СҚО-да Cерік Жұманғаринмен кездесу кезінде фермерлер ауыл шаруашылығындағы өзекті мәселелерді көтерді

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары — сауда және интеграция министрі Серік Жұманғаринмен кездесу кезінде Солтүстік Қазақстан облысында аграрийлері өзекті мәселелер туралы айтып берді.

Мәселен, «Атамекен Агро» АҚ басқарма төрағасы Кинталь Исламов өзі жыл сайын тап болатын өнімді тасымалдау мәселесін көтерді.

«Сұраныс бар, тауар бар, бірақ біз оны жеткізе алмай жатамыз, тиісінше, осыған байланысты қиындықтар туындауда. Біз келесі маусымға, дала жұмыстарына дайындалып жатырмыз, тыңайтқыш алуға ақша керек, вагондар уақытында келмейтіндіктен, ақшаны да уақытылы ала алмай жатырмыз. Бізде еуропалық компаниялармен келісім-шарттар бар, оларға өнімді жеткізу керек, ал өнім уақытылы жеткізілмесе, бізге айыппұл салынады, ал айыппұл көпке шығады, $1 млн-ға дейін жетеді. Екінші сұрақ күнбағысқа қатысты. Дақыл СҚО үшін жаңа болып отыр, ал қазір осы дақылдың өндірісін қолдаудан бұрын, оны экспорттауға тыйым салынуда. Біз квоталарды енгізбеуді ұсынамыз, өйткені бұл өндірушінің бағасына әсер етеді», — деді кәсіпкер. 

Сергей Звольский, «Астық Стем» ЖШС директоры, суару мәселелері бойынша сөз қозғады.

«Біз 2010 жылдан бастап тамшылатып суарумен айналысамыз, 20-дан 250 га-ға дейін ұлғайттық. Ал бұл бір га-дан 50-60 тонна картоп, 90-100 тонна сәбіз деген сөз. Шағын учаскеде біз жоғары нәтижелерге қол жеткізе аламыз. Біздің проблемамыз – су ресурстарының шектеулі болуы. Суды жеткілікті мөлшерде ала алмаймыз. Бізге ұңғымалардан тәулігіне 50 текше метрден астам су алынатын болса, бұл пайдалы қазба саналатыны айтылып жатыр. Зерттеу жасау керек, бұл қымбатқа түседі. Су тұтыну көлемін тәулік бойынша емес, жыл бойынша бөлу туралы ұсыныс бар. Біз жылына 3 ай ғана суарамыз. Еуропа елдерінде бұл мәселе мүлдем өзекті емес. ӘКК-мен 2 жыл жұмыс істейміз, өткен жылы 1 000 тоннадан астам көкөніс тұрақтандыру қорына тапсырылды, биыл – 700 тонна. Біз тұтынушының қолына арзан және сапалы өнім түсуі үшін кепілдендірілген көлем береміз», — деді ол.

Солтүстік Қазақстан облысының фермерлер одағының төрағасы Ерлан Алпысов арзан дизель отынының көлемі мен сапасы мәселесі туралы айтып берді.

«Жыл сайын көктемгі егін жинау жұмыстарына диқандарға арзандатылған дизель отыны бөлінуде. Бірақ тыңайған жерлерді жыртуға, жем-шөп дайындауға, алқаптарға органикалық заттарды шығаруға және басқа да қажетті жұмыстарға дизель отыны бөлінбейді. Бұл ретте отынның 80%-ы АМӨЗ-мен жеткізіледі. Бұл дизель отыны тасымалдау үшін қымбат, аязға төтеп бере алмайды. Тазалау жүріп жатқанда температура нөлден төмен түсіп, отын қатып қалады. Солтүстік Қазақстан облысына дизель отыны ПМХЗ-дан бөлінсе, әлдеқайда тиімді болар еді», — деді Е. Алпысов. 

Серік Жұманғарин шаруалар тарапынан көтерілген осы және басқа да сұрақтарды зерделеп, нәтижесі туралы ақпараттандырып отыруға уәде берді. Мәселен, күнбағыс тұқымына экспорттық баж салығын және тарифтік квотаны енгізу сияқты сұрақтар бойынша жақсы шешім табу үшін талқылауға шақырды.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу