Серік Жұманғарин Мемлекет басшысының штаттан тыс кеңесшісімен ведомствоның өзекті мәселелерін талқылады

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин ҚР Президентінің экономикалық мәселелер жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі Сэр Сума Чакрабартимен кездесу өткізді. 

Вице-премьер министрлік қызметінің өзекті мәселелері туралы, атап айтқанда, Қазақстан нарықтарын азық-түлік тауарларымен толықтыру және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бойынша қабылданып жатқан шараларға тоқталды.

«Біздің басты міндетіміз – бағаның күрт көтерілуіне жол бермеу. Бұл бағыттағы жұмыстарды министрлік орталық мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен, тауар өндірушілермен, бөлшек саудамен және нарықтың басқа да субъектілерімен бірлесіп жүргізіп жатыр. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағалық қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша жұмыстар белсенді жүргізілуде. "Айналым схемасы" бойынша қаржыландыру тетігі қайта форматталды», — деп түсіндірді Серік Жұманғарин.

Сонымен қатар маусымаралық кезеңде Орталық Азия елдерінен ерте импорттық жеміс-көкөніс өнімдерін форвардтық сатып алуды ұйымдастыру бойынша жұмыстар қолға алынды.

Тағы бір маңызды міндет – тауарлық балансты қалыптастыру процесін автоматтандыру бойынша жұмыстарды ұйымдастыру. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жыл соңына дейін ұлттық тауар өткізу жүйесін іске қосу жоспарланып отыр.

Сэр Сума Чакрабарти қабылданып жатқан шаралардың тиімді және уақытылы болып табылатынын, өз өндірісін дамыту ішкі нарықты әлеуметтік маңызы бар азық-түлікпен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу