ҚР Үкіметі отырысында COVID-19 бойынша жағдай талқыланды

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Қазақстандағы коронавирус бойынша санитарлық-эпидемиологиялық ахуал қаралды. 

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният өз баяндамасында әлемде коронавирустық инфекциямен сырқаттанушылықтың өсуі жалғасып жатқанын және зерттелген үлгілердің 95%-ын құрайтын «Омикрон» штаммы басым нұсқа болып қалып отырғанын атап өтті.

20 маусымнан бастап республика бойынша КВИ-мен сырқаттанушылық арта бастады. Соңғы екі аптада ауырған адамдар саны 3,2 есеге өсті – 10 714-тен 34 550 жағдайға дейін.

Министрдің айтуынша, ауырған адамдардың 80%-ы егілмеген адамдар немесе 6 ай бұрын егілген адамдар екенін ескерсек, уақытылы КВИ қарсы ревакцинациямен қамту қажет екендігін көрсетеді. Бүгінгі күні ревакцинацияны 5 млн астам адам алды, бұл тиісті контингенттің 68%-ын құрайды.

Премьер-Министр жалпы коронавирус инфекциясын жұқтырудың көбейгені әсіресе, Нұр-Сұлтан қаласында және Қарағанды облысында байқалып отырғанын атап өтті. 

«Күн сайын республика бойынша 3 мыңға дейін жағдай тіркеледі. Бұл – жоғары көрсеткіш. Сондықтан, Коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия шектеу шараларын күшейтті, олар өңірлермен және «Атамекен» палатасымен алдын ала келісілді», — Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысы Денсаулық сақтау министрлігі эпидемиологиялық жағдайға тұрақты мониторинг жүргізіп, шектеу шараларының сақталуын қамтамасыз етуі тиіс екенін айтты. 

«Маска тағу, әлеуметтік қашықтықты сақтау сияқты алдын алудың негізгі шаралары қатаң сақталуы керек. Вакцинациялау мен ревакцинациялаудың төмен қарқыны эпидемиологиялық жағдайдың күрт нашарлап кетуіне алып келеді. Сондықтан, әкімдіктерге халықты вакцинациялау және ревакцинациялау жұмыстарын жандандыруды тапсырамын», – деп түйіндеді Премьер-Министр.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу