Жыл қорытындысы бойынша нормативтік жағдайдағы жолдардың үлесі республикалық желі бойынша 91%-ға жеткізілетін болады

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Төлеген Абдуллин Орталық коммуникациялар қызметі алаңында 2022 жылы автожол саласында атқарылған жұмыстардың алдын ала қорытындыларымен таныстырды. Сонымен қатар жобалардың іске асырылу барысы, жұмыстардың сапасын бақылау және оны арттыру үшін қабылданып жатқан шаралар туралы айтып, 2023 жылға арналған жоспарларға тоқталды. 

ҚР ИИДМ Автомобиль жолдары комитетінің мәліметінше, еліміздегі автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 96 мың шақырымды құрайды, соның 25 мың шақырымы – республикалық, ал 71 мың шақырымы – облыстық және аудандық маңызы бар жолдар.

Төлеген Абдуллиннің айтуынша, республикалық маңызы бар жолдар Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің қарамағында. Мемлекеттік тапсырма шеңберінде дамыту және күтіп-ұстау жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыруды Ұлттық оператор «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы жүзеге асырады. Облыстық және аудандық маңызы бар автожолдарды, сондай-ақ көше-жол желісі жергілікті атқарушы органдардың қарауында. Яғни жергілікті желіні дамыту, жөндеу және күтіп ұстаумен жергілікті атқарушы органдар айналысады. 

Биыл құрылыс-монтаждау жұмыстары жалпы пайдаланымдағы 11 мың шақырымнан астам автожолда жүргізіліп жатыр. Республикалық желі бойынша 4 мың шақырымда құрылыс және реконструкция жұмыстары қолға алынды, соның 1,2 мың шақырымы аяқталады. Күрделі және орташа жөндеумен шамамен 3 мың шақырым жол қамтылды, соның 900 шақырымына жуығында аяқталады. Жергілікті автожолдар желісінде жөндеудің барлық түрлерімен 4,6 мың шақырым жол қамтылған, соның 2,6 мың шақырымы аяқталады. Жыл қорытындысы бойынша нормативтік жағдайдағы жолдардың үлесі республикалық желі бойынша 91%-ға жеткізілетін болады.

ҚР ИИДМ Автомобиль жолдары комитетінің төрағасының сөзінше, реконструкциялау бойынша жұмыстар 17 жобада жүргізіліп жатыр, олардың аясында 2024 жылға дейін іске асыру мерзімімен 4 мың шақырым жол қамтылмақ.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша биыл біз ұзындығы 72 шақырым болатын «Подстепное-Федоровка» автожолының екі учаскесін реконструкциялауды бастадық. Қалған 2 учаскеде қаражат тарту есебінен қаржыландыру мәселесі пысықталуда. Сондай-ақ биыл Қызылорда облысының аумағы бойынша (218 шақырым) «Қызылорда-Жезқазған» автожолын қайта жаңарту басталды, Ұлытау облысының аумағындағы қалған учаскелер бойынша мердігерлік ұйымды анықтау үшін конкурстық рәсімдер жүргізілуде, сонымен қатар жекелеген учаскелерде жобалау-сметалық құжаттар әзірлеу жұмыстары аяқталуда», — деді Т. Абдуллин.

Әлеуетті жобаларға тоқталған Автомобиль жолдары комитетінің басшысы, жобалау процесінде 3 жаңа жоба бар екенін хабарлады. Атап айтқанда, Орал қаласының оңтүстік-батыс айналма жолымен «Атырау-Орал», «Жезқазған-Қарағанды» және «Ақтөбе-Ұлғайсын». Жобалау жұмыстарының аяқталуы 2023 жылға көзделген. Бұдан соң құрылыс-монтаждау жұмыстарын бастау жоспарлануда. Жолдарды нормативтік жағдайда сақтап, үлесін арттыру үшін 3 мың шақырымнан астам жол жөндеу жұмыстарымен қамтылды, соның ішінде 862 шақырымы аяқталды. 2023 жылғы жоспарға сәйкес 3,5 мың шақырымға жуық жол жөндеумен қамтылатын болады.

Қазіргі уақытта республика бойынша ұзындығы 2,2 мың шақырымды құрайтын автожолдардың 11 ақылы учаскесі жұмыс істейді. Олар 2013-2021 жылдар аралығында кезең-кезеңімен енгізілген болатын.

Анықтамалық:

2013 жылы – «Астана-Щучинск» (211 шақырым);

2019 жылы – «Астана-Теміртау», «Алматы-Қапшағай», «Алматы-Қорғас» (682 шақырым);

2021 жылы – «Астана-Павлодар», «Қапшағай-Талдықорған», «Тараз-Қайнар», «Шымкент-Қызылорда», «Шымкент-Тараз», «Шымкент-Ташкент», «Щучинск-Көкшетау» (1 479 шақырым).

Т. Абдуллиннің айтуынша, бүгінгі күні барлық ақылы учаскелерде 2013 жылғы тарифтер қолданылады, бұдан басқа жыл соңына дейін келесі тарифтерге сәйкес көлік құралдарының барлық түрлері үшін абоненттік төлем енгізілетін болады:

  • Жеңіл автокөліктер – 1 жылға 1000 теңге;
  • 16 орынға дейінгі автобустар және 2,5 тоннаға дейінгі жүк көліктері – айына 2 АЕК, жылына 20 АЕК;
  • 32 орынға дейінгі автобустар және 5,5 тоннаға дейінгі жүк көліктері – айына 4 АЕК, жылына 40 АЕК;
  • 32 орыннан жоғары автобустар және 10 тоннаға дейінгі жүк көліктері – айына 6 АЕК, жылына 60 АЕК;
  • 15 тоннаға дейінгі жүк көліктері – айына 8 АЕК, жылына 80 АЕК;
  • 15 тоннадан астам жүк көліктері – айына 10 АЕК, жылына 100 АЕК.

Айта кету керек, абонентті көлік құралы осы ақылы жолдарға іргелес елді мекендер мен кенттерінде есепте тұрған жағдайда ғана ресімдеуге болады. Абонементтерді ресімдеу тәртібі жақын арада «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ сайтында жарияланады.

«2023 жылы ақылы жүйені II техникалық санаттағы автожолдардың 2,5 мың шақырымына нормативтік жағдайға келтіруіне қарай енгізілетін болады. Онда да қолданыстағы тарифтер қолданылады», — деді ҚР ИИДМ Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы.

Төлеген Абдуллин жол бойындағы сервисті дамыту бойынша жұмыстар жалғасып жатқанын атап өтті. 2022 жылдың қорытындысы бойынша жол бойындағы қызмет көрсету нысандарының 74%-ы ұлттық стандарт талаптарына сәйкес келтірілетін болады. 76 абаттандырылған санитарлық-гигиеналық торап (СГТ) орнатылды. 2023 жылы Ұлттық стандарт талаптарына сәйкес келетін жол бойындағы қызмет көрсету нысандарының үлесін 82%-ға дейін ұлғайту жоспарлануда.

Сонымен қатар өңірлердің орталықпен ішкі көліктік байланысын қамтамасыз ету мақсатында жергілікті автожолдар желісін дамыту жалғасуда. Бүгінгі таңда Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жергілікті атқарушы органдардың алдында 2025 жылға қарай жергілікті маңызы бар жолдардың 95%-ын нормативтік жағдайға келтіру міндеті тұр. Қойылған міндетті іске асыру мақсатында ЖАО 2025 жылға дейін кемінде 14 мың шақырым жергілікті жолдың құрылысы мен жөндеуін қамтамасыз етуі тиіс. 2022 жылдың қорытындысы бойынша жергілікті желі автожолдарының нормативтік жағдайдағы үлесін 85%-ға дейін жеткізу көзделген.

ҚР ИИДМ Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы 2022 жылы жергілікті маңызы бар жолдарды салуға және реконструкциялауға шамамен 370 млрд теңге бөлінгенін атап өтті. Барлық бағыттар бойынша жұмыстардың басым бөлігі аяқталып қалды. қазіргі кезде жолды жайластыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жалпы, жергілікті желінің жол жобаларын қаржыландыру тепе-тең негізде, яғни республикалық бюджеттен 50%, жергілікті бюджеттен 50% жүзеге асырылады.

Жол-жөндеу жұмыстарының сапасына және автожолдардың бүгінгі жай-күйін диагностикалауға баса назар аударылады. Республикалық жолдар бойынша атқарылған жұмыстар мен материалдардың сапасына жасалған сараптама республикалық бюджет есебінен қаржыландырылады және бүкіл желіні толықтай қамтиды. 

Бұдан бөлек, бүгінде жергілікті атқарушы органдармен жергілікті маңызы бар жолдар, сондай-ақ елді мекен көшелерін сараптамамен қамту бойынша белсенді жұмыс жүргізіледі. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында автожол саласын реформалау бойынша жұмыстар қолға алынды.

Төлеген Абдуллин автомобиль жолдарының сапасын арттыру мақсатында қолданыстағы заңнамаға келесідей бағыттар бойынша түзетулер пакеті әзірленгенін атап өтті. 

Бірінші бағыт – ғылымды, материалдардың электрондық базасын және жаңа технологияларды дамыту

ҚазжолҒЗИ негізінде жаңа технологиялар мен жол-құрылыс материалдарының бірыңғай базасы құрылды. Қазіргі уақытта карьерлердің, битум зауыттарының материалдарының сапасы жайлы ақпарат жинау жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ климат ерекшеліктерін ескере отырып, жаңа технологиялар әзірленуде. Аталған институт қозғалыс қарқындылығын, есептік жүктемелерді ескере отырып, әрбір өңір үшін жол төсемдерінің үлгілік конструкцияларын қалыптастыратын болады. Бірыңғай базаның бастапқы бұл деректері күрделі және орта жөндеу жұмыстарына жобалау-сметалық құжаттама дайындау кезінде басшылыққа алынатын болады.

Екінші бағыт – нормативтік базаны жетілдіру 

Бүгінгі таңда еліміздің автожол саласында стандарттар мен нормативтердің 1200-ден астамы бар. Реформалау шеңберінде ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі нормативтік базаны қалыптастыру тәсілдерін өзгертіп жатыр. Алдағы уақытта ұлттық стандарттарды әзірлеу кезінде ғылыми және зертханалық зерттеулердің қорытындылары, тәжірибелік учаскелер мен пилоттық жобалардың ұзақ мерзімді мониторингінің нәтижелері ескерілетін болады. Тиісті нормативтік құжаттар 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен енгізіледі. Жобалау әр аймақтың климаттық жағдайы мен температурасын, әрі қозғалыс қарқындылығын ескереді. Superpave технологиясы өз кезегінде эксплуатациялық сипаттамаларды арттыруға мүмкіндік бермек. Қазіргі кезде Қазақстан аумағында тек 3 климаттық аймақ ескеріледі, ал аталған технологияда 10-15 климаттық аймақ қарастырылатын болады. Әрбір өңір үшін бөлек асфальт-бетон қоспалары, битум, қиыршық тас құрамы құрылады.

Үшінші бағыт – автожол жобаларының сапалы іске асырылуы 

Саланы реформалау аясындағы жаңашылдықтардың бірі автожол жобаларын EPCM келісімшарты қағидатына көшіру және іске асыру болып табылады. Келісімшарттың негізгі артықшылығын айтар болсам, оның құны техникалық-экономикалық негіздемеге және жобалау-сметалық құжаттамаға байланбайды, ірілендірілген бағалар бойынша айқындалатын болады. Аталған келісімшарттары өздерін шетелдерде дәлелдеді. 

Бұл қағида бойынша бір орындаушы жобаның толықтай өзі жүзеге асырады, яғни жобалау сатысынан бастап осы учаскені одан әрі 10 жыл бойы күтіп ұстайды. Сондай-ақ орындаушы жоба құны қымбаттаған жағдайда барлық тәуекелдер мен жауапкершілікті өз мойнына алады. Оның ішіне орындалған жұмыстардың тиісті сапасы, жобаны уақытылы іске асыру, одан әрі күтіп-ұстау бойынша міндеттемелер кіреді. 

Бұдан бөлек, барлық жаңа келісімшарттарға «FIDIC» халықаралық ережелерінің талаптарын енгізу мәселесі пысықталуда.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу