Қазақстанда жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң жобасы талқыланып жатыр — М. Сұлтанғазиев

Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында «Жеке тұлғалардың төлем қабілеттілігін қалпына келтіру туралы» заң жобасын талқылау бойынша дөңгелек үстел өтті. Оған ҚР қаржы бірінші вице-министрі Марат Сұлтанғазиев, ҚМ МКК төрағасының орынбасары Қайрат Миятов, қоғам қайраткері, «Таlap» қолданбалы зерттеулер орталығының жетекшісі Рахым Ошақбаев, «Атамекен» ҰКП өкілдері, ғалымдар, тәуелсіз қаржылық талдаушылар қатысты.

Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев елдегі әлеуметтік-экономикалық ахуал мәселелері жөніндегі кеңесте жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заңды әзірлеуге кірісуді тапсырды.

Дөңгелек үстелге қатысушылардың айтуынша, бүгінде азаматтардың едәуір бөлігінің қаржылық жағдайы нашарлаған. Оның әр түрлі себептері бар: жұмысынан немесе еңбекке қабілеттілігінен айырылу, экономикалық құлдырау аясында әл-ауқат деңгейінің төмендеуі, пандемия және карантиндік шаралардың енгізілуі және т.б. Несие бюросының ақпаратына сәйкес, бүгінде 1 млн-нан астам азамат коммуналдық және салықтық төлемдер бойынша, несиелерді өтеу мерзімдерін бұзуға жол берген.

Заң жобасын таныстыра отырып, ҚР қаржы бірінші вице-министрі М. Сұлтанғазиев әзірлеушілердің пікірінше, адал қарыз алушыларға қарыз міндеттемелерін орындауға мүмкіндік беретін оның негізгі бағыттары туралы айтып берді.

Халықаралық тәжірибені ескере отырып, Қаржы министрлігі қарыздың сомасы мен ұзақтығына байланысты рәсімдердің бірнеше түрін ұсынады.

«Бірінші рәсім – төлем қабілеттілігін қалпына келтіру. Ол тұрақты табыс болған жағдайда сотта қарыздарды төлеуге 5 жылға дейін бөліп-бөліп төлеу мүмкіндігін көздейді», — деп түсіндірді М. Сұлтанғазиев.

Одан әрі, қалпына келтіру жоспары қаржы басқарушысымен бірлесіп әзірленеді және 5 млн теңгеден асатын берешегі бар кезде сот органдарымен бекітіледі. Ол үшін екі тараптың – борышкер мен кредитордың келісімі қажет. Сонымен қатар жоспарда көзделмеген жағдайлардың барлығы, мысалы, мүлікті сату, қолданылмайды.

Екінші рәсім – тұрақты табыс пен берешекті өтеу бойынша перспективалар болмаған жағдайда, банкроттықты екі түрде қолдану ұсынылады. Біріншісі – соттан тыс банкроттық. Оны үш жағдайда қолдануға болады: банктер мен микроқаржылық ұйымдар алдында 5 жылдан астам мерзімі өткен азаматтар; қарызы 12 ай ішінде өтелмеген азаматтар, олардың қарыз сомасы 300 мың теңгеден аспауы керек және қарызды өтеуге болатын мүлігі жоқ; сондай-ақ 5 млн теңгеге дейінгі қарызы 6 ай ішінде өтелмеген азаматтар банкроттық рәсімін бастай алады

Соттан тыс банкроттықты қолдану туралы өтінішті азамат «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы береді. Сондай-ақ «Е-салық азамат» қосымшасы арқылы құжаттарды тапсыру мүмкіндігі қарастырылған. 

Құжаттарды қабылдағаннан кейін талаптарға сәйкестігіне (мүліктің болмауы, мерзімін өткізіп алу мерзімдеріне сәйкестігі және басқалары) автоматтандырылған тексеру жүргізілетін болады.

Осылайша, соттан тыс банкроттық рәсімі 5 млн теңгеден аспайтын берешек кезінде қолданылатын болады.

«1 600 АЕК жоғары немесе 5 млн теңге – осындай қарыз болған жағдайда сот банкроттығы рәсімі қолданылады. Бұл рәсім барысында борышкердің мүлкі сатылуға жатады», — деді М. Сұлтанғазиев.

Түскен қаражат белгіленген тәртіппен кредиторлар алдындағы қарыздарды өтеуге жұмсалады.

Егер жалғыз тұрғын үй кепіл заты болса, онда кредитор оны сот банкроттығы кезінде ғана алуға құқылы.

«Егер жалғыз тұрғын үй кепіл заты болып табылмаса, онда кредиторлар оған талап қоя алмайды. Қалған өтелмеген сома борышкердің арам пиғыл белгілері болмаса есептен шығаруға жатады», — деп түсіндірді М. Сұлтанғазиев.

Бірақ, бірінші вице-министрдің айтуынша, алимент және өзге адамның өміріне және денсаулығына келтірілген залал бойынша қарыздар есептен шығарылуға жатпайтынын ескерген жөн

 

Банкроттық рәсімінен өткен азаматтар үшін шектеулер қарастырылған

Бірінші қаржы вице-министрінің айтуынша, қарызды есептен шығарудан басқа да шектеулер бар.

«Заң жобасында банкроттықтан кейін азаматтарға 5 жыл бойы қарыздар, несиелер алуға шектеу ұсынылған. Сонымен қатар банкроттықтан кейін азамат емделуді, жақын туыстарын емделуге ертіп жүруді немесе жерлеуге баруды қоспағанда, 3 жыл ішінде елден тыс жерлерге шыға алмайды», — деді М. Сұлтанғазиев.

Оның айтуынша, азаматтар 7 жылдан кейін ғана банкроттықты қайта қолдана алады.

«Азамат өзін банкрот деп жариялаудан бұрын ықтимал салдары және әрі қарай қандай қаражат көздері есебінен өмір сүре алатынын ойлануы қажет», — деді М. Сұлтанғазиев.

 

Шектеулерден басқа, қасақана және жалған банкроттық үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған

Жобада алаяқтықтың алдын алу мақсатында қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.

Мысалы, жекелеген азаматтар заңның көмегімен өздерін банкрот деп жариялауды ойластырады, ал іс жүзінде кіріс алып отырады. Бірінші вице-министрдің айтуынша, мұндай жағдайларды болдырмау үшін жобада заңды тұлғалардың банкроттығы сияқты нормалар қарастырылған.

«Алдау, мүлікті жасыру фактілері анықталған жағдайда әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Атап айтқанда, бірнеше АЕК төлеуден бас бостандығынан айыруға дейін. Сондай-ақ, белгілі бір лауазымдарды атқаруға шектеу қою түріндегі санкция бар», — деді М. Сұлтанғазиев.

 

Банктер де банкротты несиелендіру үшін жауап береді

Заң жобасы банкрот деп танылған тұлғаларға несие беретін қаржы ұйымдарының да жауапкершілігін көздейді.

Бірінші вице-министрдің айтуынша, жобаны дайындау кезінде барлық жағдайлар талданды, оның ішінде қара микрокредиттік ұйымдардың, ломбардтардың немесе осы тұлғаларға кредит беретін басқа ұйымдардың пайда болуы бойынша тәуекелді бағалау мәселесі де қарастырылды.

«Бұл заңсыз несиелер мен қарыздар. Егер заңға сәйкес тіркелген банк немесе несиелеу мекемесі болса, әрине, реттеуші оған лицензияны тартып алуға дейін талаптар қояды», — деді М. Сұлтанғазиев.

Оның айтуынша, біріншіден, бұл заңсыз кәсіпкерлік қызмет, ол үшін жауапкершілік қарастырылған. Екіншіден, тиісінше, несие мекемесі осындай қарызды қайтару үшін үлкен тәуекелдерге кезігеді. Егер оған қарызды қайтармаса, сот органдары арқылы өндіріп алу мүмкін болмайды.

Жалпы, қаржы сарапшыларының пікірінше, банкроттықты қолдану жеке тұлғаларға қарыз жүктемесінен арылуға және белсенді экономикалық қызметті бастауға мүмкіндік береді.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу