Павлодар облысында әлеуметтік-экономикалық бағытта барлық салада оң динамика байқалып отыр

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 5 қазан күні Павлодар облысының жұртшылығымен кездесуде Павлодардың «Қуатты өңірлер – қуатты ел» қағидаты айқын көрініс тапқан аймақ екенін айтты. Облыс экономикамыздың энергетикалық және өндірістік тірегінің бірі.

Мемлекет басшысы соңғы 3 жылда Павлодардың жалпы өңірлік өнімі 28%-ға өсіп, 3,9 млрд теңгеге жеткенін, оның ішінде ата кәсіп ауыл шаруашылығы, құрылыс, сауда және басқа да салалардың қарқынды дамып келе жатқанын тілге тиек етті. Экономиканың тамырына қан жүгіріп, іскерлік белсенділіктің артуы мемлекетіміз басты бағдар етіп ұстанған – халықтың тұрмыс сапасын, әл-ауқатын арттыру мақсатына тікелей оң әсер етері сөзсіз. Жалпы Павлодар облысы ел көлеміндегі стартегиялық міндеттерді жүзеге асыруға зор үлес қосатын, әлеуеті зор өңір. 

«Еліміздің ең көрікті мекендерінің бірі Ертіс бойына менің ықыласым ерекше болады», — деді Президент облыс жұртшылығымен кездесуде. 

Жалпы, Мемлекет басшысы айқындаған басым бағыттар – аймақтың индустриялық-инновациялық әлеуетін арттыру, энергетика өндіру саласын жоғары технологиялық бағытта ілгерілету, бұдан бөлек, дәстүрлі салалар ауыл шаруашылығы мен өндіріс, өнеркәсіп пен инвестиция тарту, шағын және орта бизнесті қолдау мен әлеуметтік сала, жұмыс пен қамту мен сауда-саттық бойынша облыстың биылғы 10 айдағы (қаңтар-қазан) даму көрсеткішіне тоқталсақ.

Өнеркәсіптік өнім өндірісі

Жоғарыда айтап өткендей, Павлодар облысы еліміздің өндірістік аймақтарының бірі. Қазір Павлодар өңірінде көмір, миттел, мыс, мырыш, аллюминий және қорғасын қорлары шоғырланған.

Аталған уақыт аралығында, яғни биыл 10 айда өңірдегі өнеркәсіптік өнім өндірісінің көлемі 2690,4 млрд теңгені құраған. Бұл былтырғы осы мерзіммен салыстырғанда 0,9%-ға төмен. Пайыздық көрсеткішпен айтқанда өнеркәсіптік өнім өндірісінің нақты көлем индексі – 2021 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 99,1%.

Өнеркәсіптік өнім өндірісінің салаларына бөліп қарастырғанда тау-кен өндіру өнеркәсібі өнім көлемі – 1,7%-ға, (оның ішінде металл кендерін өндіру 5,7%-ға), өңдеу өнеркәсібі – 0,2%-ға, электр энергиясымен, газбен, бумен, ыстық сумен және ауа баптаумен жабдықтауда – 0,5%-ға, сумен жабдықтау, яғни жинау, өңдеу және қалдықтарды жою, ластануларды жою бойынша қызмет 17,3%-ға төмендеген. Облыс басшылығы бұл көрсеткіштерді жыл соңына дейін өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда оң нәтижемен аяқтауды жоспарлауда.

Кәсіпкерлікті қолдау

Президент 2022 жылғы 26 қараша күні өткен ұлықтау рәсімінде мемлекеттік саясаттың басым бағыты кәсіпкерлік, оның ішінде шағын және орта бизнесті дамыту екенін атап өтті. Кәсіпкерліктің экономикадағы үлесін арттыру, оларды тиісті мемлекеттік қолдау құралдарымен қамтамасыз ету – әкімдіктердің басты міндеті.

Бұл ретте облыста кәсіпкерлікті қолдау картасы аясында межеленген жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мысалы, биыл бірінші жарты жылдықта кәсіпкерлікті дамыту бойынша ұлттық жобамен 10 314 адам жұмыспен қамтылған, оның 892-сі оқытылды. 892 адамның 304-і жұмыссыз азаматтар, олар жұмыс берушілердің сұранысы бойынша, 75 адам жұмыс орнында жұмыс берушілер күшімен оқытылған, 513 адам онлайн-оқудан өтті. Тек Павлодар қаласы бойынша биыл жыл соңына дейін Кәсіпкерлікті қолдау картасы шеңберінде жалпы сомасы 5,7 млрд теңге болатын 4 жобаны іске асыру жоспарлануда, бұл 132 адамды тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.

Мысалы, Кәсіпкерлікті қолдау картасы аясында «КазПромБезопасность-ПВ» ЖШС жылу алмасатын аппараттарды, ауаны салқындату аппараттарын, конвейерлер өндіру жобасы бойынша жылына 400 дана шығаратын өндірісті іске қосып, 40 адамды тұрақты жұмыспен қамтыды. Жобаның құны 200 млн теңге. «ҚазМұнайХим» ЖШС қоспалар және аз тонналы химия өндіру бойынша жалпы құны 1 млрд теңге болатын зауыт салу жобасы бойынша 40 адам жұмыспен қамтылмақ. Тағы бір жоба – «Стекломир» ЖШС қарасты қуаттылығы жылына 120 мың шаршы метр шыны пакеттерін әзірлеу өндірісі. Бұл жоба арқылы 15 адам тұрақты жұмыспен қамтылды.

Ауыл шаруашылығы 

Павлодар облысында негізгі жұмыста жұмыспен қамтылған халық саны 380,8 мың адам болса, оның 59 700-і ауыл шаруашылығында қызмет ететін азаматтар. Бұл жұмыспен қамтылған халықтың ең көп үлесі – 15,7%. Өңірде дәнді дақылдар (бидай, қара бидай, арпа, қарақұмық), бидай ұны, картоп, көкөніс және бақша өнімдері, барлық түрдегі ет, жұмыртқа, шұжық өнімдері және жартылай фабрикаттар, сүт, қайта өңделген сүт өнімдері (сары май, ірімшік, сүзбе) және басқа да өнімдер өндіріледі. Ауыл шаруашылығы саласында өткен он айдың қорытындысы бойынша оң динамика байқалады.

Мемлекет басшысы агроөнеркәсіптік кешеннің басты міндеті – елді негізгі азық-түлікпен толық қамтамасыз ету екенін айтып, тиісті органдар мен жергілікті атқарушы органдарға нақты мақсат-міндеттер жүктегені белгілі.

Бұл тапсырмалар аясында өңірде бірқатар шаралар қабылданды. Бүгінгі таңда тамақ өнімдерін өндіру облыстың өңдеу өнеркәсібі құрылымында 6,5%-ды құрайды. 

Павлодар облысындағы ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 2022 жылдың қаңтар-қазан айларында 397,7 млрд теңгені құрады. Нақты көлем индексі – 2021 жылдың тиісті кезеңіне қарағанда 102,7%, яғни 2,7 % өсім тіркелді.

Мысалы, 2022 жылдың 1 тамызына ет – 55,6 мың тонна немесе 105%, сүт – 257 мың тонна немесе 101,2% өндірілді, жұмыртқа – 6,8%-ға төмендеп, 138,8 млн дананы құрады.

Өсімдік шаруашылығында да 2,7% көлемінде (233,5 млрд теңге) өсім тіркеліп, мал шаруашылығы 2,7%-ға (163,3 млрд теңге), оның ішінде ет өндірісі 3,8%-ға (81,5 мың тонна) және сүт 2,0%-ға (377,8 мың тонна) артқан.

Қазір павлодарлық кәсіпкерлер Қазақстан аумағын айтпағанда алыс-жақын іргелес мемлекеттер Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Беларусь, Қытай, Украина, Ауғанстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Германия, Польша, Австрияға астық, бидай ұны, жарма, картоп, көкөніс пен бақша өнімдерін, күнбағыс пен ұн өнімдерін, ет пен шұжық және жартылай фабрикаттар, жұмыртқа мен сүт өнімдерін экспорттап отыр.

Негізгі экспорттаушылар қатарында – «Фуд мастер Трейд компаниясы» ЖШС, «Best Milk» ЖШС, «МолКомПавлодар» ЖШС, «Павлодар құс» ӨК ЖШС, «Ет-Бастау» ЖШС, «Рубиком» ЖШС, «Павлодар Смак» ЖШС, «Мяском» ЖШС, «Абай» ЖШС, «Аквамарин ПВ» ЖШС, «Зерноград» ЖШС, «Колос» ЖШС, «КЭММИ» ЖШС, «Ақтоғай Агро» ЖШС, «Пахарь» ШҚ» ЖШС.

Шағын және орта кәсіпкерлік

Павлодар облысында 50,6 мың шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істейді, онда облыстың 138 мыңнан астам тұрғыны еңбек етеді. Жыл басынан бері шағын және орта бизнес кәсіпорындары 199,2 млрд теңгеге өнім шығарды, бұл 2021 жылғы деңгейге қарағанда 108,6% артық. Шағын және орта бизнес субъектілерін мемлекеттік және өңірлік қолдау құралдарыммен қамтамасыз ету бойынша дәстүрлі жүйелі жұмыстар жүзеге асырылып жатыр.

Президент облыс жұртышылығмен кездесуде өнеркәсіптік әлеуетін нығайтумен қатар шағын және орта бизнеске кешенді қолдау көрсету бойынша нақты тапсырмалар жүктеді. Павлодар облысының кәсіпкерлері республикалық, тіпті әлемдік деңгейде сұранысқа ие жобаларды жүзеге асыра алатын әлеуетке ие. Бұл бағытта облыс әкімдігі нақты жобалар әзірлеужұмысына кірісті.

Негізгі капиталға салынатын инвестициялар көлемі биыл 10 айда 519,1 млрд теңгені немесе 2021 жылдың тиісті кезеңіне қарағанда 110,3%-ды құрады, яғни 10,3% өсім көрсетті.

Негізгі капиталға салынатын инвестициялар көлемінің артуы келесі кәсіпорындардың есебінен қамтамасыз етілді: «ЕЭК» АҚ, «Екібастұз ГРЭС-1» ЖШС, Павлодар мұнай үндеу зауты, «Қазақстан Алюминийі» АҚ. Өңірдегі алпауыт компаниялар әлемдік және іргелес нарықтардағы күрделі жағдайларға қарамастан өз жұмысын ұтымды ұйымдастыра білді, жыл қорытындысы бойынша да оң динамика қалыптастады деген сеніммен нақты меже бар.

Құрылыс

Құрылыс жұмыстарының көлемі осы жылдың он айының қорытындысы бойынша 190,4 млрд теңгені немесе 2021 жылдың тиісті кезеңімен салыстыра қарағанда 105,1%-ды құрады.

Павлодар облысында «Нұрлы жер» бағдарламасы республикалық және жергілікті бюджеттердің қаражаты есебінен қаржыландырылып, қарқынды жүзеге асырылып жатыр. Мемлекеттік бағдарламалар аясында салынып жатқан тұрғын үйлер негізінен мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға арналған, олар – халықтың әлеуметтік осал топтары, көп балалы аналар, жетім балалар, сондай-ақ мемлекеттік қызметкерлер мен бюджеттік сала қызметкерлері.

Биыл мемлекеттік қаражат шеңберінде 200 мың шаршы метрден астам тұрғын-үй пайдалануға беріледі. Мәселен, «Сарыарқа» ш/а салу бойынша құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Шағын аудан 3500-ден астам пәтері бар көп қабатты 42 тұрғын үйден тұрады.

Сондай-ақ Достық шағын ауданының бірінші кезегінің құрылыс жұмыстары жоспарға сай жүруде. Бұдан басқа, Екібастұз және Ақсу қалаларында тұрғын үйлер салынуда. 

«Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша республикалық бюджеттен 1 шаршы метрі үшін 160 мың теңге мөлшерінде қаражат бөлінсе, жобалау-сметалық құжаттамаға сәйкес тұрғын үйдің 1 шаршы метрінің құны 200 мың теңгеден асады. Осыған байланысты 1 шаршы метрі үшін жетіспейтін қаражат жергілікті облыстық бюджеттен қарастырылады.

2022 жылғы қаңтар-қазан айларындағы өсім жұмыстардың едәуір көлемі тарату құрылғыларында (47551,4 млн теңге), тұрғын үй ғимараттарын салуда (31702,1 млн теңге), автомобиль жолдарында, көшелерде, жолдарда, теміржолдарда, аэродромдарда ұшу-қону жолақтарында (30857,4 млн теңге), өнеркәсіп ғимараттарында (25370,9 млн теңге), ауыл шаруашылығы ғимараттарын салуда (16971,9 млн теңге), тау-кен өндіру және өңдеу өнеркәсібі үшін құрылыстарда (12911,6 млн. теңге) орындалды. 

Сыртқы сауда айналымы

Павлодар облысында 2022 жылғы қаңтар-қыркүйек айларында сыртқы сауда айналымының көлемі $4 247,5 млн-ды құрады (2021 жылғы қаңтар- қыркүйекке қарағанда 128,0%), соның ішінде экспорт – $3 352,5 млн (133,0%), импорт – $894,9 млн (112,3%). Сауда балансының сальдосы оң қалыптасып, $2 457,6 млн-ды құрады. Бұл жоғарыда атап өткен ірі экспорттаушы компаниялар мен шағын және орта бизнестің белсенділігінің арқасында қол жетімді болып отыр. 2022 жылғы қазанда тұтынушылық бағалардың индексі 2021 желтоқсанға қарағанда 116,4%-ды құрады, соның ішінде азық-түлік тауарлары – 120,8%, азық-түлік емес тауарлар – 115,3%, ақылы көрсетілетін қызметтер бойынша – 111,2%. Осылайша азық-түлік тауарлары бойынша 2021 жылғы желтоқсанға қарағанда бағалардың ұсақ қантқа – 87,7%-ға, балыққа және теңіз өнімдеріне – 42,1%-ға, нан-тоқаш өнімдеріне және жармаларға – 28,2%, сүт өнімдеріне – 26,8%-ға, кондитерлік тағамдар – 25,1%, жұмыртқа – 21,9%-ға, етке (ет өнімдерін қоса алғанда) – 19,5%-ға, майлар – 17,9%-ға, шай – 16,5%-ға, алкогольді сусындар – 14,7%-ға, жеміс пен көкөніс – 0,7%-ға өсімі тіркелді.

Салықтық түсімдер және бюджет

Мемлекеттік бюджетке 2022 жылдың қаңтар-қазан айларында Павлодар облысынан 472,0 млрд теңге салықтар мен басқа да төлемдер немесе 2022 жылғы кезеңнің жоспарына қарағанда 98,1% түсті, соның ішінде республикалық бюджетке – 263,6 млрд теңге (2022 жылғы кезеңнің жоспарына қарағанда 95,8%), жергілікті бюджетке – 208,4 млрд теңге (2022 жылғы кезеңнің жоспарына қарағанда 101,2%) түсті. Осыған қарамастан облыста 2022 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша салықтық берешек көлемі 7,9 млрд теңгені немесе 2022 жылғы 1 қаңтарға қарағанда 19,3%-ды құрады. Жыл соңына дейін салықтық түсімдер бойынша осы жылға межеленген жоспарларды толық орындау көзделген. 

Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау

Халықтың өмір сүру сапасын жақсарту, әл-ауқатын және табысын арттыру мәселесі – Үкімет пен облыс әкімдеріне мемлекет басшысы жүктеген басты міндеттердің бірі. Бұл бағытта Павлодар облысында 2022 жылға арналған қысқа мерзімді іс-қимыл бағдарламасы қабылданды.

Аталған бағдарлама аясында биыл он айда жұмыспен қамту орталықтарының жұмыс қағидаттары өзгертіліп, кәсіпорындардың HR-қызметтерімен ынтымақтастық орнатылды. Шалғай ауылдарда мобильді жұмыспен қамту орталықтары жұмыс істей бастады және 19 білім беру мекемесі жанынан орталықтар ашылды. Онда жастар кеңес беру, құжаттарды ресімдеу, жұмысқа немесе тағылымдамаға орналастыру түрінде көмек алады.

Осы жылдың 1 қыркүйегінен бастап облыс орталығының оқу-өндірістік комбинаты базасында салалық кәсіптік бағдар беруді дамытудың өңірлік пилоттық жобасы іске қосылды. Сонымен қатар былтыр мектептерде 7-11 сынып оқушыларына болашақ мамандығын анықтауға көмектесетін кәсіби бағдар беру енгізілді.

Қазіргі таңда Павлодар облысындағы жұмыссыздық деңгейі – 4,7%-ды құрады (2022 жылғы 3-тоқсан). 2022 жылдың 10 айында 20 553 адам жұмыспен қамтылды, оның ішінде 7806 адам тұрақты жұмыс орындарына орналасса, 1325 адам маусымдық жұмыспен қамтылды. 3545 адам жергілікті бюджеттердің қаражаты есебінен қоғамдық жұмыстармен қамтамасыз етілді Бір қызметкерге шаққандағы орташа айлық жалақы 2022 жылғы қаңтар-қыркүйек айларында орта есеппен 261 498 теңгені құрады, бұл 2021 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 23,8%-ға жоғары.  

Әлеуметтік сала

Әлеуметтік саладағы басым бағыттардың бірі – денсаулық сақтау мен білім беру жүйесі. 2022 жылы облыстың денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыруға 11,2 млрд теңге көзделген. 2022 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша 7,4 млрд теңге немесе 66,2% игерілді. Мысалы, денсаулық сақтау объектілерін дамытуға 1 078,1 млн теңге көзделген, оның 399,2 млн теңге игерілді (37,0%). Материалдық техникалық базаны нығайтуға 1385,0 млн теңге бөлінді, күрделі жөндеу жүргізуге – 1018,8 млн теңге бөлініп, бірқатар нысандар жөндеуден өтті.

Павлодар облысында білім беру жүйесін қаржыландыруға 2022 жылы 164,1 млрд теңге қарастырылған. Қазір облыста 381 мектепке дейінгі ұйымда 37,6 мыңнан астам бала тәрбиеленіп жатыр. Мектепке дейінгі білім берумен 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды қамту 83,5%-ды, 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды қамту 91,1%-ды, 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды қамту 100%-ды құрайды.

Жыл соңына дейін Екібастұз қаласында 260 балаға арналған балабақша ашу жоспарланып отыр, бұл балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды 83,8%-ға, 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды 92%-ға дейін қамтуға мүмкіндік береді.

Павлодар облысында апатты мектептер мәселесі толық шешілген. Облыс мектептерінің 83%-ы жаңа модификация кабинеттерімен жабдықталған. 2019 жылдан бастап оқушы орындарының тапшылығы 11 мыңнан 7 мыңға дейін қысқартылды, 2025 жылға қарай тапшылық толық жойылатын болады. Облыста 2021-2025 жылдарға арналған оқушы орындарының тапшылығы мәселесін шешу үшін 22 орта білім беру объектісін салу және пайдалануға беру көзделген, оның ішінде биыл нысаналы құрылыс есебінен 5 объекті (2 066 оқушы орны) салу жоспарланып отыр.

2022 жылғы 1 қарашадағы мәліметке сәйкес, биыл білім жүйесіне бөлінген 164,1 млрд теңгенің 135,9 млрд теңгесі немесе 82,8% игерілді. Күрделі жөндеу жүргізуге 8 721,8 млн теңге көзделген (соның ішінде ҰҚ – 890,0 млн теңге). Білім беру объектілерін дамытуға – 2 256,5 млн теңге, игерілді – 1 839,2 млн теңге (81,5%).

Облыстық бюджет есебінен Павлодар қаласында 3 мектептің және педагогикалық колледж үшін жатақхана құрылысы, IT колледж ғимаратын және шеберханаларын қайта жаңарту жүргізіліп жатыр, бұл жұмыстар жыл соңына қарай аяқталады.

Жалпы алғанда Павлодар облысында 2022 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша әлеуметтік-экономикалық бағытта барлық салада оң динамика байқалып отыр. Жыл соңына дейін барлық межеленген мақсаттар мен мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар жоспарға сай орындалатын болады. 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу