімді өзара іс-қимыл жасауы;
  3. инфрақұрылымды дамыту арқылы барлық жұмысты жүйелеу.

«Үйлесімділіктің болмауының жарқын мысалы – картоп пен оның соңғы екі аптада жетіспеушілігі. Солтүстікте күзгі картоп таусылып, оңтүстікте жаңа дақыл жиналған кездегі нарықтағы теңгерімсіздік уақытылы аймақаралық ағынмен реттелуі керек. Оның ішінде, егіс кезеңінде тұтыну үшін қажетті тауар көлемін белгілі бір аймақтың форвардтық сатып алуы – брондауы. Бұл үшін жергілікті атқарушы органдардың ресурстары бар», — деді Бақыт Сұлтанов.

Нарықты жүйелі түрде толықтыруға жоғары сұранысқа ие тауарларды өндіру мен қайта өңдеуді ынталандыру шаралары да ықпал етеді – бұл салалық мемлекеттік органның міндеті және ол жол картасында көрсетілген.

Сауда саласында жүргізіліп жатқан барлық құрылымдық өзгерістердің басты мақсаты – еркін бәсекелестікті, тауарлардың кедергісіз өтуін, сауда ағындарының, бірінші кезекте азық-түліктің үздіксіздігі мен болжамдылығын қамтамасыз ету. Бүкіл жүйені дұрыс жолға қою ойыншылар жұмысындағы ауытқуларды реттейді және әділ баға қалыптастырады.

«Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап Қазақстан нарықтық экономика қағидаттарында дамып келеді. Ол жеке меншік, еркін кәсіпкерлік және нарықтық баға белгілеу секілді негізгі принциптерге негізделген. Жекелеген жағдайларда нарыққа араласудың мәжбүрлі әкімшілік құралы – шекті бағаларды белгілеу бар. Оған өткен жылы пандемия басталған кезде жүгінуге тура келді. Ол кезде әлемдік дүрлігуге байланысты бағалар бүкіл әлемде өсті. Бұл шаралар іске асты: ішкі нарық азық-түлікпен қамтамасыз етілді, тапшылық болған жоқ», — деп түсіндірді ол.

Вакциналаудың арқасында Қазақстанда да, әлемде де экономикалық белсенділік біртіндеп қалпына келтірілуде. Енді басты міндет – нарық салауатты бәсекелестікке және теңгерімді баға белгілеуге оралуы тиіс. Барлық процестердің ашықтығы қазіргі заманғы сауда инфрақұрылымын құру арқылы қамтамасыз етіледі.

2020 жылдан бастап Ұлттық тауар өткізу жүйесін құру жұртшылықпен, фермерлермен, сауда желілерімен кеңінен талқыланып келеді. Бұл процеске жеке сектор тартылғанын ескере отырып, инвестордың бастамасы ұзақ уақыт бойы мемлекеттік органдарда сараптамадан өтті. Тек қазір МЖӘ шартына қол қою кезеңіне шығамыз.

ҰТЖ 24 көтерме-тарату орталығынан тұратын болады. Жобаның бірінші кезеңінде – 7 нысан.

Бұл:

  • Сақтау бойынша 4 КТО. Ақсу және Мичурино қалалары ауданында (Павлодар облысы) картоп пен сәбіз қабылдауға арналған. Ал Қапшағай (Алматы облысы) және Шу (Жамбыл облысы) қалалары ауданында – пияз қабылдау үшін.
  • Бөлу бойынша 3 КТО. Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкентте – өнімді жергілікті бөлшек сауда желілеріне, интернет-дүкендерге және басқа да көтерме сатып алушыларға жеткізу үшін.

Ұлттық тауар өткізу жүйесі экожүйесінің негізгі бөлігі бірыңғай ақпараттық жүйе болады. Ол тауар ағындарының ашықтығын қамтамасыз етуге, ішкі нарықта тауарларға сұраныс пен ұсыныстың теңгерімін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта Министрлік сауда-өткізу тізбегін модельдеу бойынша аналитикалық платформаны құрып жатыр. Ол өндіріспен, өңірлердегі тұтыну бойынша болжамдармен, қандай да бір өнімнің артық немесе тапшылық тәуекелімен және баға белгілеу процесімен байланысты ахуалды көруге көмектеседі. Бұл ақпарат қажет болған жағдайда барлық қатысушылардың мүдделері үшін нарықты теңгерімдеу бойынша шаралар қабылдауға мүмкіндік береді.

Мемлекеттің экономикалық саясаты сұраныс пен ұсыныс негізінде қалыптасатын әділ нарықтық баға белгілеуге бағытталған.

Бұл тұрғыда тұтынушылардың құқықтарын қорғау жүйесінің міндеті – Қазақстан азаматтарын қауіпсіз және сапалы тауарлармен және қызметтермен қамтамасыз ету.

Министрлік қызметінің екінші бағыты – тұтынушылардың құқықтарын қорғау.

2020 жылы қазақстандықтардың 20 мыңнан астам шағымы қаралды (2019 жылға қарағанда 3,5 есе көп). 250 млн жуық теңге қайтарылды.Мысалы, Бек Эйр әуекомпаниясына бастамашылық жасалған талап арыздар бойынша жалпы сомасы 110 млн теңгеден асатын 1,7 мыңнан астам тұтынушының құқығы қорғалды.

2021 жылдың басынан бері 6 мыңнан астам өтініш қаралып, тұтынушыларға 70 млн теңгеден астам қаражат қайтарылды.

Шағымдардың ең көп саны көлік, бөлшек сауда, тұрмыстық және туристік қызметтер саласындағы қызметтердің сапасына келеді. Осыған байланысты тұтынушылардың экономикалық мүдделерін қорғау және қолдау үшін 2020 жылы «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңға түзетулердің 1-топтамасы қабылданды.

Соның нәтижесінде тұтынушылардың шағымдарын қараудың 3 сатылы механизмі, «мемлекеттік» бақылау енгізіліп, кәсіби мамандар арасынан құқық қорғаушылар тізімі қалыптастырылды. Сонымен қатар тұтынушылардың проблемаларын қарау мәртебесі Үкімет жанындағы Ведомствоаралық кеңеске дейін көтерілді.

Заңнамалық өзгерістер қоғамдық бақылау құралдарын кеңейтіп қана қоймай, бизнесті тұтынушылардың талаптарын «осы жерде және қазір» қағидаты бойынша қанағаттандыруға итермеледі.

5 ай ішінде 153 тұтынушы сотқа дейінгі тәртіпте мәселелерді жедел шеше алды. Бұған биыл іске қосылған «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейтін – «е-Тутynushy» шағымдарды қабылдаудың ақпараттық жүйесі де ықпал етті. Бүгінгі таңда бұл платформа тұтынушылық шағымдарды салалар, дау мәні, қарау субъектілері тұрғысынан бақылауға мүмкіндік береді. Бұл, өз кезегінде, түрлі талдамалық деректерді қалыптастыруға, азаматтардың тыныс-тіршілігінің барлық салаларында жүйелі проблемаларды анықтауға және шешуге мүмкіндік береді.

«Биыл біз тұжырымдама жобасын “Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы” заңға түзетулердің екінші пакетіне әзірлеуге кірістік. Ол құқық қолдану практикасында әртүрлі түсіндірмелері бар құқықтық олқылықтарды, анық емес нормаларды жоюды көздейді. Тұтынушылардың өз құқықтарын, ал бизнестің өз міндеттерін түсінуін қиындататын олқылықтар да бар», — деді Б. Сұлтанов.

Пандемия электрондық коммерцияда құқықтарды қорғауды жетілдіру қажеттілігін көрсетті. Тек 2020 жылы Министрлікке интернет-дүкендердің іс-әрекеттеріне және онлайн-қызметтердің жосықсыз көрсетілуіне шағымданған 689 адам жүгінді. Қабылданған шаралардың нәтижесінде тұтынушыларға 13,2 млн теңге қайтарылды.

2021 жылдың бес айында 556 қазақстандық шағыммен жүгінді, оларға шамамен 7 млн теңге қайтарылды. Осыған байланысты, тұжырымдама жобасында электрондық сауданы тұтынушылардың құқықтарын қорғауды күшейтуге арналған жеке бөлім қарастырылған. Электрондық саудаға қатысушылардың құқықтары мен міндеттері нақты айқындалатын болады.

Осы бағытта жүргізіліп жатқан кешенді жұмыс тұтынушылардың құқықтарын қорғау процесіне азаматтық қоғамды неғұрлым белсенді тартуды қамтамасыз етеді деп күтілуде. Сондай-ақ бұл кәсіпкерлерді тауарлардың сапасын және бизнесті жүргізу мәдениетінің деңгейін арттыруға ынталандыратын болады және 2025 жылға қарай тұтынушылардың өз құқықтарын қорғаумен қанағаттануын 80%-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді.

Техникалық реттеуді сауда және интеграция министрі қызметтің үшінші бағыты ретінде атап өтті.

«Стандарттау және сертификаттау жүйелері де өнім сапасы айналымының өсуін ынталандыруға арналған. 1 шілдеден бастап Техникалық реттеу туралы жаңа заң күшіне енеді. Заңмен нарықты қадағалау институты құрылады, ол “анықтау – сынау – нарықтан шығару” схемасы бойынша жұмыс істейді», — деді министр.

Зертханалық сынақтар жүргізу үшін қауіпсіз емес өнімдердің үлгілерін іріктеу рәсімі енгізіледі. Бұл ретте өнімді онлайн — сертификаттау және аккредиттеу ақпараттық жүйелері арқылы қадағалайтын болады.

Кейіннен электрондық сертификаттар Еуразиялық экономикалық комиссияның жалпы процестерімен интеграцияланатын болады. Жаңа енгізілімдер техникалық реттеу саласындағы бақылау-қадағалау қызметінің ашықтығы мен тиімділігін қамтамасыз етеді.

Бизнес-қоғамдастық пен тұтынушыларды жаңа заңнама туралы хабардар ету мақсатында жаппай ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді. 100-ден астам іс-шара, оның ішінде брифингтер өткізілді, телеарналарда сөйледі, әлеуметтік желілерде жарияланымдар жасалды. Осылайша, бизнес-қоғамдастықтың техникалық реттеу және метрология саласында жаңа тәсілдерді енгізуге жоғары дайындығы байқалады.

Бақыт Сұлтанов айтып өткендей, министрлік заманауи зертханалық базаны дамытуға көп көңіл бөледі. Осы жылы Қазақстанда бірнеше бірегей зертхана аккредиттелді.

С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті базасында саудадағы өзара техникалық кедергілерді жою үшін құрылған биологиялық қауіпсіздік жөніндегі Қазақстан-Қытай зертханасы ашылды. Ол «Бір белдеу, бір жол» зертханаларының тізіміне енгізілген және ҚХР-да аккредитация алуды жоспарлап отыр.

Алдағы жылдары университет аккредиттеуге тағы екі зертхананы дайындап жатыр. Біреуі – жем-шөп пен сүтті зоотехникалық талдау. Екіншісі – шикізат пен тамақ өнімдерінің азық-түлік қауіпсіздігі. Бұған дейін қазақстандық кәсіпкерлер аталған зерттеулерді шетелде жүргізген болатын.

Осы жылы электромагниттік үйлесімділік бойынша сынақ зертханасы жұмыс істей бастады, ол әр түрлі техника түрлерінің қауіпсіздігін сынайды — Эхосыз камера (БЭК). ТМД-да БЭК аналогтары жоқ.

Қазақстанда осындай зертханаларды ашу қазақстандық бизнеске уақытша және қаржылық шығындарды кем дегенде 3 есе қысқартуға мүмкіндік береді. Бұдан өзге зертханалардың болуы контрафактілік және қауіпсіз емес айналымды шектей отырып, импорттық өнімді сынауды уақытылы және жоғары деңгейде жүргізуге мүмкіндік береді.

Цемент өнімдерін өндірушілер мен «Сапа Интерсистем» сынақ зертханасының ынтымақтастығы Қазақстанда цементті сынау бойынша толық жинақталған алғашқы зертхананы құруға әкелді. Бұл ішкі нарықты қауіпсіз емес және сапасыз өнім импортынан қорғауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ отандық өндірушілер үшін өнім өткізу қамтамасыз етіледі.

Министрлік қызметінің төртінші бағыты – экспорт.

COVID-19 вирусынан туындаған экономикалық және әлеуметтік толқулар әлемдік саудаға қатты әсер етті. БҰҰ ЮНКТАД деректері бойынша 2020 жылы халықаралық сауда көлемі 9%-ға: тауарлар саудасы 6%-ға және қызметтер саудасы 16,5%-ға қысқарды. Бұл ретте Қазақстанның сыртқы сауда айналымы 2020 жылы 13%-ға өсті, шикізаттық емес тауарлар мен көрсетілетін қызметтер экспорты 13,5%-ға төмендеді.

«Карантиндік шектеулер мен жеткізілім тізбегінің бұзылуы азық-түліктік емес тауарларға сұраныстың 20%-ға төмендеуіне әкелді. Сонымен қатар локдаундар ауыл шаруашылығы тауарларының саудасына әсер етті. Елдердің базалық азық-түлік өнімдерін дүрлікпе сатып алуы қазақстандық өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын 18,1%-ға арттыруға мүмкіндік берді», — деп атап өтті ҚР СИМ басшысы.

Ішкі нарықтың тұрақтылығын және экспорттың болжамды көлемін қамтамасыз ету үшін көршілес елдермен (Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Иран және Ресей Федерациясы) маусымаралық және егін жинау кезеңінде картоп, пияз, сәбіз және қырыққабатты өзара жеткізу туралы форвардтық шарттар жасасу жоспарлануда.

Жаппай егін жинау кезеңінде Қазақстан көрші елдерге шамамен 765 мың тонна көкөніс жеткізе алады. Бұл ретте отандық нарық 280 мың тонна импорттық ерте пісетін көкөністермен уақтылы қамтамасыз етілетін болады. Нәтижесінде осы өнімдерге баға ауытқуының күтілетін серпіні 7-10% дәлізінде болады.

Жалпы, шикізаттық емес экспорттың ұлғаюына министрлік жүргізіп отырған проактивті экспорттық саясат ықпал етеді. Ведомство экспортты $13,5 млрд-қа ұлғайту болжамымен өнімнің 16 басым түрін анықтады, әрбір экспорттаушымен процесс сөзбе-сөз «қол режимінде» пысықталуда.

Мәселен, бірнеше апта бұрын ҚР Сауда және интеграция министрлігі Қазақстан Республикасының Катардағы Елшілігімен бірлесіп «халал» қазақстандық ет өнімдерін (бұқтырылған сиыр еті мен қой еті, шұжық өнімдері, жартылай дайын ет өнімдері: қуыруға арналған шұжықтар, сиыр етінен жасалған стейктер, котлеттер) өндіруші — «Первомайские деликатесы» компаниясына экспорттық кедергіні алып тастауға көмектесті. Компания Катарға жеткізу үшін ұзақ мерзімді келісімшарт жасасты және бірінші партия Катардағы барлық импорттық процедуралардан еш қиындықсыз өтті. Алайда, екінші партия кеденде белгісіз себептермен қалып қойды. СІМ өкілдерімен бірге мәселе нақтыланды. Нәтижесінде компания келісімшарт бойынша өз міндеттемелерін орындай алды. Қазіргі уақытта қазақстандық «Первомайские деликатесы» компаниясының өнімдері Катар сөрелерінде сатылуда.

Бүгінде Қазақстанда 600-ге жуық белсенді экспорттаушы бар. Алдағы 3-4 жылда олардың санын 1000-ға дейін жеткізу міндеті тұр. Ол үшін экспорттаушыларды қолдау бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Бірінші. 2020 жылы QazTrade компаниясының базасында кәсіпкерлерді қолдаудың жаңа құралы – экспорттық акселератор іске қосылды. Оның негізгі міндеті – қарқынды экспорттық дамуда ШОБ субъектілеріне қолдау көрсету және жаңа нарықтарға шығуға дейін сүйемелдеу.

«Өткен жылы біз Қытай бағытын таңдап, тамақ өнеркәсібі кәсіпорындарын оқыттық. 500-ге жуық компания қатысуға өтінім берді, олардың ішінен неғұрлым жоғары экспорттық әлеуеті бар 35 өндіруші іріктелді. Бүгінгі таңда жүргізілген жұмыс нәтижелері бойынша $167 млн сомасына шамамен 18 әлеуетті келісімшарт бар», — деді Бақыт Сұлтанов.

Сонымен қатар акселерация барысында өндіріс көлемінің жеткіліксіздігі проблемасы туындады. Атап айтқанда, қытай компанияларының ет өнімдеріне, өсімдік майларына, тұздықтарға және тұзға сұранысы қазақстандық қатысушылардың ағымдағы мүмкіндіктерінен 4 есе асып түседі. Мысалы, «Luqioa Food Company» (Шаньдун пр.) ірі компаниясының мұздатылған сиыр етіне жыл сайынғы қажеттілігі шамамен 70 мың тоннаны, құрғақ түйе сүтіне – 16 тоннаны құрайды. Сондықтан бұл фактор өндіріс көлемін ұлғайтуға әкелуі керек.

Бизнес-миссияларды өткізу экспортты ұлғайтуға ықпал етеді. 2020 жылдың ақпан айынан бастап Душанбе қаласында алғашқы бизнес-миссияның қорытындысы бойынша $81 млн-ға 5 келісім мен меморандумға қол қойылды, оның ішінде 4 локомотив, электр трансформатор жеткізілімі бар.

Биылғы жылдың соңына дейін эпидемиологиялық жағдайы қолайсыз елдерде тағы 9 сауда миссиясын өткізу жоспарлануда.

Екінші. 2019 жылдан бастап өндіруші зауыттан импорттаушыға дейін тауарларды жеткізу үшін өңделген өнімді экспорттаушылардың шығындарын өтеу құралы енгізілді. Қолдаудың арқасында 300-ге жуық кәсіпорын өз өнімдерін алыс қашықтықтарға жеткізе бастады. Мысалы, өтемақы Бельгияға зығыр мен рапсты, ал Жапонияға металлургиялық өнімдерді жеткізуге көмектесті.

Басым экспорттық өнімді жеткізудің оңтайлы нұсқаларын жолға қою мақсатында министрлік трансшекаралық хабтарды қалыптастыру жөніндегі жұмысты бастады. Қазіргі заманғы трансшекаралық сауда-логистикалық инфрақұрылымды дамытуда Қытаймен шекарадағы Қорғас торабы және Қазақстан-Өзбекстан шекарасындағы «Орталық Азия» ХСЭЫО «негізгі өсу нүктелері» болады. Осындай орталықтар Қырғызстан мен Ресей шекарасында құрылатын болады. Осылайша, Қазақстан аумағы арқылы өтетін халықаралық дәліздерде Шығыс-Батыс және Солтүстік-Оңтүстік осі бойынша тауарларды, жүктер мен көрсетілетін қызметтерді үйлестіру қамтамасыз етіледі.

Экспорттаушылар жеңілдетілген несиелер мен экспорттық сақтандыру алады. Бүгінгі таңда «Kazakh Export» 200-ден астам экспорттаушының 300 млрд теңгеге жуық келісімшарттарын сақтандырды. Қазақстанның Даму Банкі арқылы 170 экспорттаушы 370 млрд теңгеден астам сомаға жеңілдікпен кредит алды.

«Сонымен қатар депутаттар ұлттық институттардың шикізаттық емес экспортты ілгерілету жөніндегі қызметінің тиімділігі мәселесін көтерді. Айта кету керек, "Kazakh Export" экспорттық-кредиттік агенттік қызметін жүзеге асыратын республикадағы жалғыз мамандандырылған сақтандыру ұйымы болып табылады. Ол өңдеуші сектордың экспорттаушы кәсіпорындарына және екінші деңгейдегі банктерге сыртқы сауда операциялары кезінде төлем жасамау тәуекелінен сақтандыру қорғанысын ұсынады», — деп түсіндірді Бақыт Сұлтанов.

«Kazakh Export» жарғылық капиталының ұлғаюы шикізаттық емес экспорт көлемінің өсуіне тікелей әсер етеді. Осылайша, 105,1 млрд теңге мөлшеріндегі қалыптасқан жарғылық капитал 326,3 млрд теңге сомасында экспорттық түсімді қамтамасыз етуге мүмкіндік берді немесе тиімділігі 3-ке 1-ні құрады.

Экспорттық бағыттарды кеңейту және дамыту үшін интернет-сауданың кең мүмкіндіктері белсенді пайдаланылады. 2019 жылмен салыстырғанда 2020 жылы электрондық сауда нарығы 2,5 есе ұлғайды және оның көлемі шамамен 1 трлн теңгеге жетті.

Министрлік ЕАЭО аумағында трансшекаралық сауданы реттеуді қоса алғанда, оны одан әрі дамыту бойынша белсенді жұмыс жүргізуде.

ЖОО студенттері мен кәсіпкерлік субъектілері арасында сауаттылықты арттыруға да ерекше көңіл бөлінеді. Осыған байланысты, электрондық бизнеске көшу ерекшеліктеріне және оны одан әрі ілгерілетуге оқыту жүргізілетін білім беру бағдарламасы іске қосылды.

«Өткен есептік кездесуде мен халықаралық сауда алаңдарына қолжетімділікті қамтамасыз етуге уәде бердім, бүгін осы мәселе бойынша баяндағым келеді. Үш ірі сауда интернет-алаңы бойынша біз келіссөздердің бірнеше раундын өткіздік. Біз осы жылдың мамыр айынан бастап қазақстандықтарға Amazon, Ozon және eBay сияқты интернет-алаңдарда сауда жасауға рұқсат етілгеніне қол жеткіздік. Ал бұл біздің кәсіпкерлер үшін әлемнің 190-нан астам елімен сауда жасау мүмкіндігі. Сонымен қатар 2020 жылдан бастап Alibaba интернет платформасында тауар экспортын ілгерілетуде отандық өндірушілерге қолдау көрсетіп келеміз. Қазірдің өзінде платформада "алтын жеткізуші" ретінде жұмыс істейтін 100 отандық компания $45млн-ға экспорттық келісімшарттар жасады, олардың ішінде "Арал тұз", "Еуразиан фудс", "Агро продакт", "Ақтөбе биф" және "Саумал" сияқты компаниялар бар», — деді министрлік басшысы.

Есептік кездесуде Бақыт Сұлтанов биыл 15 маусымынан бастап Alibaba.com-ға шығару үшін жаңа 50 компанияны іріктеудің кезекті кезеңі басталғанын хабарлады. Ол 15 шілдеге дейін жалғасады.

Үшінші. Жаңа цифрлық шешімдер де экспорттық сауда шығындарын төмендетуге ықпал етеді.

Министрлік export.gov.kz Бірыңғай экспорттық портал базасында Digital-export архитектурасын қалыптастыру бойынша жұмысты бастады.

ОА елдерінің сауда рәсімдерін жеңілдету және оларды цифрлық форматқа көшіру мақсатында Еуропалық Одақпен және халықаралық сауда орталығымен бірлесіп Ready4Trade Central Asia төрт жылдық жобасы іске асырылуда. Нәтижесінде трансшекаралық талаптардың ашықтығы артады, нормативтік және рәсімдік кедергілер жойылады. Сауда рәсімдерін сақтау қамтамасыз етіледі және трансшекаралық сауда көлемі ұлғаяды.

Бесінші бағыт интеграция мәселесіне қатысты.

Экспортты ілгерлетуді тежейтін факторлардың бірі кедергілер болып табылады. Сауда бірлестіктеріне қарамастан, халықаралық сауда протекционизм саясатына және елдердің өзара шектеу шараларын қолдануына бейім. Бұл мәселеде ҚР Сауда және интеграция министрлігінің миссиясы сауда дипломатиясының құралдарын қолдану арқылы отандық бизнестің ұлттық мүдделерін қорғау болып отыр.

«Бізде нақты кейстер бар. Біздің кәсіпкерлер өнімнің қауіпсіздігіне қойылатын қосымша талаптарды орындаудан (техрегламенттерден басқа) және сәйкестікті бағалаудың қосымша рәсімдерін жүргізуден босатылған. Сондай-ақ ЕАЭО аумағы арқылы жүктерді тасымалдау кезінде оларға ішкі тарифтер ұсынылады. Бұл қазақстандық экспорттаушыларға Қазақстанның экспорттық қоржынының ассортиментін 2 есеге арттыруға мүмкіндік берді», — деді Б. Сұлтанов.

Саудадағы техникалық кедергілерді алып тастау құралдарының бірі ЕАЭО мен ТМД-да бірыңғай стандарттарды қолдану болып табылады. Бұл қазақстандық өнімді ТМД елдеріне кедергісіз жеткізуге мүмкіндік береді. Осыған байланысты мұндай МЕСТ әзірлеуді 2 есе арттыру бағдарламасы қабылданды. Сонымен, бүгінде бие мен түйенің сүтіне МЕСТ әзірленуде. Жоспарда жылқы еті, жент, ет консервілері және т.б. сияқты халал және ұлттық өнімдер бойынша МЕСТ серияларын әзірлеу бар.

Министрліктің қызметі басталғаннан бері $120 млн-нан астам сомаға 19 кедергіні алып тастау мүмкін болды. Биылғы жылы тағы 8 «сезімтал» кедергіге баға берілді. Оларды жою бизнес шығындарын $1 млн-ға қысқартуға мүмкіндік береді. Бұл бағалау көрсеткіштері, нақты әсері әлдеқайда жоғары болуы мүмкін.

«Сонымен қатар осы жылдың 1 шілдесінен бастап сауда қызметі туралы Заңға түзетулер күшіне енеді. Енді біз әріптес елдердің нарықтарында кедергілер анықталған жағдайда, жауап шараларын енгізуге құқығымыз болады. Азаматтардың ЕАЭО елдері арасында еркін қозғалысын қамтамасыз ету үшін "COVID-19-сыз саяхаттаймын" мобильді қосымшасы іске қосылды. Инновацияның маңыздылығы, коронавирустың болмауын тексеру нәтижесін қосымшаға жүктеуге болатындығында. Осылайша, КВИ-мен ауырмаған адамның өзіндік электрондық паспорты жасалады», — деді министр.

Осы 2 жыл ішінде тағы бір үлкен жұмыс жүргізілді. Мәселен, ЕАЭО-ның 2025 жылға дейінгі Даму стратегиясы бекітілді және ЕАЭО мен ДСҰ органдарында 200-ден астам отырыс өткізілді.

ЕАЭО органдарының 1 400 актісі қабылданып, ішкі нарықты қорғау шаралары бойынша 100-ге жуық нотификация ДСҰ-ға жіберілді. Сербиямен, Иранмен және Сингапурмен еркін сауда аймақтары туралы келісімдер жасалды. Бұл елдер қазірдің өзінде Қазақстан үшін отандық тауарларды жеткізу үшін неғұрлым жеңілдікті жағдайлар ұсынып отыр.

Жалпы алғанда, министрлік осы заманғы сауда жүйесін дамыту және экспорттық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру жөніндегі жұмысты жалғастыратын болады. 2025 жылға дейін шикізаттық емес экспортты ұлғайту және $41 млрд көрсеткішке қол жеткізу жоспарлануда.

Қазақстанның сауда және интеграция министрлігі өткен жылы сауданы цифрландыру бағдарламасын іске қосты. Қазіргі таңда 7 жоба жүзеге асырылуда. «Е-Тutynushy», сертификаттау және аккредиттеудің ақпараттық жүйелері және export.gov.kz Бірыңғай экспорттық портал сияқты бұрын айтылған жобалармен қатар, Тауарлардың ұлттық каталогы және Сауда бойынша аналитикалық платформа сияқты жобалар бар.

Бұл бастамалар мемлекеттік қызмет көрсету үдерісін жақсартуға және қоғамға ашық және айқын ақпарат ұсынуға бағытталған. Жыл соңына дейін аталған бастамаларды іске қосу жоспарланып отыр.

Журналистердің ұлттық стандарттарды өзектендіру және ережелерді сақтамайтын кәсіпкерлерге санкциялық шаралар қолдану туралы сұрағына жауап бере отырып, Б. Сұлтанов бірінші кезекте бизнестің міндеті сертификаттау жүйесі бойынша сақталатынын айтты.

«Сертификаттау жүйесінде сапа мен қауіпсіздік стандарттарын сақтамағаны үшін талаптар, міндеттер және тиісті әкімшілік жауапкершілік бар. Стандарттардың арнайы қоры бар. Бірнеше жыл бұрын 37% болған, ал өткен жылы стандарттарды пайдалану 50%-ға жетті», — деді Б. Сұлтанов.

Министрдің айтуынша, бұл бағыттағы жұмыс тұрақты негізде жүргізілуде. Мемлекет тарапынан кәсіпкерлердің бәсекеге қабілетті өнім жасау үшін тиісті базасы мен негізі болуы үшін Қор қалыптастыру қамтамасыз етіледі. Стандарттарды өзектендіру бойынша жұмысты осы жылдың соңына дейін аяқтау және кейбір стандарттарды қайта ресімдеу бойынша ұсыныстар енгізу жоспарлануда. Министрдің айтуынша, жылына қазақстандық жүйеге әлемдік стандарттарды енгізумен 500-ге жуық жаңа стандарт әзірленуде.

Ауа райының қолайсыздығына байланысты әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері бағасының қымбаттауы мүмкін екендігіне қатысты бүгінгі күнгі аса өзекті мәселе туралы да айтылды. Министрдің айтуынша, бұл бағытта нарықтағы азық-түлік тапшылығына жол бермеу бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде.

«Біздің міндетіміз – тауардың нарықта болуы, оның бағасы мен сапасы. Біз жергілікті атқарушы органдармен форвардтық келісімшарттар мен айналым схемаларын жасау бойынша үнемі жұмыс жүргіземіз. АӨК өнімдерін экспорттауға тыйым салу құралдары пайдаланылуы мүмкін, мәселені комиссия қарастырып жатыр. Жергілікті атқарушы органдармен өңірлер арасындағы өнімді ауыстыру және теңгерімдеу бойынша жұмыс жүргізілуде», — деді Б. Сұлтанов.


Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-ботқа жазылыңыз


Жаңалықтар тізбегі
01 Тамыз 2021, 10:17
Видеодайджест: «Аптаның айшықты оқиғалары» №122
30 Шілде 2021, 18:52
Е. Тоғжанов: Жауапкершілікті ШОБ нысандарының жұмысы үшін мемлекет барлық жағдайды жасайтын болады
30 Шілде 2021, 18:05
Alibaba, Amazon, Mundus Agri — Қазақстанның электрондық саудасы кеңеюде
30 Шілде 2021, 17:34
Қазақстан Үкіметі мен «АрселорМиттал Теміртау» АҚ арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды
29 Шілде 2021, 14:04
Ұлттық жобалар мен брендтерді насихаттау ұлттық дәстүрлерді жаңғыртуда қазақстандықтарды біріктіреді — Е. Тоғжанов
27 Шілде 2021, 17:55
Ведомствоаралық комиссия Қазақстанның бірқатар қаласында карантин шараларын күшейту туралы шешім қабылдады
27 Шілде 2021, 15:04
ҚР Премьер-Министрі А. Мамин Өзбекстанның көлік министрі И. Махкамовпен кездесті
26 Шілде 2021, 17:56
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 16 шілдедегі №493 Қаулысы
26 Шілде 2021, 17:51
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 14 шілдедегі №489 Қаулысы
26 Шілде 2021, 16:24
ҚР Премьер-Министрі А. Мамин РФ Астрахан облысының делегациясын қабылдады
26 Шілде 2021, 15:58
Қазақстан мен Eni баламалы энергия көздерін дамытады
25 Шілде 2021, 09:16
Видеодайджест: «Аптаның айшықты оқиғалары» №121
24 Шілде 2021, 11:38
А. Мамин Тәжікстан Премьер-Министрі К. Расулзодамен телефон арқылы сөйлесті
23 Шілде 2021, 20:20
«Жасыл экономикаға» көшу жөніндегі кеңес рұқсат етілмеген қоқыс үйінділері мәселелерін қарады
23 Шілде 2021, 19:40
Бүгінгі таңда Қазақстанда 8 млн доза вакцина салынды — ҚР ДСМ
23 Шілде 2021, 15:06
Жартыжылдық қорытындысы: Ақтөбе облысының әлеуметтік-экономикалық даму серпіні тұрақты өсім көрсетіп отыр
23 Шілде 2021, 10:44
Мұнай өндіру, мектептер салу және туризмді белсенді дамыту — Маңғыстау облысында қандай жобалар іске асырылып жатыр
23 Шілде 2021, 09:44
Қажмұқан Бекмұқашев ҚР ЦДИАӨМ Геодезия және картография комитетінің төрағасы болып тағайындалды
22 Шілде 2021, 18:49
ҚР Премьер-Министрі жұмыс сапарымен Ақтөбе облысына барды
22 Шілде 2021, 13:45
Биыл жол салуға бөлінген қаражат «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы бойынша жұмсалады — Маңғыстау облысының әкімі
22 Шілде 2021, 13:45
Алдағы қыс маусымына жем-шөп қорын құру үшін тиісті қаражат бөлінуде — Маңғыстау облысының әкімі С. Трұмов
22 Шілде 2021, 13:34
С. Трұмов: халықаралық деңгейдегі туризм нысандарының салынуы облыс экономикасының дамуына зор серпін береді
21 Шілде 2021, 18:27
Е. Тоғжанов коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ВАК отырысын өткізді
21 Шілде 2021, 15:38
А. Маминнің Маңғыстау облысына жұмыс сапары: туристік, көліктік және инженерлік инфрақұрылым, АӨК, цифрландыру   
21 Шілде 2021, 12:07
Үкімет басшысы Маңғыстау облысындағы құрғақшылықтан зардап шеккен фермерлік шаруашылықтарға көмек көрсетуді тапсырды
19 Шілде 2021, 21:29
Мемлекет басшысы еліміздегі эпидемиологиялық ахуал жөнінде кеңес өткізді
19 Шілде 2021, 21:23
«Бәйтерек» ҰБХ» АҚ Директорлар кеңесі ҚР Президентінің тапсырмаларын іске асыру мәселелерін қарады
19 Шілде 2021, 18:20
Рүстем Биғари ҚР білім және ғылым вице-министрі қызметінен босатылды
19 Шілде 2021, 15:46
ҚР Премьер-Министрі А. Мамин жем-шөп дайындау жұмыстарын жандандыруды тапсырды
16 Шілде 2021, 16:13
Ресейдің ірі АВТОВАЗ, РЕНО РЕСЕЙ және КАМАЗ автомобиль өндірушілері екі ел арасындағы өндірістік кооперацияларды одан әрі дамытады
14 Шілде 2021, 18:38
Ғабит Сыздықбеков ҚР Премьер-Министрі Кеңсесі басшысының бірінші орынбасары болып тағайындалды
14 Шілде 2021, 17:22
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 22 маусымдағы №429 Қаулысы
14 Шілде 2021, 17:20
ҚР Премьер-Министрі А. Мамин 4 өңірде карантиндік шараларды күшейтуді тапсырды
14 Шілде 2021, 17:04
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 28 маусымдағы №441 Қаулысы
14 Шілде 2021, 16:37
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 3 шілдедегі №460 Қаулысы
14 Шілде 2021, 16:32
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 7 шілдедегі №466 Қаулысы
14 Шілде 2021, 16:25
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 1 шілдедегі №457 Қаулысы
14 Шілде 2021, 16:20
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 1 шілдедегі №459 Қаулысы
14 Шілде 2021, 16:14
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 30 маусымдағы №449 Қаулысы
13 Шілде 2021, 17:59
2021 жылдың 5 айында ішкі тауар айналымы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 15,8%-ға өсті — Б. Сұлтанов
13 Шілде 2021, 16:15
Үкіметте 2021 жылы халық санағын өткізу бойынша ұйымдастыру мәселелері талқыланды
13 Шілде 2021, 16:08
Үкіметте Кәсіпкерлік қызметті реттеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті
12 Шілде 2021, 19:10
ВАК коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі шаралар топтамасын қабылдады
12 Шілде 2021, 14:48
Асхат Оралов ҚР ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі қызметінен босатылды
12 Шілде 2021, 12:08
Мемлекет басшысы Жоғары сот кеңесінің төрағасы Денис Шиппті қабылдады
11 Шілде 2021, 10:58
Видеодайджест: «Аптаның айшықты оқиғалары» №120
10 Шілде 2021, 16:55
ҚР Ұлттық банкі «цифрлық теңгені» енгізу бойынша пилоттық жобаны дайындап жатыр
10 Шілде 2021, 16:21
ҚР Премьер-Министрі А. Мамин ауыл шаруашылығы жаңа вице-министрі – министрінің м. а. Е. Қарашөкеевті таныстырды
09 Шілде 2021, 18:27
Қазақстан Президенті БҰҰ Бас Ассамблеясының төрағасы Волкан Бозкырмен кездесу өткізді
09 Шілде 2021, 09:15
Қанат Ысқақов ҚР АҚДМ Ақпарат комитетінің төрағасы болып тағайындалды
Депутаттық сауал
© 2019 - 2021 Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Баспасөз Қызметі.
SoftDeCo компаниясының жобасы.