Өнеркәсіп, құрылыс, жұмыспен қамту: Жамбыл облысының 2020 жылғы даму қорытындысы

Жамбыл облысының әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығын көрсететін негізгі позицияларды, сөзсіз, өнеркәсіп, сауда, ауыл шаруашылығы тәрізді жетекші салалар қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, пандемияға қарамастан, 2020 жылы көптеген көрсеткіштер бойынша экономиканың басқа да салалары даму қарқынын төмендетпеді. Бұл туралы 26.01.2021 ж. Президент Қ. Тоқаевтың қатысуымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында ҚР Премьер-Министрі А. Мамин айтты. Үкімет басшысы сондай-ақ Жамбыл облысын тұрғын үйді іске қосу қарқыны бойынша көшбасшылар қатарында атады. Жалпы, облыстың 2020 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі нәтижелері туралы және ағымдағы жылға жоспарлары қандай, бұл туралы шолудан оқыңыздар.

2020 жылдың қорытындысы бойынша өңір барлық негізгі экономикалық көрсеткіштер бойынша өсу серпінін сақтап қалды.

2020 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша Жамбыл облысының жалпы өңірлік өнімі 1205 млрд теңгені құрады, нақты көлем индексі - 103,4%. 2020 жылдың қорытындысы бойынша экономикалық өсім 102,2% құрады.

Өнеркәсіп, сауда, көлік, инвестиция, құрылыс, тұрғын үй салаларында оң динамика байқалады. Жеке табыс орташа республикалық көрсеткіштен асып түсті.

Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 3,1%-ға (504,9 млрд теңге), ауыл шаруашылығы – 5,1%-ға (381,9 млрд теңге), құрылыс – 28,2%-ға (186,4 млрд теңге), пайдалануға берілген тұрғын үй – 21,7%-ға (617,5 мың м2), байланыс – 3,1%-ға (7,3 млрд теңге) артты. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 12,7%-ға (344,1 млрд теңгеге) өсті.

2020 жылы инфляция деңгейі 7,3% құрады. Азық-түлік тауарларының бағасы  11,2%, азық-түлік емес тауарларға – 5,6%, ақылы қызметтерге – 3,7%-ға өсті. Облыс бойынша инфляция деңгейі орташа республикалық көрсеткіштен 0,2%-ға төмен (ҚР – 7,5%). Жұмыссыздық деңгейі – 4,9% (ҚР – 5%).

Облыстың өз кірістері 8,9%-ға ұлғайды (ҚР – 108,4%), бюджетті игеру 100% құрады.

 

Экономикалық белсенділікті қалпына келтіру шаралары: кәсіпкерлердің өнімдері мен қызметтерінің көлемі 1,2 есе артып, 467,4 млрд теңгені құрады

Пандемияның қиын жағдайында, ең алдымен, халыққа уақытылы әлеуметтік қолдау көрсету, жалақысыз қалған адамдарға қолдау көрсету маңызды болды.

Шағын және орта бизнес ең қиын жағдайға тап болды. Облыста 70 мыңға жуық шағын және орта бизнес субъектілері жұмыс істейді, онда 126,5 мың адам жұмыспен қамтылған (қаңтар-қыркүйектегі жағдай бойынша). Бірақ пандемияның теріс әсеріне қарамастан, мемлекеттің көрсетіп отырған қолдауы нәтижесінде кәсіпкерлердің өнімдері мен қызметтерінің көлемі 1,2 есеге артып, 467,4 млрд теңгені құрады. 

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша шағын және орта бизнес субъектілеріне мемлекеттік қолдау көрсетіліп, 11 млрд теңге бөлінді. Несиелер бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялауға 278 кәсіпкерге 1,1 млрд теңге бөлінді.

«Еңбек» бағдарламасы шеңберінде кәсіпкерлікті қолдау үшін жаңа бизнес бастамаларды іске асыруға 7,8 мың адам 4,3 млрд теңгеге қайтарымсыз мемлекеттік грант алды, 1,3 мың кәсіпкер 5,4 млрд теңгеге шағын несие алды.

Дағдарысқа қарсы шаралар шеңберінде 14,1 мың бизнес субъектісі 2 млрд теңгеге салықтық ынталандыру алды, 7 40 субъектіге 3,9 млрд теңге сомасына несие төлеуді кейінге қалдыру мүмкіндігі ұсынылды.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын ұстап тұру үшін 2 көтерме-тарату орталығы ашылды.

Пандемия кезінде, бүкіл ел бойынша сияқты, аймақтың көптеген тұрғындары әлеуметтік көмек алды. Облыс бойынша 185 мың адам төтенше жағдай кезеңінде 11,9 млрд теңге сомасында әлеуметтік төлем алды.

 

Жамбыл облысының өнеркәсіп саласында 2020 жылдың қорытындысы бойынша өсу қарқыны 103,1% құрады

Өнеркәсіп саласында 2020 жылдың қорытындысы бойынша Жамбыл облысының кәсіпорындары 504,8 млрд теңгеге өнім өндірді, өсу қарқыны 2019 жылдың тиісті кезеңіне 103,1% құрады.

Өңдеу өнеркәсібінің өнім шығару көлемі 370,5 млрд теңгені немесе өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 102,7% құрады. Облыс өнеркәсібіндегі өңдеу өнеркәсібінің үлес салмағы – 73,4%.

Дамудың оң серпіні негізінен өңдеуші өнеркәсіптің мынадай салаларында: химия өнеркәсібінде (НКИ – 104,8%), металлургия өнеркәсібінде (106,8%), өзге де бейметалл минералдық өнімдер өндірісінде (106,4%), жеңіл өнеркәсіпте (НКИ – 185,7%), мұнай өңдеу өнімдерін өндіруде (НКИ – 102,2%) өндірістің өсуі есебінен қамтамасыз етілді.


Химия өнеркәсібі кәсіпорындары 175,5 млрд теңгеге өнім шығарды, өсу қарқыны 2019 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 104,8% құрады. Өнеркәсіптегі саланың үлес салмағы – 34,8%.

Металлургия өнеркәсібі кәсіпорындары 65 млрд теңгеге өнім өндірді, НКИ – 2019 жылғы деңгейге 106,8%. Өнеркәсіптегі саланың үлес салмағы – 12,9%.

Жеңіл өнеркәсіп өнімінің көлемі 3,6 млрд теңгені немесе 2019 жылдың сәйкес кезеңіне 185,7% құрады, өнеркәсіптегі саланың үлес салмағы – 0,7%.

Қарастырылып отырған кезеңде мұнай өңдеу өнімдерінің өндірісі 12,4 млрд теңгені, НКИ – 102,2% құрады. Өнеркәсіптегі саланың үлес салмағы – 2,5%.

 

Ауыл шаруашылығына 29,5 млрд теңге инвестиция тартылды

2020 жылдың қорытындысы бойынша Жамбыл облысы бойынша ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 381, 9 млрд теңгені құрады, НКИ – 105,1%, оның ішінде өсімдік шаруашылығында – 223,2 млрд теңге, НКИ – 106,4%, мал шаруашылығында – 157,7 млрд теңге, НКИ –103,2%.

Салаға 29,5 млрд теңгеге инвестиция тартылды, 2019 жылмен салыстырғанда өсім 113% құрады.

2020 жылдың 3 тоқсанының қорытындысы бойынша 2019 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігі 105%-ға артып, бір қызметкерге 891,7 мың теңгені құрады.


Өткен жылы облыстың ІҚМ саны өткен жылдың ұқсас кезеңінде 7,1%-ға өсіп, 453,2 мың басқа жетті, қой мен ешкі малының басы – 30 55,5 мың бас (6%-ға), жылқы – 151,6 мың бас (11,6%-ға), құс – 1781,5 мың бас (4,7%-ға) болды. 

Ет өндірісі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,9%-ға (140 мың теңге), сүт өндірісі 1,7%-ға (326,5 мың теңге), жұмыртқа өндірісі 2,1%-ға артып, 137 384,6 мың дананы құрады.


2020 жылы өңір тауар өндірушілері барлығы 1246,5 тонна ет, оның ішінде 377,5 тонна сиыр етін, 512,6 тонна қой етін экспорттады. Сондай-ақ, 356 тонна құс еті мен 0,5 тонна жылқы еті экспортталды.

Облыста барлығы 11 ірі бордақылау алаңдары жұмыс істейді, олардың сыйымдылығы 27 мың басты құрайды. Бүгінгі таңда бұл аудандарға тұқымдық түрлендіруден алынған 14 166 бас бұқа берілді.


2020 жылдың өніміне шаруашылықтардың егіс алаңдары 734,9 мың га құрап, (оның ішінде дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар 378,8 мың га, майлы дақылдар 56,5 мың га, қант қызылшасы 4,6 мың га, картоп 11,2 мың га, көкөніс-бақша дақылдары 54 мың га, жемшөп дақылдары 229,7 мың га) 2019 жылмен салыстырғанда (687,1 мың га) 47,8 мың га ұлғайды (107%-ға). Жалпы. егіс алқаптары 54,6 мың га (108%) ұлғайды.

Бүгінгі таңда 359,3 мың га масақты дәнді дақылдардан 359,3 мың га жиналды, бұл 100% құрайды. Барлығы 816,6 мың тонна астық бастырылды, орташа өнімділік гектарына 22,7 центнерді құрады.

Ауа райының қолайсыздығына байланысты 2020 жылдың өніміне 4594,4 га егістен 4329,4 га қант қызылшасы алынып тасталды, барлығы 152,3 мың тонна өнім алынды, оның ішінде 106,4 мың тонна қант зауыттарына өңдеуге тапсырылды.

2021 жылдың өніміне күздік дақылдар егуге 161,1 мың га жер дайындалды, бұл 106,6% құрады. 835 га рапсқа (104,4%), 159,1 мың га күздік бидайға (105,8%), 369,9 мың га сүдігерге (84,3%), оның ішінде қант қызылшасына 4976 га (62,2%) жер жыртылды. 

Егіс алқаптарын минералды тыңайтқыштармен қамтамасыз ету мақсатында бюджеттен 1,25 млрд теңге бөлінді. Ағымдағы жылы ауыл шаруашылығы алқаптарына 25,5 мың тонна минералды тыңайтқыш енгізу жоспарлануда.

«Еңбек» бағдарламасы бойынша 1309 үміткерге 4 939,7 млн теңге сомасында несие берілді, сома 100% игерілді. Аталған несие қаражаты келесі бағыттар бойынша берілді: егіншілік, мал сатып алу (ІҚМ, ұсақ мал, жылқы), жеке бизнес ашу.

Биыл «Жамбыл облысы халқының тұрмыстық табысын арттыру» жобасына 10 ауданның 11 пилоттық ауылдық округінен 25 елді мекен тұрғындары қатысты.

Осы жобаның 5 бағыты бойынша барлығы 8 471 млн теңге сомасында несие қаражаты игерілді, оның ішінде «Тараз» ӘКК» АҚ арқылы 2,5%-бен 2489 өтінім 7 200 млн теңге сомасына қаржыландырылды, жоспар бойынша 2459 өтінім (орындалуы – 101,2%). «МФО Тараз» ЖШС арқылы ауыл шаруашылығы кооперативтерінің айналым қаражаты мен ауыл шаруашылығы техникасына 1271 млн теңге бөлінді, кредиттік қаражат 5%-ға қаржыландырылды.

Нәтижесінде ауылдарда атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 490 адамға (1539-дан 1049 адамға дейін), өзін-өзі нәтижесіз жұмыспен қамтығандар 640 адамға (1846-дан 1206-ға дейін) азайды, жеке кәсіпкерлер және жұмыссыздар ретінде 2238 адам тіркелді.

 

«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы іске асырылған сәттен бастап жұмысқа 75,5 млрд теңге сомасына 203 жоба келіп түсті

2021 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 73,6 млрд теңгеге 154 жоба мақұлданды, оның ішінде 49,5 млрд теңге сомасына 143 жоба қаржыландырылды.

Жұмыс жүргізіліп жатқан 203 жоба бойынша салаларды бөлу келесідей:

  • агроөнеркәсіптік кешендегі өндіріс саласы – 9,2 млрд теңге сомасына 147 жоба;
  • агроөнеркәсіптік кешендегі өңдеу саласы – 1,1 млрд теңге сомасына 13 жоба;
  • көктемгі дала жұмыстары – 302,4 млн теңге сомасына 17 жоба;
  • өңдеу өнеркәсібі – 63,4 млрд теңге сомасына 11 жоба;
  • қызмет көрсету – 1,5 млрд теңге сомасына 15 жоба.

 

2020 жылы облыстың негізгі капиталына инвестиция көлемі 344,1 млрд теңгені құрады


2020 жылы облыстың негізгі капиталына инвестициялар көлемі 344,1 млрд теңгені құрады,  өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өсім – 12,7%. Өнеркәсіп секторында – 115,6 млрд теңге, білім беруде – 21,5 млрд теңге, аграрлық секторда 29,5 млрд теңге инвестиция салынды.

 

«Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы іске асырылған сәттен бастап барлық қаржылық қолдау құралдары бойынша 2157 жоба іске асырылуда

2020 жылғы қаңтар-қыркүйекте ШОБ субъектілерінің өнім шығаруы 467,4 млрд теңгені немесе 2019 жылдың тиісті кезеңіне 122,3% құрады.

ШОБ-та жұмыспен қамтылғандар саны 126 459 адамды құрады, оның ішінде 40 474 – заңды тұлғалар, 61 405 – жеке кәсіпкерлер, 24 580 – шаруа және фермер қожалықтары.

Бүгінгі күні облыстың шағын және орта бизнес субъектілерін қаржылық қолдау «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде көрсетіледі (пайыздық мөлшерлемені субсидиялау; банк кредиттері бойынша кепілдік беру; өндірістік (индустриялық) инфрақұрылымды дамыту; гранттық қаржыландыру).

2020 жылы «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы аясында облыс кәсіпкерлеріне 1,7 млрд теңге сомасына мемлекеттік қаржылық қолдау көрсетілді: 

  • пайыздық мөлшерлемені субсидиялау – 1,1 млрд теңге;
  • банктік несиелер бойынша кепілдендіру – 428,6 млн теңге;
  • гранттық қаржыландыру – 171 млн теңге.

Бағдарламаны іске асырған сәттен бастап барлық қаржылық қолдау құралдары бойынша (2010-2020 жж.) жалпы сомасы 119,3 млрд теңгеге 2157 жоба іске асырылуда.

 

«Нұрлы жер», «7-20-25», «Баспана», жастарға арналған жалға берілетін тұрғын үй бағдарламаларын іске асыруға ерекше назар аударылды

Өткен жылы қолжетімді тұрғын үй беру жөніндегі бағдарламаларды іске асыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Жыл қорытындысы бойынша облыс осы бағытта жоғары көрсеткіштерге қол жеткізді. 2020 жылы барлығы 1206 адам тұрғын үймен қамтамасыз етілді, оның ішінде:

  • «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған көп балалы аналар, көп балалы отбасылар – 269 адам ;
  • әлеуметтік осал топтар – 445 адам;
  • жетім балалар – 189 адам;
  • бюджеттік мекеме қызметкерлері – 303 адам.

 

«7-20-25» бағдарламасы бойынша 576 азамат несие алды

«Қазақстанның тұрақтылық қоры» АҚ ақпараты бойынша 2020 жылы Жамбыл облысының екінші деңгейлі банктеріне түскен 966 өтініштің 620-ы қолдауға ие болды және 576 азамат 4 042 655,574 теңге сомасында несие ресімдеді.

 

Облыста Асар дәстүрі қайта жанданды

 

Жобаның мақсаты – Асар дәстүрі бойынша мұқтаж азаматтарға арналған үйлер салу. Жоба аясында облыс бойынша 123 үйдің кілтін беру жоспарлануда. Бүгінгі таңда 100-ден астам үй пайдалануға берілді. Қалғандарының құрылысы жақын арада аяқталады.

 

«Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жергілікті маңызы бар автожолдарды жөндеу бойынша 20 жоба жүзеге асырылды

«Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында автожол саласында «Жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы облыстық және аудандық маңызы бар автожолдардың үлесі» 1 нысаналы индикаторы көзделген. Индикатор бойынша  2020 жылы – 71%, 2021 жылы – 75%, 2022 жылы – 80%, 2023 жылы – 85%, 2024 жылы – 90%, 2025 жылы – 95% республикалық көрсеткішке қол жеткізу көзделген.

Жалпы 2020 жылы бағдарлама шеңберінде 243,9 км жергілікті маңызы бар автожолдарды жөндеу бойынша 20 жоба іске асырылды (2021 жылға ауыспалы 1 жоба).

Бұл мақсаттарға 7,5 млрд теңге бөлінді, оның ішінде республикалық бюджеттен – 3,7 млрд теңге, облыстық бюджеттен – 3,8 млрд теңге бөлініп, толығымен игерілді.

Осы қаражат есебінен 7,4 км жолды салу, 3,2 км жолды реконструкциялау және 233,3 км жолды орташа жөндеу бойынша жұмыстар жүргізілді.

Оның ішінде: 

  • 165,6 км /12 объект/ – облыстық маңызы бар автожолдар (7,4 км – салу; 3,2 км – реконструкциялау; 155 км – орташа жөндеу);
  • 78,3 км/ 8 объект / – аудандық маңызы бар автожолдар (орташа жөндеу).

Жүргізілген жұмыс нәтижесінде 2020 жылы «Жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы облыстық және аудандық маңызы бар автожолдардың үлесі» индикаторлық көрсеткіші 85%-дан 90%-ға дейін жеткізілді, жоспарлы көрсеткіш жыл қорытындысы бойынша орындалды.

2021 жылы «Нұрлы жол»  бағдарламасы аясында 5 жобаны іске асыруға 2,3 млрд теңге бөлінді, оның ішінде: 

  • республикалық бюджеттен – 1,1 млрд теңге; 
  • облыстық бюджеттен - 1,2 млрд теңге.

Қаражат есебінен 4,6 км жаңа жол салынып, 70 км жолға орташа жөндеу жұмысы жүргізіледі.

Алайда, бұл бағдарлама шеңберінде ҚР ИИДМ Автомобиль жолдары комитетімен келісілген 2021 жылғы жоспарлы мәнге (95%) қол жеткізу үшін жеткіліксіз.

Осыған байланысты, 2021 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылауға ұсынылған 31 жобаны іске асыруға республикалық бюджеттен қосымша 4 039,6 млн теңге бөлу қажет.

 

Облыс бойынша жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен 77 424 адам қамтылды

Облыс бойынша жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен 77424 адам қамтылды, оның ішінде 57381 адам – «Еңбек» бағдарламасы бойынша, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бойынша – 20043. Бағдарламаның бірінші бағыты бойынша қысқа мерзімді оқытуды 1566 адам аяқтады, оның 1546-ы жұмысқа орналастырылды, 19-ы гранттар алды. Жүргізілген іс-шаралардың нәтижесінде 2020 жылғы 3-тоқсанда жұмыссыздық деңгейі 4,9% құрады.

«Жұмыспен қамтудың Жол картасын» іске асыруға 809 жобаға 64,2 млрд теңге бөлінді

Осы бағдарламаны іске асыру нәтижесінде облыс бойынша 20 043 жұмыс орны құрылды (жоспар – 19 615), оның ішінде халықты жұмыспен қамту орталықтары арқылы – 10 056 (жоспар – 9 850). Бұдан басқа, жобалар аяқталғаннан кейін 1 119 тұрақты жұмыс орнын құру жоспарланған, оның ішінде жыл қорытындысы бойынша 430 жұмыс орны құрылды, қалған жұмыс орындары 2021 жыл ішінде құрылатын болады.

Бағыттар бойынша: әлеуметтік-мәдени объектілер — 13,4 млрд теңге сомасына 184 жоба, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бойынша — 28,8 млрд теңге сомасына 175 жоба, инженерлік-көлік инфрақұрылымы бойынша — 17,7 млрд теңге сомасына 328 жоба, елді мекендерді абаттандыру бойынша — 3,9 млрд теңге сомасына 122 жоба іске асырылды.

 

«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында өңірде жоспарланған 39 жобаның 14-і іске асырылды

«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 2020 жылы өңірде жоспарланған 39 жобаның ішінен  ЖБ есебінен 1,9 млрд теңге сомасына 14 жоба іске асырылды, қалған 25 жоба ағымдағы жылы орындалуға көшірумен жүзеге асырылу үстінде.

Білім беру саласында пандемия кезеңінде Қазақстандағы қазіргі жағдайды ескере отырып, 5 млрд теңге сомасына қашықтан оқыту үшін 31 315 дана компьютер сатып алынды (ЖБ – 928,4 млн теңге, РБ – 4 086,3 млрд теңге). Бүгінгі күні облыстың барлық 442 мектебі оқу процесінде қолданылатын компьютерлермен жабдықталған (10 908 – мұғалімдер үшін, 20 050 – оқушылар үшін).

Қауіпсіздік шеңберінде «Барлық аудандарда ЖБО-ға интеграцияланған бейнекамераларды орнату» бойынша жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі уақытта 2 ауданда: Қордай және Шу аудандарында осындай камералар орнатылды және ЖБО-ына кіріктірілді. Жергілікті бюджеттен 86 бірлік бейнекамераға 124 млн теңге бөлінді. Сондай-ақ, ағымдағы жылдың соңына дейін қалған 8 ауданды қамту жоспарлануда.

Көлік саласында халыққа көліктік қызмет көрсету деңгейін арттыру мақсатында жоба іске асырылды, жергілікті «Орталық диспетчерлік қызмет» ЖШС компаниясымен жеке инвестициялар есебінен 374,8 млн теңгеге «Е-билеттендіру» іске асырылды. 

«Жібек жолын іске асыру» бағыты бойынша облыс бойынша бүгінгі таңда облыстың 371 ауылдық елді мекенінің 362-сі түрлі жиіліктегі интернетпен толық қамтамасыз етілген. Ағымдағы жылдың соңына дейін интернеті жоқ 9 ауылдық елді мекенді қамтамасыз ету бойынша тиісті жұмыс жүргізілетін болады.

Ауылдық жерлердегі халыққа ыңғайлы болу үшін 2018 жылдан бастап «Цифрлық ақпараттық орталықтарды» ашу жұмыстары жүргізілуде. Бұл ауыл тұрғындарына көрсетілетіне электрондық ақпараттық қызмет көрсету саласын кеңейтуге арналған ақпараттық-анықтамалық орталық (egov.kz «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы), халықтың түрлі санаттарының әлеуметтік маңызы бар ақпарат пен анықтамаларға қолжетімділігін арттыру. Бүгінгі күні облыс бойынша 139 ауылдық округте 180 «Цифрлық ақпараттық орталық» және 23 коворкинг-орталық (2018-2020 жж.) ашылды.

Ауылдардағы ақпараттық орталықтарда «cao-zhambyl.kz» сайты арқылы19 154 сұраныс қанағаттандырылды, egov.kz порталы арқылы 39 997 анықтама берілді.

       

Үш ауысымды мектептер проблемасы 2021-2022 жылдары 5 жаңа мектеп салу есебінен шешілетін болады

2020 жылы облыс бойынша 22 білім беру нысанының құрылысына 10,1 млрд теңге бөлінді. Өткен жылы 13 білім беру нысаны пайдалануға берілді.

Жалпы ағымдағы жылы 22 білім беру нысанын іске асыру жоспарлануда. Оның ішінде 8 нысан 2020 жылдан өтпелі. Бұл апатты мектептер проблемасын, үш ауысымды оқыту және мектептердегі орын тапшылығы мәселесін ішінара шешуге мүмкіндік береді.

Облыста 6 үш ауысымды мектеп бар. 6 үш ауысымды мектеп мәселесі 2021-2022 жылдары 5 жаңа мектеп салу және мектепке қосымша 1 құрылыс салу есебінен шешілетін болады.

Сондай-ақ, облыста қашықтан оқитын балаларды компьютерлік техникамен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілді.

Облыс мектептерінде барлығы 52 695 компьютерлік техника бар. Оның ішінде, 2020 жылы республикалық бюджеттен 26 483 бірлік компьютерлік техника, жергілікті бюджеттен 4832 бірлік сатып алынды.

Компьютерлер аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шыққан 39 430 оқушыға, жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға және ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға уақытша пайдалануға берілді.

Бүгінгі таңда барлық оқушылар компьютерлік техникамен қамтамасыз етілген.

Сондай-ақ, аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шыққан 20 мыңнан астам оқушы роутерлермен қамтамасыз етілді.

 

2020 жылға арналған денсаулық сақтаудың жалпы бюджеті 97,1 млрд теңгені құрады

2020 жылға арналған денсаулық сақтаудың жалпы бюджеті 97,1 млрд теңгені құрады (МӘМС – 26,9 млрд теңге, ТМККК – 56,5 млрд теңге және ЖҚБ арқылы – 13,6 млрд теңге). Жұмыспен қамтудың жол картасы аясында 45,4 млн теңгеге 10 нысанды күрделі жөндеуге 943,1 млн теңге бөлінді, 4 нысанға ағымдағы жөндеу жүргізілді.

Мойынқұм аудандық орталық ауруханасының ғимараты мен Шу қалалық ауруханасының жылу жүйесіне 143 млн теңгеге күрделі жөндеу жүргізілді. «Ауыл - Ел бесігі» жобасы аясында Шу ауданында жалпы сомасы 304 млн теңгеге (250 келуге арналған) емхана салу жоспарланған.

Биыл құны 13,9 млрд теңге болатын 200 төсек-орындық онкологиялық диспансердің құрылысын аяқтау жоспарлануда.

2020 жылдың қорытындысы бойынша денсаулық сақтау саласында мынадай жұмыстар атқарылды:

  • 120 орындық «Атлетик» оңалту орталығын салу;
  • компьютерлік томограф орнату, Шу қалалық ауруханасы базасында инсульт орталығын ашу;
  • «Қамқорлық» оңалту орталығын ашу;
  • дұрыс тамақтану орталығын ашу;
  • бірінші эндокринологиялық орталықты ашу;
  • дәрігерлердің жалақысын 30%-ға және орта буын қызметкерлерінің жалақысын 20%-ға ұлғайту.

Сонымен қатар, КВИ-мен күреске тартылған 3979 медицина қызметкеріне 4,3 млрд теңге сомасында үстемақы төленді. 121 денсаулық мектебі жұмыс істейді. Халықтың 99,8%-ы электрондық денсаулық паспортымен қамтылған.

2020 жылғы 12 тамызда облыс әкімі «Пандемиясының 2 толқыны жағдайына денсаулық сақтау мекемелерінің әзірлігінің және Жамбыл облысының тұрғындары арасында COVID-19 одан әрі таралуына қызметтер мен ведомстволардың ден қоюының  Стратегиялық жоспарын» бекітті.

Бекітілген жоспарға сәйкес қазіргі кездегі жағдай бойынша облыс ауруханаларында 1200 инфекциялық төсек-орын қоры, оның ішінде 145 реанимациялық төсек-орын қоры, сондай-ақ 155 төсек-орындық карантиндік стационарлар жұмыс істейді.

Бұдан басқа, жоспар бойынша эпидемиологиялық жағдайға байланысты туындауы мүмкін 3 сценарийге сәйкес, «жасыл деңгейде» төсек-орын қоры 750 төсек-орынға, оның ішінде 75 реанимациялық төсек-орынға ұлғайтылады, «сары деңгейде» төсек-орын қоры 1 360 төсек-орынға дейін, оның ішінде 136 реанимациялық тқсек-орынды құрайды, «қызыл деңгейде» болған жағдайда COVID-19 науқастарын емдеуге арналған инфекциялық стационарлардағы төсек-орын қорының барлығы 2530 төсек-орынды, оның ішінде 268 реанимациялық төсек-орынды құрайды.  

Резерв ретінде қосымша 2000 төсек-орын дайындалуда.

Қазіргі уақытта инфекциялық стационарда 421 пациент ем алуда (төсек-орынның бос болмауы – 35%), оның ішінде 42-сі реанимация бөлімшесінде ем алуда. Карантиндік стационарда 19 адам емделіп жатыр.

Өңірдің медициналық мекемелері мен ұйымдары үшін дәрілік заттардың 2 айлық қоры бар

Бүгінгі таңда стационар аясында Бірыңғай дистрибьютор облыстың медициналық ұйымдарына 7 млрд теңгеге дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды жеткізді, оның ішінде коронавирус инфекциясын емдеу және алдын алу үшін дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдар 1,2 млрд теңгеге жеткізілді.

Амбулатория аясында 587 млн теңгеге дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар, оның ішінде «тыныс алу жолдарының ауруы» нозологиясы және «COVID-19 коронавирус инфекциясы» нозологиясы бойынша 53 млн теңгеге жеткізілді.

Дәрілік заттардың 2 айлық қоры бар.

Сонымен қатар, Қордай ауданында биологиялық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі институт базасында фармацевтикалық зауыт ғимараты салынды. Жоба бойынша жылына 60 млн доза түрлі вакциналар, оның ішінде коронавирусқа қарсы вакцина шығару күтілуде. Нысанды биыл наурыз айында пайдалануға беру жоспарланған. Қазіргі уақытта кәсіпорынды қажетті жабдықтармен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде. Жұмыс барлық GMP стандарттарына сәйкес келеді. Сондай-ақ, институт қызметкерлері үшін 3 қабатты тұрғын үй салу үшін зауыт жанынан жер учаскесі бөлінді. 60 пәтерлі үйлердің бірінде әрлеу жұмыстары жүргізілуде.

 

Отын-энергетикалық кешен, ТКШ және әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын дайындау үшін 6,1 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінді

2020 жылы облыстың отын-энергетика кешені, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын дайындау үшін 6,1 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінді.

2020-2021 жылдардағы жылыту маусымына 437 қазандық, 340 км жылу желісі, 494 км сумен жабдықтау және су бұру желісі, 1553 көп қабатты тұрғын үй, 786 білім беру нысаны, 386 денсаулық сақтау нысаны және 494 әлеуметтік-мәдени сала нысаны дайындалды. Жылыту маусымына облыстың бюджеттік ұйымдары қажетті көмір көлемімен толық қамтамасыз етілді. Сондай-ақ, халыққа 246,7 мың тонна көмір жеткізілді.

2020 жылы «ЖЭС» ЖШС 1798,94 км электр беру желісін күрделі жөндеуге және 7583,22 км электр беру желісін ағымдағы жөндеуге бөлінген 152 619, 16 мың теңге толығымен игерілді.

 

Өңірлерді дамыту бағдарламасы аясында жалпы сомасы 9,6 млрд теңгеге 417 үй жөнделді

Облыстың 4 қаласында 1 720 көппәтерлі тұрғын үй бар.

Өңірлерді дамыту бағдарламасы аясында жалпы сомасы 9,6 млрд теңгеге 417 үй жөнделді, оның ішінде:

  • республикалық бюджет есебінен 5,8 млрд теңге сомасына 252 үй;
  • қайтарымды қаражат есебінен 2,7 млрд теңге сомасына 126 үй;
  • жергілікті бюджет есебінен 1,1 млрд теңге сомасына 39 үй;

Бүгінгі күні жөндеуді қажет ететін 193 үй (11,2%) бар.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық (ТКШ) саласында коммуналдық қызметтерді ұсыну саласындағы ашықтықты, тарифтердің негізділігін және жиналған қаражаттың жұмсалуын қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік қызметтерді цифрландыру және оңтайландыру жұмыстары жүргізілуде.

Тестілік режимде E-SHANYRAQ Бірыңғай зияткерлік ақпараттық жүйесі іске қосылды, оған 1 365 көппәтерлі тұрғын үйдің 89,3% (1220 үй) қосылған.

 

Газбен жабдықтау үшін 26 жобаны іске асыруға мемлекеттік бюджеттен 15,9 млрд теңге бөлінді

2020 жылы 116 елді мекенде 210 мың адамды газбен жабдықтау үшін 26 жобаны іске асыруға мемлекеттік бюджеттен 15,9 млрд теңге бөлінді.

Осы 26 жобаның 10 жобасы – таратушы газ құбырлары, 1 –  автоматтандырылған газ тарату станциясы, 15 – кентішілік газ құбырлары. 

2019 жылмен салыстырғанда табиғи газбен қамтамасыз ету саласындағы жұмыс көлемі 2,5 есеге ұлғайды. Нәтижесінде 2020 жылы 45 елді мекенде кентішілік газ құбырларын жүргізу аяқталды, 95 мың адам газға қол жеткізді, ал қалған 71 елді мекен (115 мың адам) бойынша жұмыстар 2021-2022 жылдарға өтпелі. 01.01.2021 ж. жағдай бойынша 237 елді мекен (63,9%) немесе 936 мың адам (82,4%) табиғи газбен қамтылды.

2021 жылы Шу, Мойынқұм, Жуалы, Жамбыл, Талас аудандарының 40 елді мекенінде 89 мың адамды табиғи газбен қамтамасыз ету үшін 2 автоматтандырылған газ тарату станциясының («Шу» АГТС, «Билікөл» АГТС) құрылысын бастау жоспарлануда. Құрылыс жұмыстарының жалпы құны 5,5 млрд теңгені құрайды.

Сонымен қатар, Т. Рысқұлов ауданында 9 елді мекенді (10 мың адам) газдандыру бойынша 1,6 млрд теңге сомасына 4 жобаны іске асыру жоспарланып отыр.

Нәтижесінде 2021 жылдың соңына дейін 20 елді мекенде 16 мың адам табиғи газбен қамтамасыз етіледі, облысты газдандыру үлесі 257 елді мекенге (69,3%) немесе 952 мың адамға (83,8%) жетеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес 22 елді мекенді (Қарасу, Өтеген, Масанчи, Қаракемер, Сортөбе, Бұлар батыр, Ауқатты, Қызылсай, Күнбатыс-1, Күнбатыс-2, Отар, Гвардейск, Кенен, Үлкен Сұлутор, Сұлутөр, Көктөбе, Алға, Қоғадыр, Соғанды, Мұзбел, Аңырақай, Бел) газдандыру жобасына 11 млрд теңге бөлінді. «Отар» АГТС құрылысына 1050 млрд теңге бөлінді. Жоба пайдалануға берілді. Қазіргі уақытта газ елді мекендердің тұрғындарына беріледі. Нәтижесінде 41 тарату пунктінің 34-і, яғни 146 600 тұрғын табиғи газды пайдаланады, бұл 95% құрайды.

Сонымен қатар, 7,1 мың тұрғыны бар 6 елді мекенді (Ноғайбай, Шарбақты, Сарыбастау, Қарасай, Еңбек, Керу) газдандыру бойынша жобалық-сметалық құжаттама дайындалып, мемлекеттік сараптамаға жіберілді. Жобаларды 2021-2022 жылдары іске асыру жоспарланған.

 

367 ауылдық елді мекеннің 68,7%-ы орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған

Облыстың 4 қаласында 2021 жылдың 1 қаңтарына орталықтандырылған сумен жабдықтау 88,9% құрады:

  • Тараз қ. – 357 528 адамның 90,3% қамтылды;
  • Қаратау қ. – 30 214 адам 100% қамтылды;
  • Жаңатас қ. – 22 383 адам 100% қамтылды;
  • Шу қаласы – 36 665 адамның 60% қамтылды.

367 ауылдық елді мекеннің 68,7%-ы (252 АЕМ) немесе 681 966 тұрғынның 560 288-і (82,2%) орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілген.

2020 жылы сумен жабдықтау объектілерінің құрылысына 17,9 млрд теңге бөлінді.

2020 жылдың қорытындысы бойынша құрылыс жұмыстары аяқталып, 34 нысан пайдалануға берілді. Атап айтқанда:

  • Байзақ ауданында Жаңатұрмыс, Сеңкібай, Қостөбе, Талас;
  • Жамбыл ауданында Ақбұлақ, Жасөркен, Бәйтерек, Қызыл қайнар, Шайқорық, Танты, Қапал, Қоңыртөбе, Шайқорық станциясы;
  • Жуалы ауданында Теріс, Жұрымбай, Шыңбұлақ, Майбұлақ, Қосмұрат, Ақбастау, Алатау, Теріс-Ащыбұлақ, Ынтымақ;
  • Қордай ауданында Арал, Өтеген, Сортөбе;
  • Меркі ауданында Қазақ дихан, Т. Рысқұлов, Қостоған, Ақкөз-Қайнар, Қызылқышлақ, Мыханды;
  • Сарысу ауданында Игілік, Жаңаталап, Ұйым;
  • Т. Рысқұлов ауданында Жарлысу, Әбжаппар, Байтелі;
  • Талас ауданында Майтөбе ауылы.

2020 жылдың қорытындысы бойынша жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 60 674 адам халқы бар 38 елді мекенде жаңа орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесіне қол жеткізілді. Қамту үлесі 252 ауылдық елді мекенді (68,7%) немесе халық саны бойынша 560 288 адамды (82,2%) құрады.

2021 жылы республикалық бюджеттен 18 нысанның құрылысына (16 ауыспалы, 2 жаңа) 7,8 млрд теңге бөлінді. 2021 жылдың қорытындысы бойынша 10 ауылдық елді мекен мен Шу қаласындағы Қосқұдық шағын ауданы жаңа орталықтандырылған сумен қамту жүйесіне қолжетімділікпен қамтамасыз етілді.

Биылғы жылдың қорытындысы бойынша орталықтандырылған сумен жабдықтауға қол жеткізу көрсеткіштері құрауы тиіс:

  • қалаларда – 407 340 тұрғынды немесе 91%;
  • ауылдық елді мекендерде – 601 288 тұрғынды немесе 88,1%.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу