Қазақстан – халықаралық еңбек миграциясы үшін тартымды ел


Соңғы уақытта еліміздің жастарының жұмыс іздеп шетелге шығуы жиілеп барады, сондай-ақ ресейліктер Қазақстанға көптеп келіп, жұмысқа орналасуда – аталған жағдай еңбек миграциясына қатысты заңдылықтарды қайта қарауды қажет етеді. Біз ұсынып отырған материалда Қазақстандағы еңбек миграциясына талдау жасалады. 

Оның үстіне, осыдан екі жыл уақыт бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шет елдерге жұмыс іздеп кеткен азаматтарымыздың жағдайына назар аударып отыру қажеттігін айтып, осы жөнінде Үкіметке арнайы тапсырма да берген болатын. «Олардың көбісі қызмет көрсету секторында жұмыс істеуде, сол жерлерде олар өз елінде істеуге келісе бермейтін жұмысқа баруға дайын. Сонымен бірге осындай жағдайларда еңбек қатынастары ресми реттелмейтіні анық» деген Президент мұндай жағдай, әсіресе, пандемия кезінде айқын білінгені, қазіргі уақытта еңбек миграциясы бүкіл әлем бойынша жаһандық сипатқа ие екенін түсіндіре кеткен еді.

Президент еңбек миграциясы ұғымының көп қырлы екенін, оның біз үшін оңтайлы жақтарының да бар екенін, мәселен, жастардың біліктілігін арттыру, жаңа дағдыларды меңгеру, өз ісін бастаудағы бастапқы капиталды жинау және басқа да бағыттарда бейімделу мүмкіндігі бар екенін де айтып өткен еді. «Сондықтан мемлекет қазақстандықтардың әлеуетін, арман-мақсаттарын жүзеге асыру үшін барлық күш-жігерін салуы тиіс, оның ішінде еңбек миграциясына қаттысушыларды да естен шығармауымыз керек. Үкімет осы мәселелерді зерделеп, тиісті ұсыныстарды енгізуі тиіс» деген еді.

Соңғы елу жылдан бері әлемде барынша белең алып келе жатқан ірі құбылыстардың бірі – әлемдік көші-қон мәселесі. Егер 1960 жылдары әлемде 3,2 млн еңбек мигранты бар деп есептелсе, 1995 жылы бұл көрсеткіш 35 млн адамға жетіп үлгерді. Яғни 35 жылдың өзінде ғана 10 еседен астам көрсеткішке өсе түсті. Соңғы уақыттағы нақты деректер бізге белгісіз. Алайда америкалық «Пью» атты зерттеу орталығы әлемдегі еңбек мигранттарының жалпы саны 214 млн адамға жеткенін мәлімдеген. Бұл деректің шындыққа қаншалықты сәйкес екенін анықтау қиын. Бірақ бір ғана Ресейдің өзінде сырттан келген еңбек мигранттарының саны 12-15 млн адамға дейін жеткенін еске алсақ, жоғарыдағы көрсеткішке күмәндануға болмайтын сияқты.

Сарапшылардың айтуынша, алғашқы еңбек миграциясы осыдан мыңдаған жылдар бұрын пайда болған. Дегенмен барынша көзге түсіп, әлемде алғаш рет құбылыс ретінде байқалған кезі – ХІХ ғасырдың орта тұсы. Өйткені дәл осы кезеңде Ирландияда «картоп ашаршылығы» орын алып, өз елінде жан сақтай алмаған халықтың біраз бөлігі АҚШ-қа жаппай көшкен болатын. Мұнан кейін ХІХ ғасырдың 80-жылдарының басында Италия мен Шығыс Еуропаның бірқатар елінде еуропалық бидай бағасының құлдырауына байланысты диқаншы шаруалар арасында қиындықтар туып, осы елдер азаматтары АҚШ-қа қарай жаппай көшті.

Әлемді шарпыған бірінші және екінші дүниежүзілік соғыстардан кейін де халықаралық еңбек миграциясының жаңа толқындарының пайда болғанына көз жеткіземіз. Өйткені осы кезеңдерде Еуропада жағдай біршама қиындап, осыдан еуропалықтардың Америкаға қоныс аудару фактілері байқалған болатын. Алайда халықаралық еңбек күштері қозғалысының ең ірі көріністерінің бірі Мексика мен АҚШ-тың арасында орын алып отыр. АҚШ, Канада, Мексика секілді көрші отырған үш мемлекеттің Солтүстік америкалық өзара еркін сауда келісімі ұйымы болып бірігуі нәтижесінде мексикалықтар жұмыс іздеп АҚШ-қа ағыла бастады. Осыдан 20 жыл бұрын басталған бұл қозғалыс әлі күнге дейін тоқтамай келеді. Тек соңғы жылдардың өзінде ғана жылма-жыл 300 мың мексикалықтың АҚШ-қа қоныс аудары – соның айқын дәлелі. 

Біз қазіргі күні халықаралық деңгейде экспорттық-импорттық операциялардың үш түрінің белең ала түскенін жақсы білеміз. Оның біріншісі мен екіншісі тауарлар мен қызметтерге қатысты болса, үшінші түріне нақ осы халықаралық жұмыс күштерінің қозғалысын, яғни халықаралық еңбек миграциясын айтуға болады. Сөйтіп қазіргі күні мемлекеттер бір-біріне тауарлар мен қызметтерді ғана емес, жұмыс күштерін де экспорттай бастады. Сарапшылардың пайымдауынша, экспорттың осы үш түрінің ішінде ең пайдалысы еңбек күштерінің экспорты екен. Мәселен, Халықаралық валюта қорының мәліметтері бойынша, егер тауарлар экспортынан түсетін нақты пайданың көлемі орта есеппен 20%-ды, қызметтер экспортынан түсетін нақты пайданың көлемі 50-ды құрайтын болса, жұмыс күші экспортының пайдасы бұлардан анағұрлым мол көрінеді. 

Осыған мысал ретінде Югославия жағдайын алып қарастырайық. Өткен ғасырдың 80-жылдары осы ел жыл сайын тауарлар мен қызметтердің экспортынан $10 млрд кіріс түсірген. Осыдан түскен нақты пайданың көлемі шамамен алғанда $2,5 млрд-ты құраған. Ал жұмыс күшінің экспортынан аталған елге жылма-жыл $3,5 млрд қаржы құйылып отырған. Сонымен қатар югославиялықтар өз еліне оралған кезде тағы осыншама қаржыны қалтасына салып әкелген. Сөйтіп Югославияның еңбек күшін экспорттаудан түсіретін жылдық пайда тағы да екі есе өсіп, $7 млрд-ты құраған. 

Тағы бір мысал. Өткен ғасырдың 80-жылдарының соңына қарай Мысыр елі Суэц каналын пайдаланудан жылына $970 млн, туризмнен $600 млн пайда тауып тұрса, басқа елдерге барып жұмыс істеп жатқан азаматтарының аудармаларынан $3 млрд пайда түсірген Ал Йемен Республикасында эмигранттарының жіберген салымдарының көлемі экспорттың басқа түрлерінен түсетін қаржыдан 30 есе асып түскен. 

Сөйтіп әлемде бірқатар ел үшін еңбек миграциясы мемлекеттің экономикалық жағдайына барынша тиімді әсер ететін негізгі күнкөріс көздерінің біріне айналып келеді. Тіпті бұл жағдайға алысқа бармай-ақ, өз елімізде жұмыс істеп жүрген көршілес Өзбекстан мен Қырғызстан азаматтарына қарап-ақ көз жеткізуге болады. 

Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметі бойынша, халықаралық еңбек миграциясына қазіргі күні 80-нен астам ел тартылып отыр. Шартты түрде алғанда, бұл елдерді үш түрге бөліп қарастыруға болады. Біріншісі – біз жоғарыда айтып кеткен еңбек күштерін жөнелтуші елдер, екіншісі – сол еңбек күштерін қабылдаушы елдер, үшіншісі – еңбек күштерін әрі жөнелтуші, әрі қабылдаушы елдер. Еңбек күштерін қабылдаушы елдерге сарапшылар Аргентина, Австралия, Австрия, Бахрейн, Бельгия, Бруней, Камерун, Франция, Гана, Гаити, ГФР, Иран, Израиль, Кувейт, Ливия, Люксембург, Малайзия, Нидерланд, Жаңа Зеландия, Оман, Катар, Сауд Арабиясы, Сингапур, Швеция, Швейцария, Бірлескен Араб Әмірліктері, Ұлыбритания, АҚШ елдерін жатқызған. Енді осылардың қатарына біздің Қазақстанды да қосуға болады. 

Ал еңбек ресурстарын жөнелтуші елдер қатарында – Алжир, Бангладеш, Колумбия, Кипр, Доминикан Республикасы, Мысыр, Грекия, Индонезия, Ирландия, Оңтүстік Корея, Ливан, Лесото, Мексика, Марокко, Пәкістан, Филиппиндер, Польша, Португалия, Шри-Ланка, Судан, Сирия, Тайланд, Тунис, Түркия, Уругвай, Осман елдерін атаған. Бұған енді бізге көрші елдер Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан елдерін де қосуға болады.

Ал еңбек ресурстарын әрі жөнелтуші, әрі қабылдаушы елдер қатарында Иордания, Италия, Испания, Мали, Сенегал, Того, ОАР, Ямайка елдері бар екен. ТМД-дан бұл санатқа Ресей, Украина, Беларусь елдері кіреді. 

Соңғы жылдары Қазақстан халықаралық еңбек күштерінің қозғалысына белсенді түрде тартылып келеді. Өзіне келіп жатқан халықаралық еңбек мигранттарының саны жағынан Қазақстан 9-орында екен. Бұл ретте 1-орынды АҚШ, 2-орынды Ресей, 3-орынды Германия алады. Ал 1991-2001 жылдар аралығындағы көрсеткіштерге негізделген кестеде Қазақстан 4-орында көрсетілген. Мәселен, АҚШ сырттан жылына 923,6 мың, Германия 864,8 мың, Ресей 780,7 мың, Украина 205,4 мың жұмыс күшін қабылдаса, Қазақстан 83,4 мың адам қабылдайды екен

Осы көрсеткіштерден еліміздің халықаралық еңбек ресурстарын қабылдау жөніндегі әлеуетінің өте зор екенін байқаймыз. Қай жағынан алып қарасақ та, қазіргі халықаралық қауымдастық, соның ішінде әлеуеті зор инвесторлардың Қазақстанды Орталық Азиядағы еңбек күштері үшін тартымды ел ретінде қарастыратыны анық.

1896-1897 жылдары канадалық Аляскадағы Клондайк өзенінің бойынан көп алтын табылды деген әңгіме арқасында әлемнің әр түкпірінен адамдар осы өңірге қарай ағылған болатын. Бұл адамдардың басым көпшілігін баю жолында небір қиындықтардан қаймықпайтын жүрек жұтқандар болды. Олардың бұл батылдығы біршама ақталғаны да белгілі. Халықаралық мәліметтерге қарағанда, Клондайк бойынан жалпы алғанда құны $25 млрд алтын табылған. Содан барып Клондайк сөзі әлемге адамдарды қызықтыратын байлықтың символы ретінде тарады.

Қазіргі күні халықаралық сарапшылардың қойнауы мұнай мен газға, түрлі бағалы металдарға, беткейі мал мен астыққа толы Қазақстанды да болашақ Клондайк ретінде қарастыратыны сезіледі. Мұны ең алдымен елімізге келіп жатқан тікелей шетелдік инвестициялардың құйылысынан-ақ анық байқауға болады. Қазіргі күні әлемге аты мәлім ірі алпауыттардың Қазақстан жөнінде өз мүддесі бар. Біздің елімізде Шеврон, Эксон Мобиль, Бритиш Газ, Бритиш Петройлуем, Аджип, Лукойл, Дженерал электрик секілді ірі компаниялар аса ынтамен жұмыс істеуде.

Міне, осындай жағдайда халықаралық еңбек ресурстарының да елімізге ағыла түскені байқалады. Бұл жөніндегі көрсеткіштер әр түрлі дереккөздерінде әркелкі көрсетіліп келеді. Мәселен, жоғарыда аталған «Пью» зерттеу агенттігі Қазақстанда жүрген шетелдік мигранттардың жалпы саны 3 млн 80 мың адамды құрайды, олардың 2 млн 650 мыңы Еуропа мен бұрынғы Кеңес одағы елдерінен, 430 мыңы Азиядағы басқа елдерден келеді деп көрсетсе, бірқатар халықаралық ұйым, соның ішінде БҰҰ-ның Еңбек ұйымы Қазақстанда жыл сайын 300 мыңнан бастап 1 млн адамға дейін шетелдік еңбек мигранттарының болып кететінін айтады. Ал өзіміздің статистикалық деректер бойынша, біздің елімізге жылына 60-70 мың шетелдік жұмыс іздеуге келіп-кететін көрінеді. 

Қазақстан халықаралық еңбек ресурстары үшін қаншалықты тартымды? Мысалы, Мысыр астанасы Каирдің өзінде 23 млн адам тұрады. Бұл барлық мысырлықтардың үштен бірі астананың өзінде өмір сүріп жатыр деген сөз. Міне, осы бір жерге жиналып қалған халықтың көпшілігі жұмыссыз, олар көше кезіп жүріп тапқан-таянғанына өмір сүреді. Бар-жоғы 2-3 шаршы метр жерді ғана алып жатқан сауда нүктелеріне қызмет жасайтын делдалдар да бар екен. Олар көше кезіп жүріп шетелдіктерді кездестірсе, өзі білетін сауда нүктесіне шақырып әлек болады. Егер сондай делдалдардың біріне еріп, сауда нүктесіне бас сұғатын болсаңыз, онда сол жерден бірдеңе сатып алмай шыға алмайсыз. Өйткені сатушы мен делдал екеуі екі жағыңыздан жабысып, сізге бірдеңесін өткізбей, жібермейді. Осыдан түскен ақшаның мардымсыз болса да, белгілі 1%-ы жаңағы сізді ертіп келген делдалдың қалтасына түседі екен. Ал енді осындай сауда дүкені үшін көше кезіп, адам іздеп жүрген делдалды Қазақстаннан кездестіре аласыз ба?

Мысырда қызмет ететін қазақ жігіттері мұнда жұмыс күшінің өте арзан тұратынын айтты. Бар болғаны 15%-ға өз көлігіңізді күнделікті түрде келіп жуып тұратын адамды 1 айға жалдап алуға болады екен. Сіз үйіңізге қай уақытта келсеңіз де, ол адам аңдып жүріп сіздің үйге кіріп демалған сәтіңізді байқап, көлігіңізді жақсылап отырып жуып кетеді. Таңертең сіз оған жарқыраған таза күйінде мінесіз. 

Ал енді жұмыссыздық бойынша ахуалы осал елдің адамдары Қазақстанға келіп, мұндағы жағдайды байқаса, не болар еді? Олардың қаптап кететініне күмән жоқ. Біздегі бос жатқан даланың өзі еңбек етемін деген адам үшін үлкен несібе көзі екенін біз аңғара бермейміз. Мұндай үлкен байлық әлемнің көптеген елдерінде кездеспейді. Мәселен, біз сөз қылып отырған 70 млн халқы бар Мысырда ексең, қылтан шықпайтын шөл даладан басқа, ештеңе жоқ. Мұндағы ауыл шаруашылығы Ніл өзенінің бойында ғана дамыған. Сондықтан ел аумағының бар болғаны 15-20%-ы ғана тіршілікке жарамды деп есептеледі. Ал бізде тіршілікке жарамсыз дейтіндей жер бар ма? Құмды, шөлді деп есептелетін Бетпақдаланың өзі нағыз мал өсіруге лайықты жер емес пе?

Қазақстан жер көлемі жағынан әлем елдерінің арасында 9-орын алады. 172 млн га жеріміз бар. Жан басына шаққанда бір адамға 10 га-дан келеді. Бұл біздің бір ғана байлығымыз. Ал енді осы жердің асты толған кен екені белгілі. Бетінде әлемдегі ең сапалы астықтардың бірі жайқалып өседі. Қазақстан осының нәтижесінде қазіргі күні әлемнің 40-тан астам еліне астық экспорттайды. Астық экспортының көлемі жағынан әлемдегі ең алдыңғы 7 елдің қатарына кірсе, ұн экспорты жөнінен соңғы жылдары үнемі 1-3 орын алып жүр. 

Осындай байлығының арқасында Қазақстанды әлі толық ашылмаған мүмкіндіктер елі деп айтуға әбден болады. Сол мүмкіндіктердің бірі – Астана қаласы. Бұл қала бар болғаны ондаған жылдардың ішінде ғана керемет көркейіп өсіп, өзінің сымбатымен әлем халықтарын тәнті ете бастады. Адамзат тарихында Астанадай тез салынған қала жоқ, бар болса, саусақпен санарлық. Ал осы ғажайып қайдан пайда болып отыр? Мұның өзі ұлан-байтақ сайын далаға иелік етіп отырған Қазақстанның экономикалық қуатының аса зор екенін білдіреді. Демек әлем халықтары соңғы 50 жылдың өзінде саны жағынан 2-3 есе өсіп, қазіргі әлемде еңбек миграциясы барынша күшейіп отырған кезде Қазақстанның адамзат қауымындағы жұмыс іздеушілер үшін ТМД елдері аумағындағы болашақ Клондайк бола алатыны анық.

Сонымен қатар осы уақытқа дейін шет елдерден, әсіресе, өзімізбен көршілес Орталық Азия елдерінен жұмыс күштерін тартатын Қазақстан, өзі де жұмыс күштерін шет елдерге аттандырушы елге айнала бастады деуге келеді. Көптеген жастарымыз Түркия мен Оңтүстік Кореяға, Біріккен Араб Әмірліктеріне барып, еңбек етіп жатыр. Еуропаға жетіп, Америка асып кетіп жатқандары да жоқ емес.

Бұл жаман үрдіс емес. Біздің ойымызша, аса білімді жастардың жұмыс пен білім іздеп шетелге кетуінің арты қайырлы болады. Олар сол жақтан тәжірибе мен білім жинап, жаңа технологияларды меңгереді. Тіл үйренеді. Әлемді көріп, көздері ашылады. Дамыған елдердің алға жылжу себептерін түсініп, еңбек пен қызмет саласындағы бәсекелестікті арттырады. Өмірлік тәжірибе жинайды. Ақырында солардың бәрін Қазақстанға әкеліп таратады. Егер бизнес жасап, табыс бапқың келсе, Қазақстаннан артық ел жоқ. Сүлеймен Демирелдің премьер-министр болған тұста Түркияда да осындай жағдай болған. Түрік жастары Еуропаға барып, жұмыс істеп, білім алып, артынан қайтып келіп, өз елінің экономикасын дамытуға атсалысқан. Елде жаңалық лебін естірген. Осылайша, ескілік шырмауындағы Түркия көтеріліп, жаңа заманға бет бұрған.

Қазіргі күні шет елдерде, әсіресе дамыған елдерде оқу оқып, білім алып, жұмыс істеп жүрген жастарымыз күні ертең Қазақстанның экономикалық дамуына қосымша серпін беретін күшке айналары анық. Сондықтан жоғарыда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтқанындай, бұл мәселені әрқашан назарда ұстап, еңбек миграциясы туралы еліміздің заңдылықтарын уақыт талабына сай ретке келтіріп отыру керек.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу