ҚР экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова Атырау облысының тұрғындарымен кездесті

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова Атырау облысының тұрғындарымен кездесу өткізіп, еліміздегі және Атырау облысындағы Министрлік жетекшілік ететін салаларды дамыту мәселелеріне тоқталды және азаматтардың сұрақтарына жауап берді.

«Экологиялық мониторинг нәтижелеріне сәйкес атмосфералық ауаның ластануы бойынша Атырау облысы жоғары 5 аймақтың тізімінде», — деді министр.

Cондай-ақ облыс шығарындыларының 85%-ы ірі мұнай-газ кәсіпорындарына тиесілі (ТШО, NCOC жәніе АНПЗ) екенін атап өтті.

Оның айтуынша, былтырғы жылдың нәтижесі бойынша ауаға ластаушы заттар шығарындыларының 900 мың тоннасының 342 мың тоннасы Атырау облысына тиесілі, бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңінен 8,8%-ға төмен (375 мың тонна). Шығарындылардың айтарлықтай төмендеуі көмірсутек саласының кәсіпорындары арқылы қол жеткізілген, соның ішінде «Эмбмұнайгаз» АҚ, «Қожан» АҚ, «Каспий Мұнай» АҚ, «Әскер мұнай» ЖШС, «Атырау Мұнай» ЖШС және облыстың басқа да 36 кәсіпорыны бар.

Министр сонымен қатар экологтар мен облыс тұрғындары қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарының жағдайы және аумақты абаттандыру бойынша үлкен ескертулер айтылып отырғанын сөз етті.

Әрі қарай З. Сүлейменова экологиялық жағдайды жақсарту үшін жүйелі шаралар ретінде 2021 жылы жаңа Экологиялық кодекс қабылданғанын, «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы, сондай-ақ, былтыр өңірлердегі экологиялық жағдайды жақсарту бойынша Жол карталары бекітілгенін жеткізді.

«Атырау облысының Жол картасы 45 іс-шарадан тұрады, оның басым бөлігін өнеркәсіптік кәсіпорындар іске асырады. Сонымен қатар I санаттағы ірі кәсіпорындар бөлінісінде оларды түбегейлі төмендету жөніндегі іс-шаралар жоспары әзірленді, бұл 2021-2024 жылдарға арналған ластаушы заттар шығарындыларының көлемін азайтуға мүмкіндік береді», — деді министр. З. Сүлейменова.

Осы орайда АНПЗ-да мұнай шламдарын сусыздандыру қондырғысы жүргізілгенін, Атырау қаласының сол жағалауында кәріз тазарту құрылғыларының (КТҚ) құрылысы аяқталғанын айтты. «Тухлая Балка» булану тоғанын қалпына келтіре отырып, «Тазалық» жобасын іске асыру жолға қойылғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, әкімдік тарапынан өткен жылдың тамыз айында рекультивация басталған. Тиісті қаражат (300 млн теңге) бөлініп, жұмыс жалғасуда. Осы жылға 102 млн теңге қарастырылған.

Министрдің сөзіне қарағанда, табиғатты қорғау іс-шараларын орындау аясында облыс кәсіпорындары 5 жыл ішінде 84 млрд теңге инвестиция салған. Осылайша, өнеркәсіптік қалдықтарды қайта өңдеу және кәдеге жарату, мұнаймен ластанған жерлерді қалпына келтіру, өнеркәсіптік құрылыстарды реконструкциялау және жаңғырту т. б. бойынша шаралар жүзеге асырылған.

«Жаңа Экологиялық кодекстің енгізілуімен жергілікті атқарушы органдар табиғатты қорғау іс-шараларына эмиссиялар үшін төлем қаражатын 100% пайдалана алады», — деді министр.

Сонымен қатар былтыр облыс бюджетіне экологиялық төлемдерден 9 млрд теңгеден астам қаражат түсті. Осы орайда, өңірдің қоршаған орта сапасының жоғары маңыздылығын ескере отырып, әкімдікке Жол картасында белгіленген міндеттерді жүзеге асыру үшін шұғыл шаралар қабылдау қажет екенін айтты. Әрі қарай министр қалдықтарды басқару мәселелеріне тоқталды.

«2022 жылы қайта өңдеу және кәдеге жарату үлесі 27,5%-ды құрады, бұл 2021 жылғы деңгейден 6,4%-ға жоғары», — деді ол өз сөзінде.

Зүлфия Сүлейменова өз сөзінде рұқсат етілмеген қоқыс үйінділері мәселесі алаңдататынын жеткізді.

«Космомониторинг шеңберінде былтыр 131 қоқыс үйінділері анықталды, олардың барлығы жойылды. Алайда бұл мәселені жүйелі түрде шешу керек және олардың пайда болуына жол бермеу қажет», — деді министр.

Кездесуде З. Сүлейменова қоқыс үйінділерінің пайда болу себептерінің бірі ретінде экологиялық және санитарлық талаптарға сәйкес келетін қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарының (облыс бойынша 55 полигонның тек 83 полигоны (14,5%) экологиялық және санитарлық талаптарға сәйкес келеді), құрылыс және тамақ қалдықтарын басқару бойынша қалдықтарды ұтымды пайдалану үшін қажетті инфрақұрылымның болмауын атап көрсетті.

Министрдің айтуынша, мәселелерді шешу үшін әкімдіктің облыс бойынша тиісінше жайластыру жөнінде шаралар қабылдауы маңызды. Сонымен қатар өңірдегі коммуналдық қалдықтарды басқару жөніндегі жағдай туралы халықты хабардар ете отырып, коммуналдық қалдықтарды жинау, сұрыптау және қайта өңдеу саласында шағын және орта бизнес субъектілерін белсенді түрде тарту қажет.

«Айта кететін мәселе, әкімдік өткен жылдың жазында қоғамдық талқылауға шығарылған жаңа кодекске сәйкес тарифтің бекітілуін жеделдетуі, сонымен қатар, кешенді жұмыс үшін әкімдік коммуналдық қалдықтарды басқару жөніндегі бағдарламаны әзірлеп, бекітуі қажет», — деді ол.

Экологоия және табиғи ресурстар министрлігі өз кезегінде осы саладағы жағдайды жақсарту үшін бірқатар жүйелі шаралар қабылдағанын жеткізген З. Сүлейменова одан әрі су саласын дамыту ісіне назар аударды.

«Министрлік қызметінің тағы бір маңызды бағыты – су саласын дамыту. Су шаруашылығындағы негізгі мәселелер – су шаруашылығы объектілері тозуының жоғары деңгейі, судың үлкен шығыны. Осыған байланысты, біз су шаруашылығы инфрақұрылымын салу, реконструкциялау және суару каналдарын цифрландыру бойынша жұмыстар жүргізіп жатырмыз», — деді министр.

З. Сүлейменова одан әрі Жайық өзенінің мәселелеріне кеңірек тоқталды.

«Соңғы жылдары судың аз болуы байқалады, бұл су шаруашылығы жағдайына және өзен атырабы экожүйесінің деградациясына әсер етеді. Осыған байланысты, қол қойылған келісімдер шеңберінде Ресей тарапымен бірлесіп, су азюының жағымсыз салдарын кеміту үшін 2021 жылдан бастап Орал трансшекаралық өзенінің гидрологиялық режимін және экологиялық жай-күйін жақсартуға бағытталған бірқатар шаралар қабылдануда. Сонымен қатар ұзындығы 140 км балық аулау арналарын тереңдетуді көздейтін Жайық және Қиғаш өзендерінің сулылығын арттыру және гидрологиялық режимін жақсарту бойынша жобалар жүзеге асырылуда. Жобаны іске асыруға 2022 жылға 7 млрд теңге бөлінді», — деді ол.

Мәселен, аталған екі жоба бойынша бүгінгі таңда 50 шақырымға жуық көлемде өзен түбін тереңдету жұмыстары жүргізілді. Осы жылға республикалық бюджеттен 3 млрд теңге қарастырылды.

Сонымен қатар министр Үкіметтің тапсырмасына сәйкес кеме қатынасын қамтамасыз ету үшін Жайық және Қиғаш өзендерінің негізгі арнасының түбін тереңдету жұмыстарын жүргізу мәселесі пысықталып жатқанын атады.

«Суару арналарын реконструкциялау және күрделі жөндеуге келетін болсақ, облысты дамытудың Кешенді жоспарында 14 арнаны күрделі жөндеу көзделген. Өткен жылы жалпы сомасы 250 млн теңгеге 3 Бақсай, Есбол – Қойлыбай және Ақсай суару каналдарын реконструкциялау және күрделі жөндеу жұмыстары басталды. РБК шешімімен Сборный және Бағырлай арналарын реконструкциялауға қаражат қолдау таппады», — деді министр.

З. Сүлейменова атап өткендей, қалған суару арналары бойынша Министрлік 2023 жылға арналған республикалық бюджетті 1-ші нақтылау шеңберінде Қаржы министрлігіне бюджеттік өтінім жолдаған. Министрдің баяндамасында айтылғандай, Атырау облысының 2021-2025 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары аясында 3 топтық су құбырын салу және реконструкциялау жоспарлануда:

  • Қызылқоға ауданындағы Кереген – Сағыз – Жамансор топтық су құбырын қайта жаңарту;
  • Тайсойған – Миялы магистральдық су құбырын салу;
  • Құрманғазы ауданында жалпы құны 5,9 млрд теңгені құрайтын Қоянды топтық су құбырының 6 ұңғымасын салу.

Былтыр 3 жобаның әр қайсысына 100 млн теңгеден 300 млн теңге қарастырылған. Барлық 3 жоба аяқталғаннан кейін жалпы адам саны 23 мыңнан асатын 16 ауылдық елді мекенді сумен жабдықтау жақсартылады және қамтамасыз етіледі.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша министр жаңа Су кодексін әзірлеудің маңыздылығына тоқталды.

«Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін жаңа Су кодексін әзірлеу жалғасуда. Бұдан басқа, Қазақстан Республикасының 2023-2029 жылдарға арналған су ресурстарын басқару жүйесін дамыту Тұжырымдамасы және Су ресурстарын дамытудың 3 жылдық кешенді жоспары әзірленуде. Бұл жобалар мемлекеттік органдармен келісуде», — деді З. Сүлейменова.

Осы орайда министр су шаруашылығының негізгі мақсаты – еліміздің су ресурстарын сақтау және үнемді пайдалану мәселесін шешу, экономика салаларының және қоршаған ортаның қажеттілік тепе-теңдігін қамтамасыз ету екенін сөз етті.

Министр қатысушылар назарын орман шаруашылығы мәселесіне де аударды.

«Президенттің бастамасымен өткен жылы біз 2 млрд ағаш отырғызуды бастадық. Бұл жұмыс өткен жылды қоса алғанда 5 жылды қамтиды. Осы тұрғыда былтырғы жоспар орындалды, яғни 166 мың гектар алқапқа 282,2 млн дана ағаш отырғызылды. Атырау облысында 586,4 мың гектар алқапқа 1534,6 мың дана жасыл желек егілді», — деді ол.

Министр ел Президенті әр облыс орталығының айналасында «жасыл белдеу» құруды тапсырғанын еске салды.

«Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау шеңберінде, ірі кәсіпорындармен бірлесіп, Атырау қаласының маңында «жасыл белдеу» құру мәселесін пысықтау қажет», — деді З. Сүлейменова.

Сондай-ақ ол балық шаруашылығын дамыту саласында да белгілі бір жұмыстар жүргізілгенін, саланы дамытудың 10 жылға арналған Бағдарламасы бекітілгенін қозғады.

«Атап айтқанда, 10 жыл ішінде Атырау облысы бойынша балық өсіру көлемін 15 мың тоннаға дейін жеткізу жоспарлануда. Өткен жылы Атырау облысында 234 тонна балық өсірілді. Жоспар 35%-ға орындалды. Биыл 828 тоннаға өсіру міндеті тұр. Өңірде балық шаруашылығы саласында 5 инвестициялық жоба іске асырылуда», — деді министр.

Сонымен қатар олардың арасында ең ірі екі инвестициялық жоба бар екенін айтты. Осы орайда Зүлфия Сүлейменова әкімдіктен балық шаруашылығы саласындағы жобаларды іске асыру және мемлекеттік қолдау шараларын уақтылы көрсету мәселелерін ерекше бақылауға алуды сұрады.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу