2023 жылы 23,4 млн га алқапқа егін егу жоспарланып отыр

ОКҚ алаңында ҚР ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілхайыр Тамабек көктемгі егіс жұмыстарына дайындық барысы туралы айтып берді. Сонымен қатар Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің төрағасы Асқар Жақыпбаев баяндама жасады. 

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілхайыр Тамабектің айтуынша, облыс әкімдіктері деректеріне сәйкес 2023 жылғы егіс алқаптары бойынша болжам жасалды. Мәселен, биылғы жалпы егіс алаңы 23,4 млн гектар болып отыр, бұл 2022 жылғы көрсеткіштен 68,6 мың гектарға артық. Сондай-ақ дәнді және дәнді-бұршақты дақылдардың егіс алаңдарын 117 мың гектарға, азықтық дақылдар алаңдарын 36,5 мың гектарға және қант қызылшасы алаңдарын, 6,7 мың гектарға ұлғайту көзделіп отыр.

Нарық конъюнктурасының өзгеруіне байланысты мақсары, соя және қыша сияқты кейбір майлы дақылдар егілетін алаңдар шамалы қысқарады деп болжануда. Сонымен қатар күнбағыс сияқты әлеуметтік маңызы бар дақыл алқаптарын 30,8 мың гектарға ұлғайту жоспарланып отыр.

Көкөніс, бақша және картоп бойынша егіс алқабын 11,1 мың гектарға ұлғайту жоспарлануда. Ылғалды көп қажет ететін дақылдарға келетін болсақ, биыл өткен жылмен салыстырғанда мақта алаңының 14,8 мың гектарға азаяды деп болжанып отыр, ол 111,4 мың гектар болмақ. 

«Сонымен қатар Үкіметтің суды көп қажет ететін дақылдар алаңын азайту жөніндегі тапсырмасына қарамастан, күріш алаңдары өткен жылмен салыстырғанда 7,6 мың гектарға ұлғайған. Жалпы астық, көкөніс-бақша, картоп бойынша жоспарланған алаңдар ішкі нарықтың қажеттіліктерін толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», — деді Ә. Тамабек.

Маңызды міндеттердің бірі – топырақта ылғалдың жиналуы және оны ұтымды пайдалану шараларын жүргізу. «Қазгидромет» РМК деректері бойынша 21 ақпан және 1 наурыз аралығында республика аумағының басым бөлігінде жауын-шашын нормаға жақын және одан да көп түскен. Ең көп жауын-шашын батыста, солтүстікте, шығыста және оңтүстік-шығыстың таулы және тау етегіндегі аудандарында және оңтүстіктің кей жерлерінде болды. Қалған аумақта жауын-шашын нормадан аз болды.

Биылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша республиканың батысында қар жамылғысының қалыңдығы 5-16 см-ден 19-36 см-ге дейін, шеткі солтүстік-батыста кей жерлерде 42-61 см-ге дейін, солтүстікте аймақта 2-10 см-ден 12-58 см-ге дейін, орталықта 7-15 см-ден 18-39 см-ге дейін, шығыста 9-20 см-ден 22-75 см-ге дейін, таулы аймақтарда 101 см-ге дейін болды. Оңтүстік-шығыста – 2-6 см, таулы және тау етегіндегі аймақтарда – 5-23 см, Алакөл өңірінде – 74 см-ге дейін және оңтүстік-батыстың кейбір аудандарында (Атырау облысы) – 5-14 см .

«Көктемгі егіс жұмыстарын оңтайлы мерзімде сапалы жүргізу үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер қажетті ресурстармен қамтамасыз етілуде. Егіс науқанын жүргізу үшін ауыл шаруашылығы құралымдарында 149,8 мың трактор, 4,9 мыңнан астам жоғары өнімді егіс кешені, 76 мың тұқым сепкіш, 219 мың топырақ өңдеу құралы бар», — деді ауыл шаруашылығы вице-министрі.

Сондай-ақ республикада бір мезгілде бірнеше технологиялық операцияларды орындайтын 4,9 мыңнан астам заманауи егіс кешені аграрлық технологияларды сақтай отырып, дәнді дақылдар алаңдарының 70%-ын себуге мүмкіндік береді. Аталған техникалардың дайындығы – шамамен 95%, егіс жұмыстарын жаппай бастау алдында 100%-ға дайын болады.

Ауыл шаруашылығы вице-министрінің айтуынша, көктемгі жұмыстарды жүргізуге өңірлерге 413,0 мың тонна дизель отыны бөлінді, бұл өткен жылғы деңгейден 13,0 мың тоннаға көп. Энергетика министрлігімен бірлесіп, облыстарды мұнай өңдеу зауыттарына бекіту кестесі және мұнай өңдеу зауыттарымен ақпан айына белгіленген баға тоннасына 222,0 мың теңге немесе литріне 184 теңге болып бекітілді.

Қазіргі уақытта тиеп-жөнелту кестесіне сәйкес өңірлік операторлар ақпан айындағы 79,6 мың тонна немесе жоспардың 98%-ына (жоспар – 81,0 мың тонна) толығымен дерлік төлем жасады, 55,6 мың тонна немесе 69% тиеп-жөнелтілді. Ауыл шаруашылығы министрлігі өңірлерге дизель отынның тиеп-жөнелтілуіне күнделікті мониторинг жүргізеді.

Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, облыс әкімдіктерінің жедел деректері бойынша тұқым құю жоспары 100%-ға жүзеге асырылды. Фермерлер 2,4 млн тонна көлемінде тұқым қорын қалыптастырған. Сараптамаға 1,4 млн тонна жаздық дақылдар тұқымы келіп түсті. Тексерілген тұқым көлемінің 99,7%-ы кондицияланған деп танылған, сондай-ақ 93,4%-ы себу стандартының 1 және 2 кластарына сәйкес келеді.

«Сонымен қатар өңірлердегі қоймаларда тұқым қоры жиналған. 2023 жылға облыстардың жергілікті бюджеттерінде тұқым шаруашылығын дамытуды субсидиялауға 11,4 млрд теңге көзделген», — деді Әбілхайыр Тамабек.

Ауыл шаруашлығы министрінің айтуынша, мемлекеттік қолдаудың арқасында өткен жылдың қорытындысы бойынша соңғы 10 жылда алғаш рет тыңайтқыштар енгізу 667 мың тоннаға немесе ғылыми қажеттіліктің 26% деңгейіне жетті.

Биыл шамамен 704 мың тонна тыңайтқыш енгізу жоспарланған, оның 63%-ы – отандық тыңайтқыштар (аммиак селитрасы мен аммофос). Бүгінгі таңда көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін шаруаларға 112 мың тонна, оның ішінде оңтүстік өңірлерге 31 мың тонна тыңайтқыш жөнелтілді. Тыңайтқыштарды субсидиялау бағдарламасына жергілікті бюджеттерде 31,3 млрд теңге қарастырылған. Ауыл шаруашылығы дақылдарын зиянды организмдер мен арамшөптерден қорғау үшін биыл пестицидтерді субсидиялау бағдарламасына 32,6 млрд теңге қарастырылған.

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, биылғы қаңтар айынан бастап алғаш рет көктемгі егіс жұмыстарына 140 млрд теңге көлемінде қаржыландыру пысықталды (бұрын наурыз айына дейін түспейтін). Аграрлық несие корпорациясы бұл қаражаттың бөлінуін күтпей-ақ, қолда бар ресурстар есебінен желтоқсан айынан бастап қаржыландыруды бастады. Жалпы 3 200-ден астам ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерін қамтып, 2 млн гектарға жуық алқапта егін егу мен жинауды жоспарлануда. Бүгінгі таңда 132,6 млрд теңгеге 3,0 мыңға жуық өтінім қабылданып, 70,9 млрд теңгеден астам сомаға 1 263 өтінім мақұлданды.

Министрдің мәлімдеуінше, Азық-түлік келісім шарт корпорациясы арқылы да қаржыландыру жалғасады. Биыл Азық-түлік корпорациясы салаға 55 млрд теңге бөлмек, оның 20 млрд теңгесі форвардтық сатып алу бағдарламасы бойынша, 35 млрд теңгесі тауарлық несие беру есебінен жоспарланып отыр.

«Барлық мәселені жедел шешу үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі жанынан қажетті мемлекеттік органдар мен ұйымдарды, сондай-ақ облыстар мен қалалар әкімдерінің орынбасарларын тарта отырып, Жедел штаб құрылды. Қабылданып жатқан шаралар егіс науқанын сапалы және оңтайлы агротехникалық мерзімде жүргізуге мүмкіндік береді», — деді Әбілхайыр Тамабек.

Тақырып бойынша Ауыл шаруашылығы министрілігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің төрағасы Асқар Жақыпбаев баяндама жасады. 

«Мемлекет басшысының ветеринария жүйесін реформалау жөніндегі тапсырмасын орындау барысында Ауыл шаруашылығы министрлігі ветеринариялық қызметке талдау және аудит жүргізді, ветеринария салаcын жетілдіру бойынша нақты шаралар әзірленді, олар сараптамалық қоғамдастықпен, бизнеспен, салалық қауымдастықтармен және мемлекеттік органдармен бірнеше рет талқыланды», — деді А. Жақыпбаев.

Қойылған міндеттерге қол жеткізу үшін ветеринария жүйесін реформалау бойынша ұйымдастырушылық іс-шаралар жоспары (жол картасы) бекітілді, оған барлығы 55 іс-шара кіреді.

Парламент депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ветеринария мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына бастамашылық жасады, ол ветеринария саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіруге, ұзақ мерзімді кезеңде ветеринариялық қызметінің тиімділігін арттыруға бағытталған.

Заң жобасы орталық пен өңірлер арасындағы өкілеттіктерді бөлу, процестерді цифрландыру, деректерді жинау мен беруді автоматтандыру, кадрлар даярлау жүйесін жетілдіру және ветеринария саласындағы мамандардың жалақысын арттыру, оларға әлеуметтік қолдау шараларын көрсету арқылы ветеринария жүйесін реформалауды көздейді.

Заң жобасында 7 заңнамалық актіге (ҚР Кәсіпкерлік кодексі, «Ветеринария туралы», «Мемлекеттік мүлік туралы», «Мемлекеттік сатып алу туралы», «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы», «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы», «Рұқсаттар мен хабарламалар туралы» ҚРЗ) келесі бағыттар бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделеді:

- орталық пен өңірлер арасындағы функциялар мен өкілеттіктердің аражігін ажырату;

- жергілікті атқарушы органдар құрған мемлекеттік ветеринариялық ұйымдарға тән емес функцияларды алып тастау;

- жергілікті атқарушы органдар құрған мемлекеттік ветеринариялық ұйымдарға қосымша функциялар беру;

- облыстық деңгейде мемлекеттік ветеринариялық ұйым құру мүмкіндігі;

- құзыреттілікті, функциялар мен өкілеттіктерді заңнамалық деңгейде артық (шамадан тыс) нақтылауды алып тастау;

- ветеринария саласында кадрлар даярлау және мамандардың біліктілігін арттыру;

- ветеринария саласындағы мамандарды көтермелеу құқықтары;

- ветеринария саласындағы мамандардың жалақысын арттыру және әлеуметтік қолдау шараларын көрсету;

- ветеринариялық дәрігерлердің мәртебесін арттыру;

- ветеринариялық статуарлық органды (қоғамдық ұйымды) және оның қызметін анықтау;

- ветеринариялық препараттарды қолдану рәсімін Еуразиялық экономикалық одақ құжаттарына сәйкестендіру.

Асқар Жақыпбаевтың айтуынша, қазіргі уақытта заң жобасын Үкімет қорытындылап жатыр, мүдделі мемлекеттік органдардың ескертулері мен ұсыныстарын пысықтау жұмыстары жүргізілуде.

Жол картасында процестерді цифрландыру, деректерді жинау мен беруді автоматтандыру блогы үш негізгі бизнес процестен тұрады:

1. Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру

Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру үшін құлақ сырғаларын сатып алу функциясын жергілікті атқарушы органдарға беру ұсынылуда. Бұл ретте жеке қосалқы шаруашылықтарға тиесілі жануарлар үшін құлақ сырғалары өтеусіз берілетін болады, өйткені құлақ сырғаларын сатып алу бюджет есебінен жүзеге асырылмақ. Ал ұйымдасқан шаруашылықтар (шаруа қожалығы, фермерлік қожалық, жауапкершілігі шектеулі серіктестік және т.б.) өз қаражаты есебінен ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіреді және оған арналған атрибуттарды сатып алады.

Жергілікті деңгейде Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру дерекқорында түзетулерді (өзгерістерді) жүзеге асыруға мүмкіндік беретін қағидаларға өзгерістер енгізілуде.

2022 жылғы қазаннан желтоқсанға дейін Батыс Қазақстан облысында пилоттық режимде «VET-MOBILE» мобильдік қосымшасы тестілеуден өтті, 2023 жылғы 20 ақпаннан 20 наурызға дейін Түркістан облысында пилот іске асырылуда, оның аясында ветеринарлық дәрігер үшін:

- жануарлардың иелері бойынша мәліметтерді есепке қою, есептен шығару және қарау (тіркелген жануарлар тізілімі және жануарларды іздеу);

- алынған қан сынамалары бойынша тізімдеме жасау, ілеспе хатты ресімдеу және жануарларды диагностикалық зерттеу жүргізу үшін электрондық форматта қан алу актісі (республикалық ветеринариялық зертхана тізімдемелерінің тізілімі);

- «офлайн» режимде одан әрі пайдалану үшін жануарлар бойынша деректерді жүктеу (офлайн деректерді жүктеу) қарастырылған.

Сондай-ақ жануарлардың иесіне арналған мобильді қосымша арқылы бірдейлендіру мен тіркеуге көшу, оларды кейіннен ветеринариялық дәрігер белсендіре отырып, бірқатар жұмыс жүргізу жоспарланып отыр.

Бұл мүмкіндік мал иелеріне малды уақытылы бірдейлендіруге, ветеринариялық паспорт беру бойынша мемлекеттік қызметті алуға, союға, сатуға жіберуге мүмкіндік береді және жануарлар мен олардың иелерінің мәліметтеріндегі қателіктерді жоюға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы жануарларының иелеріне арналған ИСЖ мобильді қосымшасы әзірленуде. Биыл осы бағыттағы жұмыстар аяқталатын болады.

«Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру» ақпараттық жүйесіндегі «VetLab» модулі (жануарларды диагностикалық зерттеу) 2022 жылғы 9 наурыздан бастап іске асырылуда. 2022 жылдың қорытындысы бойынша «VetLab» модулі арқылы 21,4 млн зертханалық зерттеу жүргізілді.

Сонымен қатар жануарлардың аса қауіпті ауруларының ошақтарын және оларда жүргізілетін ветеринариялық іс-шараларды есепке алуға, жануарларды зерттеу деректерін АШЖБ АЖ-ға беру процесін автоматтандыруға, есепке алу атрибуттарының айналымы бойынша есепке алуды енгізуге арналған RPO (РПО) модулі іске қосылды. «RPO» модулінде 2022 жылғы қыркүйек айынан бастап Қостанай облысындағы бруцеллез бойынша 4 саламатсыз пункт бойынша жұмыстар жүргізілуде, 7 283 зерттеу енгізілді.

«Биыл облыстардағы құлақ сырғаларының жұмсалуын бақылауға және жеткізушілерге жедел беру үшін цифрлық разрядтарды автоматты түрде генерациялауға және жануарларды бірдейлендіру үшін эмиссиялық нөмірлерді алудың ұзақ рәсімін болдырмауға арналған “Процессингтік орталық” модулін пилоттық режимде іске қосу және енгізу жоспарлануда», — деді Асқар Жақыпбаев.

Комитет төрағасының айтуынша, бұл шаралар қағаз форматын алып тастауға, жұмысты жеңілдетуге, сынамаларды қабылдау және нәтижелерді беру процесін автоматтандыруға, сондай-ақ зерттеу нәтижелерін қалыптастыру және қолайсыз пункттерді жою кезінде адами факторды болдырмауға мүмкіндік береді.

2. Ветеринария саласында рұқсат құжаттарын беру

«E-AGRICULTURE» агроөнеркәсіп кешенінің салаларын басқарудың бірыңғай автоматтандырылған жүйесі (бұдан әрі – ЕАСУ), технологиялардың, бизнес-процестердің, нарықтың және оның талаптарының өзгеруіне байланысты ЕАСУ өзгертілуде, өйткені «ескі» ЕАСУ архитектурасы ескірген (монолиттік архитектура 2008 жылы әзірленген).

Бүгінде сервистік архитектураға көшумен ЕАСУ модификациясы аяқталды (шешімді құрудың сервистік тәсілі, ол салыстырмалы монолитті тәсілді әзірлеуге икемділік береді және аз еңбекті қажет етеді), GO бағдарламалаудың жаңа тіліне қайта жазылды, бұл қажет болған жағдайда бизнес-процестердің өзгеру икемділігін білдіреді. Демонстрациялар өткізіліп, жүйенің қолданыстағы барлық рөлі тексерілді. Бүгінгі таңда жүйе өндірістік пайдалануға берілді.

Сонымен қатар ЕАСУ-ға барлық рұқсат беру құжатына шығу нысандарына QR кодтарын қосу бөлігінде өзгерістер енгізілді, бұл ветеринариялық сертификаттың заңдылығын растауға мүмкіндік береді.

3. Ветеринариялық іс-шараларды жүргізу

«Ауыл шаруашылығы жануарларын уақытылы диагностикалау және вакциналау үшін заңнамалық деңгейде отандық өндірушілермен ұзақ мерзімді келісімшарттар жасасу мүмкіндігімен ветеринариялық препараттарды сатып алуды алып тастау мәселесі пысықталуда. Бұл шара қажетті уақытта өзекті штамдары бар вакциналар мен диагностикумдардың қажетті көлемде болуына мүмкіндік береді, өйткені әлемде және Қазақстанға іргелес елдерде эпизоотиялық жағдай үнемі өзгеріп отырады», — деді Асқар Жақыпбаев.

Ветеринария саласында кадрлар даярлау бойынша келесі іс-шаралар атқарылды:

1) аграрлық ЖОО-лар ветеринария бойынша білім беру бағдарламасына қойылатын талаптардың тізбесін бекітті және жұмыс берушілер мен халықаралық мамандардың пікірлерін ескере отырып, ветеринария бойынша барлық білім беру бағдарламасын жаңартты;

2) биыл ветеринариялық мамандықтар бойынша ауылдық квота 30%-дан 35%-ға дейін ұлғайтылды;

3) ветеринария бойынша білім беру грантының саны 825-тен 925 грантқа дейін ұлғайтылды;

4) білім беру гранттарының құны мемлекеттік жоғары оқу орындарында 635,0 мыңнан 955,8 мың теңгеге дейін, ұлттық жоғары оқу орындарында 1 082,6 мың теңгеге дейін ұлғайтылды;

5) өңірлерге қоныс аударатын ауыл жастары арасынан оқуға қосымша 72 грант бөлінді (бұрынғы «Серпін» жобасы);

6) Ұлттық экономика министрлігіне «Дипломмен ауылға» жобасы шеңберінде бюджеттік кредит мөлшерін ұлғайту жөнінде ұсыныстар жолданды;

7) Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің ведомстволық бағынысты ұйымдары 283 студентке практикалық сабақтар өткізді. Ветеринариялық зертхана базасында 169 студент, Ветеринария бойынша ұлттық референттік орталықта 37 студент, Республикалық эпизоотияға қарсы отрядта 77 студент оқытылды.

Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті төрағасының мәліметінше, әкімдіктер қабылдаған шараларға қарамастан, ветеринариялық дәрігерлердің жалақысы төмен болып отыр, бұл орташа айлық атаулы жалақыдан 36%-ға аз (республика бойынша орташа жалақы 312 мың теңгені, ал жоғары білімі бар ветеринариялық дәрігерлерде 126 мыңнан 252 мың теңгеге дейін). ЖАО ақпараты бойынша 2021 жылмен салыстырғанда ветеринарлық мамандардың жалақысы республика бойынша орташа есеппен 50,3%-ға өсті. Жалақының өсуіне үкімет резервінен 9 облыс (Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Павлодар, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды облыстары және Ұлытау облыстары) үшін 6 млрд теңгеден астам қаражат бөлу әсер етті.

«Сонымен қатар заңнамалық деңгейде 1 және 2 патогендік топтардың патогенді биологиялық агенттерімен жұмыс істейтін ветеринариялық мамандарға кемінде екі лауазымдық жалақы мөлшерінде еңбекақы мен сауықтыруға арналған жәрдемақыға 35% және 50% қосымша ақы түрінде әлеуметтік қорғау көрсетуге мүмкіндік беретін норма қабылданды. Бұл мақсаттарға бюджетті нақтылау кезінде 9,2 млрд теңге қарастырылуда», — деді Асқар Жақыпбаев.

Заң жобасы шеңберінде ветеринариялық дәрігердің мәртебесі мен нормативтік жүктемесін айқындау, жалақыны, қосымша ақыларды, үстеме ақыларды және әлеуметтік қолдау шараларын ұлғайту көзделеді.

«Жоғарыда аталған шараларды іске асыру ветеринарлық дәрігер мамандығының тартымдылығын арттыруға, оларды өздеріне тән емес функциялардан және қағазбастылықтан босатуға мүмкіндік береді. Ветеринариялық-профилактикалық іс-шаралардың сапалы вакциналармен және диагностикумдармен уақытылы жүргізілуін, елдегі қолайлы эпизоотиялық жағдайды қамтамасыз етеді. Бұл Ауыл шаруашылығы министрлігінің ветеринария жүйесін жетілдіру бойынша негізгі тәсілдері», — деді ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің төрағасы Асқар Жақыпбаев.

#Ауыл шаруашылығы

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу