Цифрлық интеграция, ақпараттық қауіпсіздік және жаңа технологиялар — Digital Almaty форумында не талқыланды

Бүгін Алматыда Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше елдердің үкімет басшыларының қатысуымен форумның пленарлық сессиясы өтті. Шараға Армения үкіметінің басшысы Никол Пашинян, Беларусь Премьер-Министрі Роман Головченко, Қазақстан Премьер-Министрі Әлихан Смайылов, Қырғызстан Премьер-Министрі Ақылбек Жапаров, Ресей Премьер-Министрі Михаил Мишустин, Өзбекстанның үкімет басшысы Абдулла Арипов, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының төрағасы Михаил Мясникович қатысты. Талқылаудың басты тақырыбы Тұрақты цифрлық инфрақұрылымды және телекоммуникациядағы жаңа технологияларды дамыту болды.

Біздің елімізде цифрлық шешімдердің күнделікті өмірге ену деңгейі жоғары – Ә. Смайылов

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов өз сөзінде форум Еуразиядағы ең маңызды IT-оқиғалардың біріне айналғанын атап өтті. Биылғы іс-шара жылдағыдан ауқымды болып отыр. 100-ден астам шетелдік стартап өз жобаларын таныстырады, тағы 100-і Astana Hub Battle байқауына қатысады. Форум алаңдарында робототехника бойынша шешімдер, оларды өнеркәсіпте қолдану, Govtech, Fintech өнімдері және т.б. көрсетіледі. Осы бағыттардың барлығы біздің елдердің цифрлық әріптестігіне негіз салып отыр.

Ә. Смайылов ЕАЭО елдерінің IT-нарықтарын дамытуға мультипликативтік әсер беру мақсатында әріптестік үшін сенімді платформа қажет екенін атап өтті. Қазақстанда оған Astana Hub мысал бола алады.

«Ол жергілікті ғана емес, сонымен қатар өңірдегі белсенді ойыншыға айналды. Оның преференциялар түріндегі институционалдық базасы, Techpreneurs, Google for start-ups сияқты бағдарламалары IТ-нарықты жандандырудың мықты драйверлеріне айналды. Қазіргі уақытта 10-нан астам елден 1 мыңнан астам резидент IT өнімдерін экспорттай отырып, 16 мың жұмыс орнын құрды», — деді Қазақстанның Үкімет басшысы. 

«Инновациялық технологиялар паркі» дербес кластерлік қоры Қазақстанның өнеркәсіп кәсіпорындары мен IT-нарығын біріктіретін экожүйе құрды. Қор Индустрия 4.0, өнеркәсіп кәсіпорындарындағы қауіпсіздік техникасы, геология, металлургия және т. б. салаларда $36 млн-нан астам сомаға 187 жобаны қаржыландырды.

Қазақстан мемлекеттік басқаруды цифрлық трансформациялауды жүргізіп жатыр. Бүгінде елімізде FinTech және GovTech сияқты бағыттарда әлемдік стандарттар бойынша озық жобалар іске асырылуда.

«Біздің елімізде цифрлық шешімдердің күнделікті өмірге ену деңгейі жоғары. Бұл мемлекеттің ашықтығы мен бизнестің технологиялылығының арқасында мүмкін болды. Цифрландыру – еліміздің барлық азаматтары үшін мүмкіндіктер мен әділдіктің теңдігін қамтамасыз етудің маңызды құрамдас бөлігі. “Invisible Government” деп аталатын мемлекеттік басқаруды цифрландырудың сапалы жаңа форматына көшу жүзеге асырылуда. Мемлекеттік саясаттың орталығында адам, оның қажеттіліктері мен мүдделері. Мысалы, біз БҰҰ әдіснамасы бойынша отбасы әл-ауқатының деңгейін анықтайтын 80 параметрді жинадық. Бұл бізге қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасыларды күн сайын анықтауға көмектеседі. Содан кейін белсенді мемлекеттік қызметтер мен қолдау шараларын көрсетуге көшеміз», — деді ҚР Премьер-Министрі. 

Оның айтуынша, мұнда негізгі тәсілдердің бірі – мемлекеттік қызмет көрсетудің мультиплатформалық қағидатын іске асыру. Мемлекет “тар мойын” моделінен алшақтап, бизнеске мемлекеттік қызметтерді өзінің платформалары мен цифрлық экожүйелеріне біріктіруге мүмкіндік береді.

«Бұл тәсілдің пайдасы айқын. Бүгінгі таңда 15 мемлекеттік қызмет жеке IT-платформалар арқылы толығымен цифрлық форматта қолжетімді. Бизнеске қойылатын талаптарды оңтайландыру және қайта қарау бойынша ауқымды жұмыс жүргізілуде – мысалы, “таза парақтан” реттеу. Біз кәсіпкерлік қызметті реттеудің 44 саласын талдадық. Жаңа реттеуші саясаттың базалық шарттарына сәйкес келмейтін 10 мыңнан астам талап, яғни артық талаптар анықталды», —  деді Ә. Смайылов.

Сонымен қатар «таза парақтан» реформасын іске асыру бизнес-ортаны реттеудің тиімділігін арттыруға және кәсіпкерлікті дамыту үшін қолайлы жағдайлар қалыптастыруға мүмкіндік береді.

«Соңғы жылдары біз электрондық үкіметтің даму деңгейі бойынша айтарлықтай прогреске қол жеткіздік. БҰҰ-ның тиісті рейтингінде Қазақстан 2018 жылдан бастап 39-орыннан 28-орынға көтеріліп, позициясын жақсартты, ал онлайн-сервистердің қосалқы рейтингінде біздің еліміз 16-орыннан 8-орынға көтеріліп, әлемнің үздік 10 елінің қатарына енді. Мұндай нәтижелер электрондық үкіметтің адамға бағытталған тәсілін дамыту, сондай-ақ азаматтармен және бизнеспен өзара іс қимылды цифрландыру арқасында мүмкін болды», — деді Ә. Смайылов.

Байланыстың қолжетімділігі мен сапасын арттыру ерекше маңызға ие. Бүгінде Қазақстанда 250-ден астам тұрғыны бар елді мекендерге кең жолақты Интернет желісі тартылған. Қалған жерлерде радиорелелік желілер мен төмен орбиталық спутниктік жүйелер пайдаланылады.

Ә. Смайыловтың айтуынша, байланыс қызметтерінің қолжетімділігі мен сапасын арттыру үшін радиожиілік спектрін синхрондау қажет.

«Біз цифрлық инфрақұрылымды дамыту үшін инвестициялар тарту бойынша бірлесіп жұмыс істеуге дайынбыз. Бұл өңірдің барлық елдеріне жаңа мүмкіндіктер ашады. Нәтижесінде біздің елдер халықаралық дәліздермен және трансшекаралық ағындармен ұштастырыла отырып, жоғары жылдамдықпен деректер беру каналдарын құра алар еді», — деді Ә. Смайылов.

Сонымен қатар трансшекаралық электрондық құжат айналымын дамыту және тарату үшін барлық жағдай жасау қажет.

Атап айтқанда, логистикалық компаниялар үшін қолайлы жағдайлар жасау мақсатында Қазақстан электрондық көлік құжаттарына көшу бойынша жұмыс жүргізуде.

ЕАЭО шеңберінде барлық шетелдік рұқсат қағаздарын электрондық форматқа көшіру ұсынылады. Қағаз айналымын алып тастау сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтады, тауар айналымының ашықтығын арттырады және ең бастысы – бизнеске өз шығындарын оңтайландыруға мүмкіндік береді.

«Біздің елдеріміздің сауда-саттықтағы электрондық өзара іс-қимылы өзекті мәселе болып отыр. Осы және басқа да мәселелер – біздің цифрландыру саласындағы бірлескен жұмысымыздың маңызды бағыттары. Цифрлық күн тәртібінің негізгі басымдықтарын іске асыру ашық және тең құқылы ынтымақтастыққа, экономикалық, технологиялық және әлеуметтік дамудың жаңа деңгейіне көшуге ықпал ететін болады», — деп түйіндеді Ә. Смайылов.  

Одақтың цифрлық күн тәртібінің негіздерінің бірі реттеуші құмсалғыш режимін кеңінен қолдану болуы тиіс – Н. Пашинян

Цифрлық форумның пленарлық сессиясында Армения Премьер-Министрі әріптестері мен форум қатысушыларына арнап құттықтау сөз сөйледі.

«Бірінші кезекте цифрландыру мәселелерін және цифрлық даму перспективаларын талқылау үшін тиімді платформаға айналған форумды ұйымдастырғаны үшін қазақстандық тарапқа алғыс айтқым келеді. Армения Республикасы үшін цифрлық экономиканы дамыту маңызды басымдықтардың бірі болып қала бермек. Армения Республикасында IT-саладағы айналым 50%-дан астам өсті, ал Арменияның ЖІӨ-дегі ақпараттық технологиялар, байланыс секторының үлесі үздіксіз өсіп келеді. Біз өз тарапымыздан IT-бизнеске секторлық мемлекеттік қолдау көрсетеміз», — деді құттықтау сөзінде Армения Республикасының Премьер-Министрі Никол Пашинян. 

Арменияның Үкімет басшысының айтуынша, өткен жылы 1 000-нан астам стартап айтарлықтай салық жеңілдіктерін алды. Сонымен қатар ел үшін Еуразиялық интеграция аумағында бірыңғай цифрлық кеңістікті қалыптастыру мәселесі маңызды болып қала береді, деді Н. Пашинян.

«Осы тұрғыда мемлекетаралық ақпарат алмасу жүйесі құралдарының, интеграциялық әсері бар цифрлық жобаларды құру мен дамытудың өзекті және сұранысы жоғары екенін атап өтейін. Одақтың цифрлық күн тәртібінің негіздерінің бірі реттеуші құмсалғыш режимін кеңінен қолдану болуы тиіс», — деді Никол Пашинян.

Армения Министрлер кабинеті басшысының пікірінше, реттеуші құмсалғыштардың арнайы құқықтық режимдерін қолдану арқасында цифрлық трансформация жобаларының мерзімі қысқарады және ұсынылған жобалардың сапасы артады, бұл өз кезегінде жалпыеуразиялық ауқымдағы цифрлық жобалардың іске қосылуын жеделдетеді.

«Сонымен қатар бірыңғай цифрлық кеңістікті қалыптастыру кезніде ақпаратты қорғаудың кешенді жүйесін құру туралы ұмытпау керек. Осы тұрғыда деректер айналымы туралы халықаралық келісім жасасу жөніндегі жұмысты жеделдету аса өзекті болып отыр», — деді Никол Пашинян. 

2021 жылы Алматыда өткен форум аясында Үкімет басшыларының кездесуінен кейін Арменияны цифрландырудың бес жылдық стратегиясы қабылданды, ол өз кезегінде елдің цифрлық экономикасы мен инновациялық дамуын қалыптастырудың негізгі бағыттарын айқындады.

«Стратегиялық құжатты қабылдағанға дейін бізде цифрлық қызметтер мен сервистерді дамытудың кең тәжірибесі болған, алайда Стратегия елде шоғырландырылған цифрлық экожүйені құруды қамтамасыз етеді», — деді Арменияның Үкімет басшысы. 

Армения Үкіметі көздеп отырған негізгі мақсаттар:

  1. ақпарат жүйелері деректерін барынша пайдалануға және үлкен датаға негізделген жедел және тиімді мемлекеттік басқаруды қамтамасыз ету;
  2. платформалар мен цифрлық қызметтерді дамыту негізінде экономиканың жеке секторының тиімділігін арттыру және жаңғырту;
  3. халықтың барлық топтары үшін цифрлық дағдыларды дамытуды қолдау.

Спикердің айтуынша, барлық 3 бағыт өзара байланысты және бірін-бірі толықтырады.

«Соңғы жылдардағы оқиғалар, егер бірлескен және уақытылы шаралар қабылданбаса, заманауи сын-қатерлер өміріміздің әдеттегі бағытын бірден жағымсыз жаққа өзгеруге қабілетті екенін көрсетті. Жаһандық сын-қатерлерге жалғыз өзі төтеп бере алатын ел жоқ. Бұған коронавирус пандемиясы айқын мысал бола алады. Бәріміз бірдей қиындықтарға тап болдық және локдаун мен пандемияның салдарын бірлесіп жеңуге тура келді. Біз пандемияның салдарын да, болашақта осындай сипаттағы дағдарыстарды да жеңу үшін цифрлық тетіктерді кеңірек және тереңірек қолдана бастадық», — деді Армения Премьер-Министрі.

Арменияның Үкімет басшысы халықаралық және өңірлік ынтымақтастық Арменияның тұрақты цифрлық даму мақсаттарына қол жеткізуінің маңызды құралдарының бірі екенін атап өтті.

«Армения Үкіметі мемлекетаралық деңгейде өзара іс-қимыл жасайды, жаңа цифрлық шешімдерді табу үшін жеке меншік сектормен және халықаралық ұйымдармен белсенді ынтымақтасады. Еуразиялық экономикалық одақ үшін осындай шешімдердің бірі Еуразиялық даму банкінің цифрлық бастамалар қоры әзірлеген “Covid-19-сыз саяхаттаймын” мобильдік қосымшасы болды, ол өз кезегінде біздің елдер арасында азаматтардың еркін қозғалысын қалпына келтіруді қамтамасыз етті», — деді Никол Пашинян.

Сонымен қатар Армения Министрлер кабинетінің басшысы қосымшаға жүктелген 5 миллион сынақтың 5 миллион сапар екенін атап өтті – іс жүзінде бұл үлкен көрсеткіш.

«Менің ойымша, пандемияның әлсіреуіне және еркін қозғалыстың қалпына келуіне қарамастан, “Covid-19-сыз саяхаттау” қосымшасы трансшекаралық цифрлық медицинаны дамыту, ақпарат алмасу және “медициналық карталарды” цифрландыру үшін ұлттық талаптарға сәйкес және дербес деректерді толық қорғауға негіз салып отыр», — деді Н. Пашинян.

Сонымен қатар Арменияның Үкімет басшысы қосымшаны “эпидемиологиялық қалқан” құралы және медициналық маңызды ақпаратты беру шеңберінде сенімді тетік ретінде пайдалану перспективасы мәселелерін талқылауды ұсынды.

Экономиканы цифрландыру мәселелеріне көп көңіл бөлінеді – Р. Головченко

Беларусь Премьер-Министрі Роман Головченко цифрлық форумның пленарлық сессиясында сөйлеген сөзінде ЕАЭО елдері цифрлық дамуда өз тәуелсіздігін қамтамасыз ету үшін қолдан келгеннің бәрін жасауы тиіс деп мәлімдеді.

«Біздің одақ елдерінің бір бөлігіне қарсы 2022 жылы енгізілген санкциялар цифрландыру мәселелерін де қозғады. Бағдарламалық жасақтаманы сатуға және жаңартуға шектеулер, телекоммуникациялық жабдықты жеткізуден бас тарту заманауи технологиялар мен қызметтерді енгізу процесін тежейді. Бұл цифрлық даму саласындағы ұлттық егемендіктің маңызды екенін көрсетеді», — деді Р. Головченко.

Оның айтуынша, ЕАЭО елдерінің жетістіктерін, ғылыми әлеуетін біріктіріп, өз шарттары, әзірлемелері, технологиялары мен инфрақұрылымы негізінде жаңа «цифрлық шындыққа» көшуді қамтамасыз ету қажет.

«Жасанды интеллект технологиялары, үлкен деректер, робототехника, заттар интернеті, виртуалды және толықтырылған шындық негізінде жаңа өндірістік процестерді, материалдар мен жабдықтарды құру өзекті және перспективалы болып отыр. Еуразиялық экономикалық комиссияға осы саладағы ынтымақтастық пен үйлестіруді ұйымдастыруды ұсынамыз», — деді ол.

Беларусь Премьер-Министрі елде экономиканы цифрландыру мәселелеріне көп көңіл бөлінетінін айтты.

«Форум алаңы іскер және сарапшы топтарға, ЕАЭО елдерінің мемлекеттік секторының өкілдеріне еуразиялық цифрлық нарықты құру мәселелерін талқылауға және өңірлік цифрлық кооперацияның өзекті мәселелерін шешуде бірлесіп, тәсілдер әзірлеуге жақсы мүмкіндік береді», — деді Р. Головченко. 

Оның айтуынша, соңғы 5 жылда цифрлық технологиялар қоғамның тұрақты дамуының құрамдас бөлігі, экономикалық өсудің драйвері болды. Ол ЕАЭО елдері үшін, бүкіл әлем үшін цифрландырудың бүгінде экономикалық процестер мен мемлекеттік басқаруда маңызды екенін айтты. Мұндай өзгерістер кез келген мемлекеттің қабілеттері мен мүмкіндіктеріне қиындық туғызады.

«Беларусь елінде экономиканы цифрландыру мәселелеріне көп көңіл бөлінеді. Одан әрі цифрлық трансформация мақсатында қуатты инфрақұрылымдық негіз құрылды. Оның ішінде дамыған деректер беру желісі, оларды өңдеу мен сақтаудың жоғары өнімді орталықтары, ведомствоаралық және трансшекаралық өзара іс-қимыл инфрақұрылымы, электрондық төлемдерді сәйкестендіру және жасау тетіктері, ақпаратты қорғаудың заманауи құралдары бар. Бұл технологиялық серпілісті жүзеге асыруға, экономиканы жаңа шекараларға шығаруға жағдай жасауға мүмкіндік берді», — деді Беларусь елінің Үкімет басшысы. 

Сонымен қатар Роман Головченко Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) аумағында электрондық цифрлық қолтаңбаны тану процесін жеделдету маңызды деп санайды, онсыз халыққа сапалы мемлекеттік қызметтер көрсету мүмкін емес.

«Қашықтан мемлекеттік қызмет көрсетуді тек өз елімізде ғана емес, Одақтың барлық мемлекеттері үшін де дамыту қажет. ЕАЭО шеңберінде ең алдымен электрондық цифрлық қолтаңбаны тануды қамтитын трансшекаралық сенім кеңістігін құру маңызды», — деді Беларусь Премьер-Министрі.

Оның айтуынша, бұл құралсыз халыққа сапалы мемлекеттік қызмет көрсету және мемлекеттің билік органдары мен институттарының тиімді жұмысы мүмкін емес.

«Үкімет басшылары жауапты органдарға осы бағыттағы қажетті жұмыстарды жеделдетіп аяқтауға осындай тапсырма беруге құқылы деп санаймын», — деді Головченко.

Сонымен қатар ол цифрлық білім берудің тиісті деңгейінсіз бұл міндеттерді шешу мүмкін еместігін, сондықтан білім беру құрылымын жаңғыртып, халықтың әртүрлі топтарының цифрлық әлемдегі өмірге бейімделуіне назар аудару қажет екенін атап өтті.

2022 жылы Одақ елдерімен 1000-нан астам жаңа бірлескен кәсіпорын құрдық – А. Арипов

Өзбекстан үкіметінің басшысы Еуразиялық экономикалық одақ нарығына өзара қол жеткізуді жеңілдету бойынша дайындық жұмыстары аяқталғанын хабарлады.

«Біз ұлттық техникалық регламенттерді ЕАЭО нормаларымен үйлестіруді қамтамасыз ету бойынша дайындық жұмыстарын толық аяқтадық. Сертификаттау нәтижелерін өзара тану туралы келісім жасауды нарықтарымызда тауарлардың өзара қол жетімділігін жеңілдетудің нәтижесі деп санаймыз. ЕАЭО қолдауымен бірлестіктің барлық елдері осы бірлескен құжатты қабылдауды қолдайды деп ойлаймыз», — деді Абдулла Арипов.

Ол еркін сауданың қолданыстағы режиміне сәйкес Өзбекстан ЕАЭО елдеріне сауда шектеулерін қолданбайтынын атап өтті.

«Біз тарифтік және тарифтік емес кедергілерді жою бойынша нақты шараларды бірлесіп әзірлеуді қолдаймыз, өйткені елдеріміз арасында жүретін тауарларды реттеу тепе-тең сипатта болуы тиіс», — деді үкімет басшысы.

Өзбекстан бақылаушы мемлекет мәртебесінде ЕАЭО-мен өзара тиімді әріптестік орнату үшін қолайлы жағдайлар жасау бойынша белсенді жұмыс жүргізуде.

«Біз негізгі сауда серіктестеріміздің қатарына кіретін бірлестіктің барлық елдерімен сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуды және кеңейтуді қолдаймыз. Жаһандық дағдарыс құбылыстарына қарамастан, күшімізді біріктіріп, қиын жағдайларға бейімделіп, экономикалық өсудің жаңа нүктелерін таба аламыз. Өзара қолдаудың арқасында өткен жылдың қорытындысы бойынша Өзбекстанның ЕАЭО елдерімен сыртқы сауда айналымы 33%-ға өсіп, $17 млрд-ты құрады», — деді ол.

Оның айтуынша, 2022 жылы Өзбекстанда одақ елдерімен 1000-нан астам жаңа бірлескен кәсіпорын құрылып, олардың саны 5 мыңнан асты.

Өзбекстан Премьер-Министрі Абдулла Арипов өз сөзінде азық-түлік қауіпсіздігі саласындағы проблемалардың өзектілігін атап өтті.

Осы мәселелердің өзектілігін ескере отырып, ол отырысқа қатысушыларды азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі халықаралық конференцияға қатысуға шақырды.

«Біз бұл конференцияны ФАО-мен бірге 2023 жылдың қыркүйегінде Самарқан қаласында ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз», — деді ол.

Қырғызстанда Цифрлық кодекс әзірленіп жатыр – А. Жапаров 

Ақылбек Жапаров форумға қатысушылардың назарын цифрлық трансформация – өміріміздің барлық саласында көрініс табатын құбылыс екендігіне аударды.

«Қазіргі геосаяси күн тәртібі мен жаһандық катаклизмдер цифрлық технологиялардың әлемдік тәртіптің саяси, экономикалық және әлеуметтік құраушысына әсерін күшейтеді. Барлық жаңа технологиялар мен технологиялық трендтердің ішінен екі бағытты атап өткім келеді – бұл жасанды интеллект және криптовалюта. Сарапшылардың болжамынша, адам сияқты пайымдап, ойлауға бағдарламаланған смарт-машиналар жақын арада білім беру, денсаулық сақтау және басқа да көптеген салаларда революция жасайды. Жақында ғана британдық ғалымдар 30 күн ішінде жасанды интеллект арқылы бауыр қатерлі ісігін емдей алатын дәрі ойлап тапты деген жаңалық шықты. Бұған дейін ол үшін ондаған жылдар бойы қажырлы зерттеулер қажет болатын», — деді ол.

Министрлер кабинетінің басшысы денсаулық сақтау саласында жасанды интеллект алгоритмдері ауруларды ерте диагностикалауға, емдеуді жоспарлауға және дәрі-дәрмек жасауға септігін тигізетінін атап өтті.

«Тағы бір мысал келтірейін. Бизнес мектептерге емтихандарды сәтті тапсырған ChatGPT онлайн сұхбаттасудан өтіп, жұмысқа орналасуда. 10 жыл бұрын фантастика болған нәрсе бүгінде шындыққа айналды. Мұның бәрі жаңа перспективалар ашады. Бұл ретте, технологиялардың даму қарқыны осы өзгерістерге қатысты қолданылатын мемлекеттік саясаттың тиісті шараларынан асып тұр. Алиса немесе Siri дауыстық ассистенттері қырғыз немесе қазақ тілдерінде сөйлемейтіні мені алаңдатады. Цифрлық әлемге енбеген тілдерді жазуға кірмей қалған тілдердің тағдыры күтіп тұрғаны бәрімізге мәлім», — деп Ақылбек Жапаров форумдағы сөзі ішінара жасанды интеллектімен жазылғанын атап өтті.

Оның айтуынша, жасанды интеллект мүмкіндіктермен қатар қиындықтар да әкелуі мүмкін, сондықтан оның қоғамға әсерін белсенді басқару қажет.

«Банк секторына енгізілетін шектеулер (Visa және MasterCard жүйелері бойынша ақша аударымдары) біздің аймақта криптовалютаның дамуына елеулі серпін бергені баршаға аян. Сарапшылардың бағалауы бойынша, Бішкек қаласында ғана көлеңкелі айналым көлемі күн сайын  $5-тен  $10 млн-ға дейін құрайды. Криптовалюта елдің экономикалық дамуына оң және теріс әсер етуі ықтимал деп санаймын. Криптовалюталардың ел экономикасына әсері әртүрлі факторларға, соның ішінде елдің реттеуге деген көзқарасына және азаматтар мен кәсіпорындардың криптовалюталарды қабылдау деңгейіне байланысты болады. Бұл технологиялардың әлеуеті әсер етерлік, бірақ оларға сақтықпен қарау керек. Оның бірнеше себебі бар. Жасанды интеллектіге негізделген қандай да бір жаңа технология нарыққа шыққанға дейін реттеу мәселелері шешілуі тиіс», — деп атап өтті Ақылбек Жапаров.

Сондай-ақ ол Қырғызстанда бірегей Цифрлық кодекс әзірленіп жатқанын айтты. 

«Қырғызстан цифрлық технологияларды дамыту үшін теңдестірілген жағдайлар жасау үшін күнделікті жұмыс жүргізуде. Цифрлық әлемдегі революциялар туралы айтар болсақ, біз мемлекеттік басқаруға цифрлық шешімдерді белсенді енгізу кезінде туындайтын қатынастарды реттеу үшін бірегей Цифрлық кодексті әзірлеп жатырмыз», — деді ол.

Оның айтуынша, Қырғызстан 2022 жылдың желтоқсанында цифрлық құжаттарды мойындады.

«Бұл шара Қырғызстан азаматтарына қағаз құжаттарды: сәйкестендіру картасын, жүргізуші куәлігін және көлік құралдарын тіркеу туралы куәлікті өзімен бірге алып жүрмеуге мүмкіндік берді. Бүгінгі таңда "Тундук" қосымшасы Қырғызстан аумағындағы ең көп жүктелген 5 қосымшаның бірі, оның алдында "ТикТок", "Instagram" және "Facebook" сияқты платформалар ғана тұр», — деді ол.

Электрондық құжат айналымы қағаз жүзіндегі операциялардың барлығын алмастыруы тиіс – М. Мишустин 

Ресей үкіметінің басшысы Михаил Мишустин электрондық құжат айналымы кеңейтілген технологиялық инфрақұрылым қалыптастыруға және ұлттық қызметтердің «көрмесіне» негіз жасауға септігін тигізеді деп мәлімдеді. 

«Елдеріміздің арасындағы капиталдың еркін қозғалысын қамтамасыз ету үшін "бестік" мемлекеттерінің төлем жүйелерінің өзара іс-қимылын дамыту қажет, бұл азаматтар мен бизнестің, ең алдымен шағын және орта кәсіпкерліктің мүддесіне сай. Мұндай қызметтердің қол жетімділігі мен ыңғайлылығы адамдарға Одақта интеграцияның артықшылықтарын сезінуге мүмкіндік береді», — деді М. Мишустин.    

Сондай-ақ М. Мишустин ЕАЭО кеңістігінде ІТ-парктер экожүйесін бірге дамытуды ұсынды. 

«Бүгін елдеріміздің ІТ-парктерінің қызметкерлерін көрдік. Өзбекстандық әріптестерімізге жолықтық. Барлық елдер өз стендтерін ұсынып, қалай жұмыс істейтіндерін, қарым-қатынас қала жасалатынын айтты. Бұл керемет. Бұл өз елдерінде технологияны дамытудың ортақ мақсатымен біріктірілген әзірлеушілер, бағдарламашыларға арналған экожүйе. Мұндай ІТ-парктер жүйесі жаңа технологиялық әзірлемелерді ілгерілетуге, стартаптарды іске қосуға мүмкіндік береді. Бүгін біз стартаптардан бастап, адамдар мен арасында және экономика салаларында сұранысқа ие өнімдерді нарыққа шығарғандарды көрдік», — деді М.Мишустин.  

Ынтымақтастықтың тағы бір перспективті бағыты – мемлекет пен азаматтардың өзара іс-қимылын платформалық негізде цифрландыру, ол да көрмеде көрсетілді.

«Бірлескен цифрлық бастамаларды іске асыру үшін құзыретті мамандар қажет. Еуразиялық кеңістікте осындай мамандарды даярлауға ықпал ететін кадрлық саясаттың жүргізілуі маңызды», — деді М. Мишустин.  

Цифрлық трансформация еуразиялық кеңістікте одан әрі интеграциялану үшін зор мүмкіндіктер ашады. Озық технологиялар тауарлар мен өнімдердің болуы, сапасы туралы ақпарат көлемін кеңейтеді, олардың уақытылы жеткізілуін қамтамасыз етеді, реттеушілер мен делдалдарды айналып өтіп, өндірушілер мен жеткізушілер арасынды ынтымақтастық орнатуға көмектеседі. Олар  ірі және шағын кәсіпорындар аймақтық және жаһандық экономикаға кіруі үшін бизнес-ортаны жақсартуға мүмкіндік береді.

ЕАЭО елдерінде электрондық үкіметтің даму деңгейі жоғары – М. Мясникович

Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Михаил Мясникович цифрлық жобаларды іске асыру, ақпараттық архитектураны, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақтағы ақпараттық қауіпсіздікті қалыптастыру туралы айтып берді.

Оның айтуынша, соңғы жылдары цифрлық жобалардың ауқымы мен күрделілігі айтарлықтай өсті, Одақ елдерінің ұлттық ақпараттық ресурстары мен жүйелерінің қуаты анағұрлым артты,  Комиссия олардың мүмкіндіктерін еуразиялық цифрлық жобалармен және Одақтың интеграцияланған ақпараттық жүйесімен байланыстырады.

«Жалпы еуразиялық ауқымдағы цифрлық жобалар экономикалық өсуге, жаһандық бәсекеге қабілеттілікті, аймақта өмір сүру деңгейін және көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға міндетті түрде серпін береді. Мұндай жобалар интеграциялық бірлестігіміздің алдында тұрған сын-қатерлерге және толық технологиялық егемендік міндеттерін орындауға, сондай-ақ Одақтың климаттық күн тәртібін іске асыруғажауап беруі керек», — деді ЕЭК Алқасының басшысы.

М. Мясникович халықаралық сарапшылардың бағалауы бойынша және БҰҰ рейтингісіне сәйкес, 2022 жылдың қорытындысы бойынша ЕАЭО-ның барлық елдерінде электрондық үкіметтің даму деңгейі жоғары немесе өте жоғары екенін атап өтті.

«Дамудың жалпы үрдісі барлық елдерде сәйкес келеді, цифрлық дамудың өзі басым тәртіппен жүзеге асырылады, қызметтердің қолжетімділігі артуда, білім беру, сауда, өңдеу өнеркәсібі және жалпы нақты сектордағы цифрлық технологияларға құйылған инвестициялар өсуде», — деді ол. 

ЕАЭО-дағы ақпараттық архитектураның негізін мемлекетаралық ақпарат алмасудың кешенді тетігі болып табылатын интеграцияланған ақпараттық жүйе (ИАЖ) құрайды. Қазіргі уақытта елдер бұл жүйені белсенді қолданып жатыр.

М. Мясникович атап өткендей, қазірдің өзінде ақпарат алмасу жүзеге асырылатын 54 жалпы процесс пайдалануға берілді, ал 2024 жылдың соңына дейін процестер саны бекітілген деңгейдің кемінде 90%-на жеткізілетін болады. 

«Осыған байланысты Еуразиялық экономикалық комиссия әртүрлі бизнес-процестер шеңберінде G2G форматындағы ақпараттық алмасуды толық техникалық және ұйымдастырушылық қамтамасыз ету бойынша айтарлықтай ауқымды жұмыстарды орындауы тиіс», — деді ЕЭК алқасының төрағасы.

Ол ақпараттық мүмкіндіктердің кеңеюі Одақтың жекелеген елдері үшін де, жалпы ЕАЭО үшін де жаңа ақпараттық қатерлер туғызатынын атап өтті.  

«Комиссия мен Одаққа мүше мемлекеттерге деректерді берудің қорғалған желісін құру және ЕАЭО-да ақпаратты қорғаудың арнайы криптографиялық құралдарын бірлесіп әзірлеу бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр. Бірақ ақпараттық қауіпсіздік мәселесінің маңыздылығымен бұл ақпарат алмасуды тежемеуі тиіс», — деді М. Мясникович.

Оның пікірінше, ұлттық мемлекетаралық ақпараттық платформаларды үйлестіру, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақтың бірыңғай талаптарын қалыптастыру қажет. Сонымен қатар ол егемендікті қорғау түріндегі ақпараттық қауіпсіздік мәселесі бойынша бірқатар мемлекеттердің принципті ұстанымына байланысты ортақ платформаны қамтамасыз ету көп жағдайда мүмкін болмайтынын айтты.

Қазақстан кейбір елдерге қарағанда технологияларды тез енгізеді, бұл әлемдік нарықта күшті серпіліс жасауға мүмкіндік береді – Т. Турлов

Freedom Holding Corp. басқарма төрағасы Тимур Турлов қайталама нарықта жылжымайтын мүлікті сатып алу-сату мәмілелерін толығымен онлайн тіркеуге мүмкіндік беретін платформаны таныстырды.

«Менің ойымша, жылжымайтын мүлікпен мәмілелер жасау мемлекеттік тіркеу органдарына салмақ салатын үлкен сала. Платформа адамдарға уақыт пен ақша үнемдеуге мүмкіндік береді», — деді ол.

Оның айтуынша, процесс толығымен қағазсыз жүзеге асырылады. Адамдарға бөлімшелерге барудың қажеті жоқ – бәрі бір тәуліктен аз уақыттың ішінде қашықтан жасалады. Қызмет сынақтан өтті.

«Бұл кейбір дамыған елдерде жоқ керемет бенчмаркет», — деді Т. Турлов.

Биыл іске қосылатын тағы бір жоба шағын және орта бизнесті жеңілдікпен несиелендіруге қатысты. Кәсіпкердің айтуынша, банк командасында ШОБ-ты қолдау үшін Үкімет әзірлеген бағдарлама қайта жаңғыртылды. Бұл – «Даму» қорының бағдарламасы.

«Біз кәсіпкерлердің жеңілдетілген онлайн-несиелерді бір күнде алуына қол жеткіздік. Бұл кепіл қойылатын да, кепілсіз де қарыздарға қатысты. Қамтамасыз ету мен кепілдерді (жылжымайтын мүлік, авто) толығымен электрондық түрде тіркеуге болады», — деді Т. Турлов

Оның айтуынша, мәліметтер базасымен интеграциялау арқылы банк клиенттің сенімділігін, оның төлем қабілеттілігін, жылжымайтын мүліктің барын сарапшылардың, несиелік талдау мамандарының көмегінсіз-ақ толық көре алады. 

Еске сала кетейік, форум бағдарламасы 20 панельдік сессияны қамтыды, онда 150-ден астам спикер – халықаралық және қазақстандық IT-қоғамдастық өкілдері сөз сөйледі. Жалпы, Digital Almaty форумына әлемнің 30 елінен 20 мыңнан астам адам жиналды.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу