Мұнай өнімдері нарығын дамыту, елді газдандыру, жаңартылатын энергия көздерін енгізу — Н. Ноғаев ҚР ЭМ қызметі туралы баяндады

ҚР энергетика министрі Нұрлан Ноғаев халықпен есептік кездесу аясында саланың 2020 жылғы даму қорытындылары, сондай-ақ министрліктің 2021 жылға арналған жоспарлары мен міндеттері туралы баяндады.

Н. Ноғаевтың айтуынша, министрліктің қазіргі қызметі келесі стратегиялық бағыттарға жіктелген?

1. Мұнай-газ және мұнай-газ-химия салаларын дамыту;

2. Электр энергетикасын, атом энергиясын және жаңартылатын энергия көздерін пайдалану саласын дамыту.

Сонымен қатар Министрлік адам өмірінің негізгі салалары – газ инфрақұрылымын іске асыру, электрмен жабдықтау және мұнай өнімдерімен қамтамасыз ету бөлігіндегі мемлекеттік саясатты жүргізеді. 

ҚР ЭМ басшысы атап өткендей, коронавирустың бүкіл әлемде таралуы энергия ресурстарына айтарлықтай әсер етті. Осыған байланысты өткен жылдың өндірістік көрсеткіштеріне түзетулер енгізуге тура келді.

«Қазіргі уақытта мұнай бағасының құбылмалылығы және әлемдік экономиканың тұрақсыз дамуы жағдайында Министрліктің міндеті пайдалы қазбаларды өндірудің қол жеткізілген деңгейін және өндірістегі жұмыс орындарын сақтау, бәсекеге қабілеттіліктің, ұлттық және энергетикалық қауіпсіздіктің жоғары деңгейін қамтамасыз ету арқылы ел экономикасын энергетикалық ресурстармен үздіксіз қамтамасыз етуге, ел азаматтарының өмір сүру деңгейін жақсартуға барынша күш салуға бағытталады. Коронавирустық инфекцияның таралуына байланысты өткен жылдың ақпан айынан бастап Министрлікте мүдделі компаниялардың қатысуымен СOVID-19 жағдайын бақылау жөніндегі жедел штаб жұмыс істейді», — деді Нұрлан Ноғаев.

Жобалардағы жағдай туралы жедел мәлімет штабқа күнделікті негізде түседі.

Қазіргі уақытта барлық мұнай-газ компаниялары коронавирустық инфекция таралуының алдын алу және эпидемиологиялық жағдай нашарлаған кезде дайындықты қамтамасыз ету жөніндегі

іс-шаралар жоспарын әзірлеп, бекітті.

Сондай-ақ мұнай-газ саласындағы компаниялардың коронавирустық инфекцияның таралуына қарсы күреске белсенді қатысқанын атап өткім келеді, мәселен, 2020 жылы олар әлеуметтік көмекке шамамен 16 млрд теңге бөлді. Атап айтқанда, Атырау және Ақтау қалаларында модульдік үлгідегі инфекциялық ауруханалар, Құлсары қаласында көп бейінді аурухана кешені салынды, медициналық жабдықтар, көлік пен материалдар сатып алынды.

Баяндаманы, біріншіден, мұнай өнеркәсібінің негізгі көрсеткіштерінен бастауға рұқсат етіңіздер.

Пандемия кезеңінде мұнайға сұраныс пен ұсыныстың теңгерімі бұзылғандықтан, жоспарды қысқартуға тура келді, нәтижесінде 2020 жылдың қорытындысы бойынша мұнай мен конденсат өндіру көлемі 85,7 млн тоннаны құрады (2020 жылдың жоспарына 101%).

«Қолданыстағы шектеулерді ескеріп, өндіру бойынша 2021 жылға арналған болжам 85,3 млн тонна көлемінде жасалды. Бұл ретте жоғарыда көрсетілген шектеулер бағаны қалыптастыруға оң әсерін тигізді, бұл өз кезегінде ел экономикасының дамуына да ықпал етуде», — деді Нұрлан Ноғаев.

2020 жылдың қорытындысы бойынша мұнай экспорты 68,6 млн тонна (2020 жылдың жоспарына 102%), 2021 жылға жоспар 67,5 млн тоннаны құрайды.

2020 жылдың қорытындысы бойынша мұнай өңдеу көлемі 15,8 млн тонна (2020 жылдың жоспарына 102%), ал 2021 жылға жоспар 17 млн тонна.

2020 жылдың қорытындысы бойынша мұнай өнімдерін өндіру көлемі 11,5 млн тонна, (2020 жылдың жоспарына 102,9%). 2021 жылға жоспар 12,4 млн тоннаны құрайды.

Сонымен қатар еліміздің үш ірі мұнай-газ жобасы – Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған мұнай өндіру саласындағы көшбасшылар болып қалуда. Олар орта мерзімді кезеңде елдің экономикалық өсуіне елеулі үлес қосуға мүмкіндік береді.

2020 жылдың қорытындысы бойынша үш жобалардың жалпы мұнай өндіру көлемі

53,8 млн тоннаны, газ өндіру көлемі 44 млрд м3 құрады. Мұнай өндіру бойынша жобалардың 2021 жылға арналған жоспары – 53,5 млн тонна және газ бойынша – 44 млрд м3.

Казіргі таңда барлық үш кен орнында өндірісті одан әрі кеңейту және ұзарту жобалары іске асырылуда.

Жобаларға жеке-жеке тоқталайық.

Теңіз кен орнында құны $45,2 млрд құрайтын Келешекте кеңейту жобасы іске асырылуда (01.05.2021 ж. жағдай бойынша жоба бойынша шығындар $35,4 млрд). Жобаны 2023 жылы аяқтау жоспарлануда, бұл өндірісті жылына 12 млн тоннаға арттыруға мүмкіндік береді. Жобадағы қазақстандық қамту – 36% және оны 52%-ға дейін арттыру қарастырылуда.

01.05.2021 жағдай бойынша жобадағы жұмыстардың жалпы ілгерілуі 82,3% құрайды (жоспар 87 %). Ал жоспар бойынша осы жылдың соңына дейін – 87%.

Мемлекет басшысының Шетелдік инвесторлар кеңесінің (2020 жылғы 18 қарашадағы) Қашаған жобасын іске асыруға мемлекеттің тиімді қатысуы туралы хаттамалық тапсырмасына сәйкес биыл Қашаған кен орнының шикізаты негізінде құны $860 млн, қуаты 1 млрд м3 шикі газ шығаратын Газ өңдеу зауытының құрылысы басталды.

«Осы жобаны іске асырудан күтілетін нәтиже – келісімшарттық кезең уақытында (2041 ж. дейін) мұнай өндіруді 8 млн тоннадан 10 млн тоннаға дейін ұлғайту. Оператормен бірге біз осы жылдың соңына қарай Кашаған жобасының одан әрі кеңейту тұжырымдамасын пысықтауға тиіспіз», — деді ҚР ЭМ басшысы.

Ал Қарашығанақ жобасы бойынша 2020 жылдың желтоқсаныңда ПРК-1А кеңейту жөніндегі ірі инвестициялық жобаны іске асыру бойынша түпкілікті инвестициялық шешім қабылданды, ол шикі газды кері айдаудың қосымша 5-ші компрессорын енгізуді ескере отырып, сұйық көмірсутектерді өндіру деңгейін жылына 10-11 млн тонна шегінде одан әрі қолдауға бағытталған. Жобаның бюджеті $970 млн құрайды. Аяқталу мерзімі – 2025 жыл.

Сонымен қатар Қарашығанақ бойынша көпжылдық келіссөздер аяқталғанын атап өткім келеді, нәтижесінде 2020 жылы Халықаралық консорциум мемлекетімізге $1,3 млрд төлеп, өндірілетін өнімді бөлу әдістемесіне өзгерістер енгізді, бұл келісімшарттың қолданылу мерзімінің соңына дейін шамамен $600 млн әкеледі.

Аталған жобаларды бұдан әрі жүзеге асыру министрліктің тұрақты бақылауында.

Энергетика министрі атап өткендей, пандемия мұнай өнімдері нарығын қатты әлсіретті. 2020 жылдың қорытындысы бойынша мұнай өнімдерін (авиакеросин, дизель отыны, мазут, бензин) өндіру көлемі 11,5 млн тоннаны құрады. Бұл жағдай ішкі нарықта ашық түсті мұнай өнімдеріне деген сұраныстың төмендеуіне және 2020 жылғы карантиндік шараларға байланысты болды.

Сонымен қатар Министрлік мұнай өнімдері нарығын қолдауға ықпал ететін бірқатар шаралар қабылдады, атап айтқанда, мұнай өнімдерін автомобиль көлігімен елімізден және Кеден Одағынан тыс жерлерге әкетуге салынған тыйымды алып тастау, мемлекетке теміржол, автомобиль және құбыр көлігімен бензин, дизель және әуе отынын жеткізуге тыйым салу, мұнай өнімдеріне, оның ішінде бензинге, дизель отыны мен мазутқа кедендік әкету баждарының мөлшерлемелерін алып тастау сияқты шаралар орындалды.

Сонымен қатар министр халықтың бензин бағасының көтерілуі туралы жиі қоятын сұрағына да тоқталып өтті.

Н. Ноғаевтың айтуныша, мұнай өнімдерінің нарығы өте құбылмалы болып табылады, ол Қазақстанның ішкі нарығында да, көршілес елдерде де салық салу, баға белгілеу жүйесі және жанар-жағармай материалдарымен қамтамасыз етілуі (бақыланбайтын ағын), сұраныстың маусымдылығы, мұнай өңдеу зауыттарындағы технологиялық іркілістер немесе күрделі жөндеулер сияқты көптеген факторларға байланысты. Сондай-ақ ол отандық бензин ТМД елдерімен салыстырғанда, арзан бағалардың біріне ие екендігін атап өтті.

Мұнай өнім түрі

Қазақстан

Өзбекстан

Қырғызстан

Ресей

АИ-92

173

241

254

273

Ішкі нарықта баға төмен болған кезде отандық өнімнің көршілес елдердің нарықтарына кетуіне байланысты тапшылық қаупі туындайды, ал баға жоғары болған кезде – импорттық бензиннің профициті және соның салдарынан Қазақстан Республикасының Мұнай Өндіру Зауыттарында өңдеу көлемінің төмендеуі арқылы қазақстандық қоймаларда отандық отынның толып кетуі қаупі бар.

Салдарды азайту үшін келесі шаралар қабылданды:

  • 2021 жылдың қаңтарынан бастап жанар-жағар май материалдар экспорты тоқтатылды;
  • Жанар-жағар майды автокөлікпен, сондай-ақ стандартты емес автобактармен және 20 литрден астам канистрлермен әкетуге тыйым салынды;
  • «ПКОП» ЖШС жөндеу сәуір айынан мамыр айына ауыстырылды.

«Сонымен қатар шикізатты өңдеу үшін жер қойнауын пайдаланушылардың ішкі нарыққа мұнай жеткізу бағасы эскпорттық бағадан әлдеқайда төмен. Сол себептен де, жер қойнауын пайдаланушылар едәуір пайдасын жоғалтады және мұнай өнімдері нарығына айтарлықтай қолдау көрсетеді», — деді энергетика министрі.

«Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне және «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес Мұнай мен газ конденсатын есепке алудың ақпараттық жүйесін құру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі уақытта, Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп, «Мұнай және газ конденсатын есепке алудың ақпараттық жүйесін» пилоттық пайдалануға беру туралы бірлескен бұйрыққа қол қойылды.

Бүгінгі таңда жобаға пилоттық режимде 7 мұнай өндіруші ұйым, 4 мұнай тасымалдаушы ұйым және 3 мұнай өңдеу зауыты қосылған.

Тұтастай алғанда, биылғы жылы төмендегідей іс-шаралар жоспарланған:

  1. Мұнай мен газ конденсатын есепке алудың ақпараттық жүйесін өнеркәсіптік пайдалануға енгізу.
  2. Мұнай мен газ конденсатын жалпы өндіру мен өңдеудің 60%-дан астамын жүзеге асыратын ұйымдарды осы жүйеге қосу.

Министрлік қызметінің басым бағыттарының бірі-газ саласын дамыту және газдандыру.

2020 жылы 55,1 млрд м3 газ өндірілді (2020 жылдың жоспарына 99,8%). 2021 жылға жоспар – 54,4 млрд м3 газ өндіру.

Қабылданған міндеметтемелерді ескере отырып, мұнай өндіру кезіндегі газ ілеспе газ болып табылатындықтан, газ өндіру жоспары қайта қаралды. Яғни, мұнай өндірудің төмендеуі газға да әсер етті.

2020 жылдың қорытындысы бойынша тауарлық газ өндірісі 30,5 млрд м3 (жоспарға 100%) құрады. 2021 жылға арналған тауарлық газдың жоспары 30 млрд м3 құрайды.

2020 жылы газ экспортының көлемі 10,7 млрд м3 құрады (2020 жылдың жоспарына 101%). 2021 жылға арналған жоспар да сол көлемде, яғни 10,7 млрд м3 құрайды.

2020 жылдың қорытындысы бойынша 3,2 млн тонна сұйытылған газ өндірілді. (2020 жылдың жоспарына 100%). 2021 жылға арналған жоспар да сол көлемде – 3,2 млн тонна. 

Сондай-ақ Президенттің Қазақстан халқына Жолдауы шеңберінде 2021 жылдың соңына қарай сұйытылған мұнай газы электрондық сауда алаңдары арқылы өткізуге толық көшіріледі, бұл осы саланың ашықтығы мен бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етеді, сондай-ақ бизнес үшін әкімшілік кедергілерді азайту мақсатында «Газ желісі ұйымдарын» аккредиттеу институты жойылатын болады.

2020 жылы 51 газдандыру жобасын іске асыру үшін 38,5 млрд теңге бөлінді. 13,8 млрд теңге сомасына 19 жобаны аяқтау нәтижесінде елді газдандыру деңгейі 53,07%-ын құрап, (2019 жылы 51,47%) 9,84 млн адам газға қол жеткізді.

Энергетика министрі Н. Ноғаев газдандыруға бөлінетін қаражат жыл сайын ұлғайып келе жатқанын атап өтті. Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес талдау жүргізіліп, құны 302 млрд теңгеден асатын, пайдаланушы ұйымдардың теңгеріміне берілмеген 1 227 нысан анықталды.

Бүгінгі таңда жалпы сомасы 91,8 млрд теңгеге 427 нысан берілді. Қосымша, жалпы сомасы 15 млрд теңгеге 57 нысанды өткізу туралы қаулы жобасы әзірленді. Халықты газдандыру үлесі 2021 жылдың соңына қарай 53,8% деңгейінде болжануда немесе 140 мың адам газға қол жеткізетін болады.

Сондай-ақ 2021 жылы газ саласын дамытудың Кешенді жоспарын бекіту және Қазақстан Республикасын газдандырудың бас схемасын жаңарту жоспарлануда, бұл елдің энергия ресурстарын тиімді пайдалануға және газ тарату желілерін салу кезінде бюджет қаражатын ұтымды бөлуге мүмкіндік береді.

Министрлік қызметінің келесі бағыты – мұнай-газ-химия өнеркәсібін дамыту.

Қазіргі уақытта республикада хош иісті көмірсутектер өндірісі, полипропилен және бензинге арналған октанды жоғарылататын қоспалар шығаратын зауыт, сондай-ақ майлау майларын шығаратын зауыттар жұмыс істейді.

Жаңа кәсіпорындар іске қосылып, жұмыс істеп тұрған зауыттардың өнім шығару көлемінің ұлғаюына байланысты жыл сайын мұнай-газ-химия өнімдері өндірісінің өсуі байқалады. Осылайша, 2020 жылы 360 мың тонна өнім шығарылды, бұл 2016 жылмен салыстырғанда 6 есе көп.

2020 жылдың қорытындысы бойынша мұнай-газ-химия өнімдері өндірісінің өсуі 2019 жылмен салыстырғанда 155%-ға артты, оның ішінде өнімнің 80%-ы экспортталды.

Ағымдағы жылдың сәуір айында Air Liquide Eastern S. A. француз компаниясы «ҚазМұнайГаз» АҚ-мен бірлесіп, Атырау облысында құны $16 млн техникалық газ өндіру (қуаты 91 млн м³) зауытын іске қосты.

Бүгінгі таңда Атырау облысында полипропилен шығаратын (қуаты жылына 500 мың тонна) және Шымкент қаласында метил-трет-бутил эфир және ұнтақ полипропилен (қуаты 57 мың және 81 мың тонна) шығаратын екі зауыт салынып жатыр, жобалардың жалпы ілгерілеуі тиісінше 87% және 99%-ды құрайды.

Полипропилен өндіру зауыты іске қосылғаннан кейін бірінші кезекте 11 түрлі өнім шығарылып, кейіннен оның саны 64 түрлі өнімге дейін кеңейтілетін болады.

Бүгінгі таңда жер қойнауын пайдалануға арналған 273 келісімшарт, оның ішінде көмірсутектер бойынша 251 келісімшарт және уран бойынша 22 келісімшарт жасалды.

2020 жылы 11 келісімшарт жасалды.

Геологиялық барлау жұмыстарына инвестиция көлемі 99,6 млрд теңгені құрады. 2020 жылдың 1 қыркүйегінен бастап жер қойнауын пайдалануға арналған электрондық аукциондар ұйымдастырылған. Бүгінгі таңда 2 электрондық аукцион өткізілді, онда 15 учаске өткізіліп, қол қою бонусының жиынтық сомасы 10,8 млрд теңгені құрады. Қазіргі уақытта Министрлік жер қойнауын пайдаланушылардың ғылыми-зерттеу және (немесе) тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландыру жөніндегі міндеттемелерін орындауы бойынша жұмыс жүргізуде.

Жер қойнауын пайдаланушылардың ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландыруы бойынша міндеттемелері жер қойнауын пайдалануға арналған 175 келісімшартта (барлығы – 273) көзделген. 2020 жылдың қорытындысы бойынша жер қойнауын пайдаланушылар 17,1 млрд теңгеге ғылыми зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландырды. 

«Мемлекет басшысының 2020 жылғы қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауына сәйкес ғылым мен технологияларды қаржыландыру процесінің ашықтығын қамтамасыз ету, жалпыұлттық ғылыми басымдықтарды ескере отырып, бюджет арқылы өндіру шығындарының 1% мөлшерінде Ғылыми зерттеу және тәжірибелік конструкторлық жұмыстары жобаларын қаржыландыру жөніндегі келісімшарттық міндеттемелер шеңберінде жер қойнауын пайдаланушылардың қаражатын жинау мен бөлуді орталықтандыру тапсырылды. Сонымен қатар 2024 жылы – 100% (2022 жылы - 50%, 2023 жылы – 75%) жер қойнауын пайдаланушылардың республикалық бюджет арқылы (жаңа бюджеттік бағдарлама арқылы) ғылымға өндіруге арналған шығындардың 1% мөлшерінде аударымдарын орталықтандыруға кезең-кезеңмен көшу жолымен ғылыми зерттеу және тәжірибелік конструкторлық жұмыстар жобаларын қаржыландыру тетігі әзірленді», — деді ол.

Әзірленген тетік мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптаманы міндетті түрде жүргізе отырып (сараптама ғылыми жаңалықты, өзектілігін және жобаның ғылыми басымдықтарға сәйкестігін айқындау үшін қажет) және ғылыми зерттеу және тәжірибелік конструкторлық жұмыс жобаларын қаржыландыру туралы шешім қабылдау үшін тиісті ұлттық ғылыми кеңестің қарауына шығара отырып, конкурстық негізде ғылыми зерттеу және тәжірибелік конструкторлық жұмыс жобаларын іріктеуді көздейді.

Бұл ретте Ғылыми зерттеу және тәжірибелік конструкторлық жұмыс жобалары Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Жоғары ғылыми-техникалық комиссия бекіткен жалпыұлттық ғылыми басымдықтарға сәйкес іріктелетін болады.

Келесі жоба Жер қойнауын пайдалануды басқарудың бірыңғай мемлекеттік жүйесі (ББМЖ) болып табылады. 2014 жылдан бастап жұмыс істейтін осы Жүйе жер қойнауын пайдаланушылар үшін есептілікті ұсыну құралы болып табылады. Сондай-ақ бұл жүйеде лицензиялық-келісімшарттық шарттардың орындалуына мониторинг жүзеге асырылып, мұнай өндіру, тасымалдау және өңдеу бойынша жедел ақпарат жиналады.

«Бүгінгі таңда бірыңғай мемлекеттік басқару жүйесінде 147 жер қойнауын пайдаланушы тіркелген. Министрліктің 3 мемлекеттік қызметі автоматтандырылған», — деді Н. Ноғаев.

Осы жоба шеңберінде Министрліктің функцияларын автоматтандыру бойынша:

  • Мұнай және мұнай өнімдерін жеткізу жоспары мен кестесін автоматтандыру;
  • Лицензиялық-келісімшарттық шарттар міндеттемелерінің орындалуын одан әрі мониторингілеу үшін қолданыстағы келісімшарттар мен оларға толықтыруларды (2018 жылға дейін жасалған) цифрландыру;
  • есептілікті электрондық форматқа толық көшіру бойынша жұмыс жоспарланған.

Қазіргі уақытта Министрлік жер қойнауын пайдаланушылардың тауарларын, жұмыстары мен көрсетілетін қызметтерін сатып алудағы жергілікті қамтуды дамытуға көп көңіл бөледі. 2020 жылдың қорытындысы бойынша жер қойнауын пайдаланушылардың тауарларын, жұмыстары мен көрсетілетін қызметтерін сатып алудың жалпы көлемі – шамамен 5,4 трлн теңге. Бұл ретте осы сатып алулардағы жергілікті қамтудың үлесі 46%-ды құрады.

Жергілікті кәсіпкерлерді мемлекеттік қолдау шеңберінде пандемия кезеңінде жер қойнауын пайдаланушылар мен олардың мердігерлерінің көмірсутектерді барлау немесе өндіру және уран өндіру жөніндегі операцияларды жүргізуі кезінде пайдаланылатын тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтерді сатып алу қағидаларына өзгерістер енгізілді, бұл жер қойнауын пайдаланушыларға конкурстық рәсімдерді өткізбей, қазақстандық тауарларды бір көзден сатып алуға мүмкіндік берді.

Мұнай-газ саласындағы жарқын бастама ретінде халықаралық мұнай компаниялары жасаған екі жобаны атап өтуге болады: халықаралық мұнай-газ машинасын дамыту орталығы және жергілікті қамтуды дамытудың тікелей инвестициялар қоры. 

Машина жасау орталығы техникалық талаптарға сәйкес келмеу мәселелерін шешу және ірі мұнай-газ кәсіпорындары үшін қажетті жергілікті тауар өндірушілердің өнеркәсіптік құзыретін арттыру үшін құрылған.

Сонымен қатар, Шеврон компаниясы қазақстандық кәсіпорындарға инвестициялау мақсатында жергілікті қамтуды дамытудың Тікелей инвестициялар қорын құрады. 

Осындай бастамалардың арқасында біз мұнай-газ саласына арналған тауарлар өндіретін өз жүйемізді қалыптастыруға тиіспіз.

Қазақстанда электр энергиясын өндіруді әртүрлі меншік нысанындағы 181 электр станциясы жүзеге асырады.

2020 жылы қуат нарығы шеңберінде электр энергиясын өндіру секторына тартылған инвестициялар көлемі 82 млрд теңгеден асты.

Бүгінде Қазақстан Республикасының Біртұтас электр энергетикалық жүйесі штаттық режимде жұмыс істейді. 

2020 жылы электр энергиясын өндіру көлемі 108 млрд кВтсағ құрады (2020 жылдың жоспарына 102,7%, НКИ – 102%). Бұл ретте, 107,3 млрд кВтсағ электр энергиясы тұтынылды, бұл елдің электр энергиясына деген қажеттілігін толық жабылғанын көрсетіп отыр.

Республикалық бюджеттің есебінен 31,4 млрд теңге сомасына 24 жоба жүзеге асырылуда, оның ішінде 6 жоба аяқталды (сомасы – 3,6 млрд теңге).

6 жобаның іске асырылуы шамамен 120 мың адамды сенімді және үздіксіз электрмен жабдықтауға; 18,1 мың адамды және 10 әлеуметтік нысанды жылумен жабдықтауға мүмкіндік берді.

Құрылыс кезеңінде 902 жұмыс орны құрылды, оның ішінде уақытша 718, тұрақты – 184 жұмыс орны.

Салаға инвестициялар ағынын ұлғайту мақсатында Министрлік электр станцияларын жаңарту, реконструкциялау және жаңарту үшін шекті жол берілетін лимитті жылына 10-нан 30 млрд теңгеге дейін ұлғайту жөнінде шаралар қабылдады.

Маневрлік қуаттар құрылысын ынталандыру үшін қолданыстағы электр энергетикасы туралы заңнамаға түзетулер енгізілді.

Саладағы маңызды сәттердің бірі – нарықта ашықтықты жүзеге асыру үшін Электр энергиясының орталықтандырылған сауда жүйесін (КОРЭМ сауда алаңы) реформалауды атап өтуге болады.

2021 жылы 109 млрд кВтсағ электр энергиясын өндіру жоспарланған.

Биыл «Электр энергетикасы туралы» Заңға сәйкес маневрлік қуаттар салуды ынталандыру және гидроэнергетиканы дамыту жоспарын іске асыру жұмыстары жалғасатын болады.

Сонымен қатар бүгінгі таңда Министрлік электр станциясының аймағын, түрін, Қазақстан Республикасының біртұтас энергетикалық жүйесі аймағындағы маневрлік қуаттардың қажетті көлемін айқындай отырып, генерациялаудың маневрлік режимі бар генерациялайтын қондырғыларды орналастыру жоспарын (бұдан әрі – Орналастыру жоспары) әзірлеп, бекітті. 

Генерациялаудың маневрлік режимі бар генерациялайтын қондырғыларды орналастыру жоспарында маневрлік қуаттар салу үшін перспективалы алаңдар айқындалған.

Сондай-ақ 2021 жылдың соңында инвестициялық жобаларды іріктеудің аукциондық сауда-саттығын өткізу жоспарлануда. Маневрлік қуаттарды дамыту – электр энергиясын тұтынудың өсуін және энергия теңгеріміндегі баламалы және жаңартылатын энергия түрлерінің үлесін ескере отырып, елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажетті шарт болып табылады.

Бұдан басқа, ағымдағы жылы Smart Grid тұжырымдамасын әзірлеу жоспарлануда, ол генерациялау, тасымалдау және тұтыну бөлігінде нақты уақыт режимінде деректерді автоматтандыруды қамтамасыз етуге бағытталған.

Энергетика жүйесінің тұтастығын қамтамасыз ету жөніндегі тапсырманы орындау үшін мамандандырылған ұйымды тарта отырып, Батыс аймақтың электр желілерін Біртұтас электр энергетикасы жүйесімен біріктіру жөніндегі неғұрлым оңтайлы шешімді айқындау мақсатында алдын ала техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеу жүзеге асырылып жатыр.

Осы біріктіруді үш ықтимал бағыт бойынша 500 кВ желісін салу арқылы іске асыруға болады:

  • Ақтөбе қаласынан Атырау қаласына дейін;
  • Жезқазған қаласынан Атырау қаласына дейін;
  • Шымкент қаласынан Маңғыстау облысының Бейнеу ауылына дейін. 

«Осы іс-шараны іске асыру батыс өңірлердің тұтынушыларын сенімді электрмен жабдықтауды қамтамасыз етуге және елдің энергия жүйесіндегі теңгерімсіздіктерді реттеу үшін маневрлік қуат ретінде өңірдің газ генерациясының әлеуетін іске қосуға мүмкіндік береді», — деді Н. Ноғаев.

Қазақстанның біртұтас электр энергетикалық жүйесінің Батыс аймағының электр желісін күшейту жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін Орал – Оң жағалау – Индер – Атырау – Құлсары – Теңіз бағытында 220 кВ қолданыстағы транзитінің екінші тізбегінің электр желілік нысандарын салу жөніндегі жоба басталды. 

Еліміздің оңтүстік өңірлерінде апатты ажыратуларды болдырмау мақсатында Оңтүстік Қазақстан Гидроциркуляциялық электр станциясы-Жамбыл-Шымкент бағыты бойынша 500 кВ электр беру желісін салу, сондай-ақ бұрыннан бар электр желілерін жаңғырту арқылы ұлттық электр желілерін күшейту бойынша жұмыс жүргізу қажеттілігі туындап отыр. 

Дамудың ұзақ мерзімді трендтеріне жүргізілген талдау көміртексіз энергия көздері барған сайын сұранысқа ие болып келе жатқанын көрсетеді.

Соңғы жылдары жаңартылатын энергия көздері Қазақстанның энергетикалық кешенін дамыту векторларының біріне айналды.

«Өз кезегінде, 2020 жылы біз «Жасыл экономика» тұжырымдамасы шеңберінде өзімізге алған міндеттемелерді орындап, елдің жалпы энергия теңгеріміндегі жаңартылатын энергия көздерінің үлесін 3%-ға дейін жеткіздік. Соңғы 5 жылда жаңартылатын энергия көздері нысандарының белгіленген қуаты 7 есеге жуық – 2015 жылғы 240 МВт-тан 2020 жылы 1635 МВт-қа дейін өсті», — деді Н. Ноғаев.

2020 жылдың қорытындысы бойынша республикада 115 нысан жұмыс істейді. Жаңартылатын энергетика нысандары өндіретін электр энергиясының көлемі 3,2 млрд кВт/сағ құрады.

Айта кету керек, секторға шамамен $1,5 млрд инвестиция тартылып, 1310 тұрақты жұмыс орны құрылды, сондай-ақ ел өңірлерінде жыл сайын шамамен 3000 уақытша жұмыс орны құрылады. 

«2021 жылы жалпы қуаты 381,1 МВт болатын 23 жобаны іске асырып, шамамен $370 млн инвестиция тарту күтілуде. Осылайша, құрылыс кезеңінде 2500 жұмыс орны және 80 тұрақты жұмыс орны құрылатын болады. Биылға арналған жоспар – шамамен 3,5 млрд кВт.сағ. жаңартылатын энергия көздерін өндіру», — деді энергетика министрі.

Қазақстан табиғи уранның әлемдік нарығында көшбасшылық позицияны сақтап, әлемдік уранның 42%-ын өндіреді. 

2020 жылдың қорытындысы бойынша уран өндіру көлемі 19 586 тоннаны құрады (жоспарға 101%). «Цифрлық кеніш» жобасын енгізу бойынша жұмыстар аяқталды. ҚР мен РФ Үкіметтері арасындағы Ядролық оқ-дәрілерді кәдеге жарату кезіндегі өзара есеп айырысулар туралы келісім шеңберіндегі мәселе реттелді.

Атом энергиясын пайдалану саласындағы азаматтық-құқықтық жауапкершілік мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды.

Осылайша, елде ядролық залал үшін азаматтық жауапкершілік туралы Вена Конвенциясы шеңберінде халықаралық міндеттемелер іске асырылатын болады.

Сондай-ақ 2021 жылы жалпы ауданы 18 311 шаршы км (100%) бұрынғы Семей сынақ полигонын кешенді экологиялық тексеруді аяқтау жоспарлануда. 

Зерттеу нәтижесінде бұрынғы сынақ алаңының бүкіл аумағының радиоэкологиялық жағдайы анықталады.

«Семей сынақ полигоны жабылуының 30 жылдығына орай полигонның ластанған жерлерінде ядролық және радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін «Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы» Қазақстан Республикасының Заңын қабылдау жоспарлануда», — деді Н. Ноғаев.

Бүгінгі таңда Қазақстан табиғи уранды өндіруге және жеткізуге ғана емес, сондай-ақ қосылған құны жоғары, қайта өңделетін уран өнімін өндіруге және өткізуге де мүдделі.

Мәселен, уранды қайта өңдеу бойынша «Үлбі металлургия зауыты» АҚ базасында уран диоксидінің ұнтақтары өнімі, отын таблеткалары шығарылады және аршылуы қиын уран бар материалдар өңделеді.

Бұдан басқа, «Қазатомөнеркәсіп «ҰАК» АҚ компаниясы «Үлбі металлургия зауыты» АҚ базасында дайын ядролық отын (жылу бөлетін құрамалар) шығаратын зауыт салу жобасын іске асыруда.

Министрлік қызметінің келесі маңызды саласы-мемлекеттік қызмет көрсету. 

2020 жылы Министрлік 3 409 мемлекеттік қызмет көрсетті, оның ішінде электрондық форматта 3 143 мемлекеттік қызмет, бұл 92,2%-ды құрайды.

Жалпы, Министрлікпен 24 түрлі мемлекеттік қызмет көрсетіледі, оның ішінде 23 мемлекеттік қызмет электронды форматта көрсетіледі, бұл автоматтандырудың 96%-ын құрайды, қағаз түрінде 1 мемлекеттік қызмет көрсетіледі, оны ағымдағы жылы Мемлекеттік қызметтер тізілімінен алып тастау жоспарлануда (тиісті заң жобасы Парламент Мәжілісінде орналасқан).

Осылайша, ағымдағы жылы мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді 100%-ға дейін автоматтандыруға қол жеткізу жоспарлануда. 

Көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану, мұнай өнімдерін өндіру, газ және газбен жабдықтау салаларында 2020 жылы 169 бақылау іс-шарасы жүргізілді.

Жер қойнауын ұтымсыз пайдаланғаны үшін 2020 жылы 654 млн теңге сомасында залал өндірілді. Электр энергетикасы мен атом энергиясы саласында мемлекеттік бақылау шеңберінде 1276 бақылау іс-шарасы, оның ішінде 332 жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Бұл ретте нормативтік құқықтық актілердің талаптарын бұзушылықтарды жоюға 318 ұйғарым, сондай-ақ атом энергиясы саласында 1152 лицензия берілді. 

Н. Ноғаевтың айтуынша, Энергетика министрлігі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелеріне ерекше назар аударады.

Мәселен, 2020 жылы Министрліктің бастамасы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірлесіп, сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізілді, оның қорытындысы бойынша 131 іс-шара әзірленді.

«Бүгінгі таңда іс-шаралардың 123-і немесе 94%-ы орындалды, бұл Министрліктің салалық бөлімшелерінің қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге әсер етті. Жүргізілген жұмыс қорытындысы бойынша Министрлік алдын алу шараларын қабылдады, атап айтқанда, басшылық құрамның лауазымдық нұсқаулықтарына өзгерістер енгізілді; сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа стандарттар бекітілді; министрлікте мүдделер қақтығысын басқару жөніндегі ереже; сыбайлас жемқорлыққа қарсы жоспарды әзірлеу жөніндегі қағидалар бекітілді», — деді Н. Ноғаев. 

Бұған қоса, 2020 жылғы қыркүйекте Министрлікте сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізу жөніндегі жұмыс тобы бекітілді. Жұмыс процестерін оңтайландыру және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендету мақсатында Министрлік салаларды цифрландыру бойынша жұмыс жүргізуде.

Жүргізілген жұмыстардың нәтижелері бойынша «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесі мемлекеттік сатып алу саласында ұсынымдар әзірледі (бір көзден алу тәсілімен 35%-ға дейін төмендетілді), мүдделі жеке және заңды тұлғалар үшін жедел желі телефоны, Telegram чат ұйымдастырылды (онда 400-ге жуық қатысушы тіркелген және салалық бағыттар бойынша мәселелер жедел түрде қаралады).

«Біздің салаларға пандемия қатты әсер етті, соның салдарынан мұнай бағасы төмендеп, бұл ОПЕК+ келісімі аясында мұнай өндіруді шектеуге әкелді. Бірақ әріптестеріміздің қажырлы еңбегінің арқасында Қазақстанның энергетикалық жүйесі пандемия соққысына төтеп берді. Вирусқа қарамастан, адамдар электр станцияларында, мұнай өңдеу зауыттарында, кен орындарында жұмыс істеп, елді қажетті энергиямен қамтамасыз етті», — деп түйіндеді Н. Ноғаев. 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу