Барлық жылу электр станциясы мен электр желісіне тексеріс жүргізілуде – Р. Скляр

Сенатта өткен «Тиімді өңірлік саясат – еліміздің орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуының негізі» тақырыбына арналған тыңдауда Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр баяндама оқыды.

«Өңірлердің теңгерімді дамуы – ұлттық басымдықтың бірі. Базалық салалар өңірлер экономикасының қозғаушы күші болып қала береді. Бұл ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, құрылыс, көлік және т.б. салалар. 2022 жылдың қорытындысы бойынша олар 3,5%-ға өсті», — деді Премьер-Министрдің бірінші орынбасары.

Оның айтуынша, әр өңірдің дамуы үшін жасалып жатқан шаралар халықтың әл-ауқатына әсер етеді. Халықтың өткен жылғы нақты ақшалай табысы 2019 жылға қарағанда 9,8 тармаққа өсті. Ең үлкен өсім Солтүстік Қазақстан (+19,5 б.б.), Павлодар (+17,6 б.б.), Қостанай (+13.7 б.б.) және Қарағанды облыстарында (+ 13.3 б.б.) тіркелді.

«Сапалы және қолжетімді көлік тұрғын үй коммуналдық және әлеуметтік инфрақұрылым – өңірлерде жайлы өмір сүру үшін негізгі факторлардың бірі», — деді Роман Скляр.

Әрі қарай Премьер-Министрдің бірінші орынбасары тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылым туралы баяндады.

Оның айтуынша, өткен жылы 3 мың шақырым жылу, сумен жабдықтау және су бұру желілері жаңартылды. Биыл 2 мың шақырымға жуық желіні қайта құру есебінен тозу көрсеткішін 50%-ға дейін төмендету жоспарланып отыр. 2029 жылға қарай бұл көрсеткіш 40%-ға дейін төмендейді.

Сумен жабдықтау қызметімен 98 қала және ауыл тұрғындарының 94%-ы қамтылған. Биыл сумен қамту қызметіне 172 млрд теңге бөлінді. Нәтижесінде қала тұрғындарының 98,7%-ы, ауыл тұрғындарының 96%-ы қамтылады. 2025 жылдың соңына дейін халықты ауыз сумен қамту 100%-ды құрайды.

Халықтың және экономиканың өсіп келе жатқан қажеттіліктерін ескере отырып, энергия көздерінің қуаттылығын арттыру шаралары жүргізілуде. Өткен жылы алғаш рет жаңа станциялар салу бойынша аукциондар өткізілді. 2026 жылға қарай Алматы, Қызылорда, Түркістан және Ұлытау облыстарында жалпы 1 700 МВт қуаттылығы бар икемді генерация көздері пайда болады.

Сонымен қатар 1 300 МВт-тан астам қосымша қуатпен жұмыс істеп тұрған электр станцияларын жаңғырту бойынша инвестициялық келісімдер қолға алынуда. Заманауи технологияларды енгізе отырып, Екібастұздың жаңа МАЭС-3 құрылысының жол картасы әзірленді. «Самұрық-Энерго» Екібастұз МАЭС-2 қосымша энергоблоктар салу жобасын жүзеге асыруда. Ақсу МАЭС-ін кеңейту жоспарланып отыр.

Өткен жылы жалпы қуаты 385 МВт болатын жаңартылатын энергия көздерінің 12 нысаны іске қосылды. Биыл 276 МВт жаңартылатын энергия көздерінің 15 нысаны іске қосылады. Нәтижесінде жаңартылатын энергия көздерін өндіру үлесі 5%-ға дейін өспек. 2025 жылға дейін қуаты 757 МВт болатын жаңартылатын энергия көздерінің 41 жобасын пайдалануға беру жоспарда бар.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен барлық жылу электр станциясы мен электр желісіне ревизия жүргізілуде. Бұл тексеру осы жылдың бірінші тоқсанында аяқталады. Тексеру қорытындысы бойынша тиісті шаралар жоспары қабылданбақ.

Сонымен қатар ауқымды жөндеу науқанына дайынық жүріп жатыр. Меншік иелерінің жауапкершілігі қайта қаралып, бақылау-қадағалау функциялары мен саланың жалпы тиімділігі күшейтілуде. Арнайы комиссия тез арада жаңғыртуды қажет ететін проблемасы бар 19 ЖЭО-ны анықтады. Мемлекет басшысының тапсырмасымен Көкшетау және Семей қалаларында жаңа жылу электр станцияларын салу, Павлодар мен Екібастұздағы жылу электр станцияларын жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. 

«Ел тұрғындарын газбен қамту аясында өткен жылы 142 жоба жүзеге асты. Биыл 56 елді мекеннің 167 мың тұрғынын газбен қамтамасыз ету үшін 86 жоба жоспарланған, бұл елді газдандыру деңгейін 60%-ға жеткізуге мүмкіндік береді. Энергетикалық байланыс солтүстік және орталық-шығыс аймақтарды газдандыруды аяқтау және батыс өңірлерін бірыңғай энергетикалық жүйеге қосу арқылы жүзеге аспақ», — деді Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр.

Әрі қарай Роман Скляр көлік инфрақұрылымы туралы сөз қозғады.

Оның айтуынша, өңірлер ішінде және өңірлер арасындағы көлік байланысын қамтамасыз ету үшін жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Соңғы 3 жылда 8 мың шақырымнан астам республикалық маңызы бар жолдар салынып жөнделді және 9,5 мың шақырымнан астам жергілікті маңызы бар жолдар жөнделді. Нәтижесінде стандартқа сай жолдардың үлесі республикалық желіде 91%-ға, жергілікті желіде 85%-ға артты. 2023 жылы 7 мың республикалық маңызы бар жолды және 3 мың шақырым жергілікті желілерді қайта құру және жөндеумен қамту жоспарланып отыр.

Мемлекет басшысының 2029 жылға дейінгі Сайлауалды бағдарламасы аясында стандарттқа сай республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының үлесін 100%-ға және жергілікті желідегі автомобиль жолдарының үлесін 95%-ға жеткізу міндеті қойылды. Бірқатар ауқымды теміржол жобасы да жүзеге асырылмақ. Жоспарланған шаралардың нәтижесінде транзит көлемі 30%-ға артады. Премьер-Министрдің бірінші орынбасарының айтуынша, жалпы заманауи көлік инфрақұрылымын құру еліміздің транзиттік әлеуетін арттырып аймақтардың байланысын жақсартады.

Одан кейін Роман Скляр тұрғын үй саласы туралы баяндады.

Оның айтуынша, азаматтардың сапалы және қолжетімді баспанаға сұранысын қанағаттандыру мақсатында кешенді шаралар жүзеге асуда. Өткен жылы елімізде 15 млн шаршы метр 130 мыңнан астам тұрғын үй салынды.

Тұрғын үй құрылысына салынған инвестиция өткен жылмен салыстырғанда 17%-ға артып, 2,9 трлн теңгеге жетті. Биыл 15 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі.

Сонымен қатар негізгі қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін жақсарту үшін еліміздің өңірлерінің барлығында әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жүргізілуде.

«Соңғы үш жылда 400 мыңнан астам оқушыға арналған 685 мектеп салынды. Оқушылардың орын тапшылығын шешу үшін апатты жағдайдағы нысандарды жою және үш ауысыммен оқыту мәселесін шешу мақсатында “Жайлы мектеп” ұлттық жобасы әзірленді. 2026 жылға дейін қалалар мен белсенді дамып келе жатқан елді мекендерде кемінде 800 мың жаңа студенттік орын пайдалануға берілмек», — деді Премьер-Министрдің орынбасары.

Денсаулық сақтау жүйесінің инфрақұрылымы жаңартылуда. 2022 жылы халықты қолжетімді медициналық қызметтермен қамтамасыз ету үшін өңірлерде жергілікті бюджеттер және жеке инвестициялар есебінен 109 денсаулық сақтау нысаны ашылды. Республикалық бюджеттен 10 денсаулық сақтау нысанын салуға қаржы бөлінді, 2024 жылға дейін аяқталады деп күтілуде.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен екі көп салалы емхана – «Ұлттық ғылыми-зерттеу орталығы» және Астанадағы онкологиялық орталықтың құрылысы жалғасуда.

Аумақтарды дамыту жоспарына сәйкес қалаларды, моноқалалар мен ауылдарды дамытуға кешенді тәсіл қолданылуда. Қалалар мен агломерацияларды дамытудың құқықтық шарттары жыл басында қол қойылған тиісті заңмен айқындалады. Моноқалаларда инфрақұрылым мен кәсіпкерлікті дамытудың кешенді шаралары іске асуда.

«Бизнестің жол картасы» аясында өткен жылы Шағын орта бизнесті қолдау бағдарламасы іске қосылды. 5% жеңілдікпен шағын несиелеу аясында 1%-дан бастап несие беру енгізілді. Тағы 10 моноқаланың әлеуметтік-экономикалық дамуының жоспары бекітілу сатысында. Бұл мақсаттарға 1,7 трлн теңге бөлінеді. Атап айтқанда, республикалық және жергілікті бюджеттер, сондай-ақ жеке инвестицияларға бөлінді.

Ауылды дамытудың алдағы 5 жылға арналған тұжырымдамасы әзірленді. Сондай-ақ ауыл шаруашылығын дамыту бағытында да кешенді жұмыстар жүргізілуде. 2022 жылы ауыл шаруашылығы саласы жоғары өсу қарқынын көрсетті, жалпы өнім көлемі 9%-ға өсті.

«Соңғы 10 жылда біз астық дақылынан ең жоғары өнім алдық. 5,2 млн га ауыл шаруашылығы жері мемлекет меншігіне қайтарылды. 2023 жылы тағы 5 млн га жерді қайтарамыз деп отырмыз. Жалпы сыйымдылығы 201 мың тонна көкөніс сақтау қоймасы іске қосылды. Азық-түлік қауіпсіздігі жоспары мен қант өнеркәсібін дамытудың кешенді жоспары қабылданды. Нәтижесінде азық-түлік өндірісі 4%-ға өсті», — деді Роман Скляр. 

2019 бастап «Ауыл – ел бесігі» жобасы жүзеге асырылуда. Оның мақсаты – ауылдық елді мекендердің өмір сүру сапасын жақсарту. Өткен кезеңде (2019-2022) 326 млрд теңге бөлініп, 4 мыңға жуық жоба жүзеге асырылды. Бұл 334 тұрғын үй-коммуналдық, 1,2 мың әлеуметтік инфрақұрылым нысанын және 2 мың көлік инфрақұрылымы жобасын жаңғыртуға мүмкіндік берді.

Соңғы жылдары барлығы 1 031 ауыл арнайы жобалармен қамтылды. «Ауыл – ел бесігі» жобасы бойынша биыл 736 ауыл үшін 1,5 мыңнан астам жобаға 143 млрд теңге бөлінді.

119 тұрғын үй-коммуналдық нысаны 275 әлеуметтік инфрақұрылым нысаны және 1 көлік инфрақұрылымы жобасы жаңғыртылады. Жалпы 2027 жылға қарай ауыл тұрғындарының 90%-ы тұратын, даму әлеуеті бар 3,5 мың ауылдың инфрақұрылымы республикалық бюджет есебінен жаңартылады.

Реформа шеңберінде жергілікті өзін-өзі басқарудың кіріс базасын кеңейту үшін фискалды орталықсыздандыру жалғасуда. 2018 жылдан бастап 1 062 аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент және ауылдық аймақта бюджеттің төртінші деңгейі енгізілді. Бюджеттің төртінші деңгейіне салықтар мен төлемдердің 9 түрі берілді. Соның нәтижесінде ауылдық округтерге жыл сайын қосымша 30 млрд теңге түспек.

Сондай-ақ 2020 жылдан бастап шағын және орта бизнестен түсетін корпоративтік табыс салығы бойынша түсімдер жергілікті бюджетке аударыла бастады. Нәтижесінде жергілікті бюджетке түсетін салық түсімдері 25%-ға өсті.

2025 жылы ауылдық округтер бюджетінің өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейі 13%-дан 35%-ға дейін артады деп күтілуде. Өңірлердің дамуына жергілікті өзін-өзі басқару саласындағы реформалар үлкен үлес қосуда.

«2021 жылдың шілдесінен бастап 1 305 ауылдық елді мекеннің басшысы сайланды. Тікелей сайлау енгізілгеннен бері ауыл әкімдерінің корпусы 56%-ға жаңарды. 2023-2024 жылдарға 1 041 ауылдық округте сайлау белгіленген. Алдағы жоспар – аудан әкімдерінің тікелей сайлауын өткізу. Облыс әкімдері Конституциялық реформаға сәйкес облыс мәслихаттары депутаттарының дауыс беру қорытындысы бойынша тағайындалмақ», — деді Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу