Серік Жұманғарин Жетісу облысына жұмыс сапарымен барды

12 қарашада Премьер-Министрдің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин жұмыс сапарымен Жетісу облысына барды. Вице-премьер азаматтармен, бизнеспен және қоғам өкілдерімен кездесіп, оларды алаңдатқан сұрақтарға жауап берді. Сондай-ақ Көксу қант зауытының қызметімен танысып, өңірдегі ең ірі көкөніс қоймаларының бірін аралап шықты.

Өңір тұрғындарымен және бизнеспен кездесуде Серік Жұманғарин Жетісу облысының 2025 жылға дейінгі әлеуметтік даму жоспарлары туралы айтты: Алакөл ауданында аудандық емхана, Талдықорғанда облыстық балалар ауруханасы мен онкологиялық диспансер, Ақсу және Кербұлақ аудандарында 2 аудандық аурухана, 15 дәрігерлік амбулатория, 39 фельдшерлік акушерлік және 5 медициналық пункт, 12 балабақша, 14 мектеп, 9 мәдени нысан құрылысы туралы. 

Сондай-ақ вице-премьер ел Үкіметі азаматтарды әлеуметтік қолдау, Әлеуметтік әмиянды енгізудің пилоттық жобасын іске асыру, негізгі азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру үшін қабылдап жатқан шаралар туралы хабардар етті.

«Жақында Астанада Әлеуметтік әмиян арқылы мемлекеттік қызметтің үш түрін цифрландыру бойынша пилоттық жобаның қалай жүзеге асырылып жатқанын тексердім. Әлеуметтік қолдаудың ақшалай емес түрлерінің, яғни төлеуді қажет етпейтін тетіктері қазірдің өзінде әзір деп айта аламын. Атаулы көмек пен әлеуметтік жәрдемақыны Әлеуметтік әмиянға және түрлі банктердің карточкаларына алуға болатын түрлі нұсқаларды қарастырамыз», — деді сауда және интеграция министрі.

Сонымен қатар жұмыс сапары барысында Серік Жұманғарин бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесті.

Көксу қант зауытын аралау кезінде вице-премьер зауыт басшылығымен «айналым схемасының» жаңа форматын – тікелей өндірушілерге қаржыландыру бөлудің мәселелерін талқылады. Көксу қант зауытының қант қызылшасын өңдеу қуаттылығы тәулігіне 2000 тоннаны, шикі қант – тәулігіне 340 тоннаны құрайды. 2021 жылы қант өндірісінің көлемі 48,7 мың тонна, оның 13,2 мың тоннасы қызылша қанты, 35,5 мың тоннасы шикі қант болды.

2022 жылдың қазан айының бірінші жартысында Сауда комитеті, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар мен қант зауыттары арасында елдегі қант бағасын төмендету бойынша ынтымақтастық туралы меморандум жасалды. Бүгінгі таңда 13 өңірде несиелік келісімдер бекіту және қол қою сатысында. Көксу қант зауытымен жалпы сомасы 5,6 млрд теңгеге несиелік келісім аяқталу сатысында.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу