3 016 қатты тұрмыстық қалдық полигонының 624-і ғана экологиялық және санитариялық нормаларға сәйкес – Ерлан Нысанбаев

ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев коммуналдық қалдықтарды басқару саласындағы инфрақұрылымды дамыту тақырыбы бойынша баяндама жасады. Оның ішінде министр өңірлерде инфрақұрылымды дамыту мәселесіне тоқталды. 

Экология және табиғи ресурстар министрінің айтуынша, Қазақстанда жылына 4,5 млн тоннаға жуық коммуналдық қалдық жиналады, олардың басым бөлігі бөлек жинаудың үрдісінің болмауына, қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу қуаттарының жеткіліксіздігіне байланысты полигондарда көміледі.

Қалдықтарды басқару саласының негізгі көрсеткіштері – халықты қалдықтарды шығару жөніндегі қызметтермен қамтамасыз ету және қалдықтарды қайта өңдеуді дамыту. Осылайша, Қазақстанның жасыл экономикаға көшуі жөніндегі тұжырымдамаға сәйкес ведомство тұрғындарды 2030 жылға дейін қалдықтарды шығару қызметімен 81%-дан 100%-ға дейін қамтамасыз етіп, қалдықтарды қайта өңдеуді қазіргі 24%-дан (2023 жылдың көрсеткіші) 40%-ға дейін жеткізу керек.

«Өңірлердегі қалдықтарды басқару жағдайын жақсарту мақсатында әкімдіктерге коммуналдық қалдықтарды басқару саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру жөніндегі функция жүктелген. Әкімдіктердің ақпаратына сәйкес еліміздегі 207 қала мен аудан орталығынан 130 елді мекенде әртүрлі кезеңдерде қалдықтарды бөлек жинау, 103 елді мекенде сұрыптау желілері немесе қолмен сұрыптау ұйымдастырылған», — деді министр.

2023 жылы республика бойынша қатты тұрмыстық қалдық полигондарының саны 3 016-ны құрады, оның ішінде, өкінішке орай, экологиялық және санитариялық нормаларға сәйкесі – 624.

Әкімдіктермен және орталық мемлекеттік органдармен бірлесіп, шағын және шалғайдағы елді мекендерде қатты тұрмыстық қалдық полигондарын рәсімдеу тетіктері пысықталып жатыр. Атап айтсақ, осы орындарға қойылатын міндетті ең төменгі экологиялық, санитариялық-эпидемиологиялық және құрылыс саласындағы талаптар талқылануда.

Экология және табиғи ресурстар министрінің сөзінше, қазіргі кезде әкімдіктерде осы саладағы инфрақұрылымды дамытуға қажетті құзырет бар. Атап айтқанда жер учаскелерін беру, инфрақұрылымды қосу, іс-шаралар мен экономикалық құралдарды әзірлеу, экологиялық проблемаларды шешуге арналған эмиссиялық төлемдерді пайдалану, бизнес субъектілеріне артықшылық беру, мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарттарын жасасу бойынша құзыреттері бар.

Саланы дамытуды сапалы түрде жоспарлау мақсатында әкімдіктер экологиялық заңнаманың талаптарына сәйкес коммуналдық қалдықтарды басқару бағдарламаларын әзірлеуде. Бұл бағдарлама аумақтардағы проблемалар мен ерекшеліктерді ескере отырып әзірлеуге, белгілі бір аймақтағы қалдықтарды басқарудың бүкіл жүйесін ескеруге тиіс. Бұл инвесторларды жүйелі негізде тартуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар саланың нысаналы көрсеткіштеріне қол жеткізу үшін Қазақстандағы нарық жұмысын бір ретке келтіру әрі жүйелеу мақсатында өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелерінің тетігі жұмыс істейді.

2022 жылы өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері операторының заңды мәртебесінің өзгеруін ескере отырып, Экология және табиғи ресурстар министрлігінде осы оператордың жұмысын ұйымдастыру және кейбір шараларды қайта іске қосу бойынша заңнамалық жұмыстар жүргізілді. Мәселен, өткен жылдың шілде айында қалдықтарды басқарумен айналысатын мамандандырылған кәсіпорындарға кәдеге жарату төлемдері есебінен қалдықтарды басқару саласында төлемдерді қалпына келтіру үшін Экология кодексіне Экологиялық қолдау бойынша түзетулер енгізілді. Атап айтқанда, осы түзетулер аясында ведомствоға төлем қағидаларын бекіту, ал Үкіметке тиісті төлем мөлшерлемелерін қабылдау құзыреті берілді. 

«2023 жылғы 27 қарашада қағидалар және 29 желтоқсанда төлем мөлшерлемелері бекітілді. Төлем қағидалары бүгіннен бастап күшіне енеді. Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері операторы автоматтандырылған ақпарат жүйесінде тіркеуге өтінімдерді жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлер де, қалдықтарды жинау, тасымалдау және қайта өңдеу бағытында өз бизнесін бастағысы келетіндер де бере алады», — деді экология және табиғи ресурстар министрі.

Биыл субсидиялауға 7,6 млрд теңге қарастырылды. Бұған қоса өңірлерді материалдық-техникалық жарақтандыру жүйесін жақсарту мақсатында бүгінде кәдеге жарату төлемінің қаражаты есебінен қоқыс таситын көліктерді, сұрыптау желілерін және қайта өңдеу қуаттарын сатып алу жеңілдіктерін қаржыландыру тетігі әзірленді, сыйақы мөлшерлемесі – 3%, «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ арқылы несие алу мерзімі 3 жылдан 15 жылға дейін қарастырылған.

«Жобаларға бөлінетін жалпы қаржы сомасының мөлшері 3 жылға шамамен 200 млрд теңгені құрайды. Бүгінгі таңда әкімдіктермен бірлесіп,жобалардың пулы қалыптастырылуда. Жобаларды іріктеу кезінде өңірлердің қажеттіліктері, коммуналдық қалдықтарды басқару бағдарламаларына және Қазақстанның жасыл экономикаға көшуі жөніндегі тұжырымдамаға сәйкестігі ескерілетін болады», — деді экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев.

Әрі қарай министр журналистердің сұрақтарына жауап берді. Атап айтқанда, ол 2025 жылы киік атуға әуесқой аңшылар да тартылатынын растады.

«Киік атуға әуесқой аңшылар тартылатыны туралы ақпарат тарап жатыр. Осыған не дейсіз?» — деп сұрады журналист.

«Иә, жыл басында көптеген ұсыныс түсті. Бірақ соған қарамастан біз киікті әуесқой, спорттық бағытта атуға рұқсат бермедік. Биыл тек реттеу шеңберінде ғана “Охотзоопром” деген мекеменің күшімен реттеу жұмысын бастап кетті», — деді ведомство басшысы.

Министр келесі жылға мұндай ұсыныстар аңшылық ұжымдардан көп түскенін айтады.

«Бірақ келесі жылы көптеген нормативтік-құқықтық актілерге өзгертулер енгізіп жатырмыз. Аңшылық ұжымдардан көптеген ұсыныстың бәрін топтап, содан бір жақсы жалпы ережені әзірлеп жатырмыз. Келесі жылға киікке әуесқой спорт аңшылықты ашуға әзірленіп жатырмыз. Оны ашып айту керек», — деді Ерлан Нысанбаев.

#Экология #Экология министрлігі

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу