Тұрғын үй саясатын жаңғырту, қолжетімді тұрғын үй салу және тиімді шарттармен ипотека беру — Қазақстанда тұрғын үй құрылысын дамыту

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев пен «Отбасы банк» АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова «Нұрлы жер» тұрғын үй-коммуналдық даму мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысы туралы айтып берді. 

ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаевтың айтуынша, 2020 жылы республика бойынша 15,3 млн шаршы метр тұрғын үй салынып, 140 мыңнан астам тұрғын үй пайдалануға берілді.

Тұрғын үй құрылысына салынған инвестициялар 2019 жылмен салыстырғанда 33,6%-ға өсіп, 2 трлн теңгені құрады.

Мемлекеттік қаражаттың 1 теңгесіне 5 теңге жеке инвестициялар тартылды.

38,4 мың отбасыға әлеуметтік тұрғын үй және жеңілдетілген қарыздар түрінде «2-10-20», «5-10-20» және «5-20-25» бағдарламалары бойынша мемлекеттік қолдау көрсетілді.

«Биыл “Нұрлы жер” бағдарламасындағы жоспарлы 15,2 млн шаршы метрдің орнына 17 млн шаршы метр тұрғын үй салуды міндетімізге алып отырмыз. Бұл Nur Otan партиясының “Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!” сайлауалды платформасын ескере отырып түзетілді. 163 мың отбасы тұрғын үй жағдайын жақсартып, оның ішінде мемлекеттік қолдау есебінен 43,5 мың кезекте тұрғандар қамтылатын болады. Оларға 22,5 мың әлеуметтік тұрғынжай және 21 мың жеңілдетілген қарыз беріледі. 2021-2025 жылдар аралығында 103 млн шаршы метр жаңа тұрғын үй салуды жоспарлап отырмыз», — деді Қ. Өскенбаев.

Осы жылдың І тоқсанының қорытындысы бойынша құрылыс саласында енгізілген локдаундарға қарамастан оң даму серпіні байқалады. Құрылыс-монтаж жұмыстарының көлемі өткен жылмен салыстырғанда 113,1%-ға артты. Құрылыс белсенділігінің өсуі Маңғыстау облысын қоспағанда, 16 өңірде байқалады. 

Бірінші вице-министр атап өткендей, құрылыс импульсі дағдарысқа қарсы қабылданған шараларға байланысты болып отыр. Ал бұл құрылыс компанияларының кәсіпкерлік белсенділігін және халықтың жұмыспен қамтылуын қамтамасыз етеді.

«Биылғы жылдың І тоқсанында 2 870 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 8,6%-ға жоғары. 23 663 тұрғынжай пайдалануға берілді, оның ішінде 8 637 жеке тұрғын үй. Өткен жылмен салыстырғанда тұрғын үйді пайдалануға беру көлемінің артуы Павлодар облысын қоспағанда, 16 өңірде байқалады», — деді Қ. Өскенбаев. 

Тұрғын үй құрылысына салынған инвестициялар өткен жылмен салыстырғанда 33,8%-ға өсті.

Бірінші вице-министрдің айтуынша, тұрғын үй құрылысын ынталандыру және құнын арзандату мақсатында мемлекет тұрғын үй құрылысы салынатын аудандарды, оның ішінде азаматтарға жеке құрылыс салу үшін бөлінетін жер учаскелерін инженерлік желілермен жабдықтайды. 

2021-2025 жылдары 235 мың жер учаскесін қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жоспарлануда, оның ішінде облыс орталықтарында, шағын қалаларда – 125 мың жер учаскесі және ауылдық жерлерде 110 мың жер учаскесі. 

Жыл сайын тұрғын үй алаптарына инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды жүргізуге республикалық бюджеттен 130 млрд теңгеден бөлу көзделіп отыр.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі негізінде толыққанды даму және қолдау институтын — «Отбасы банкін» құру және жергілікті атқарушы органдарда кезекте тұрғандардың тізімін осы «Отбасы банкке» беру тұрғын үй саясатын дамытудың жаңа бағыттарының бірі болып табылады.

«Отбасы банк» жұмысының негізгі мақсаты тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыруға, әсіресе халықтың әлеуметтік осал топтары үшін бағытталатын болады.

«Бүгінгі таңда Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі “Отбасы банкі” болып қайта құрылды және оның базасында “Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы” жасақталды. Осы орталық, тұрғын үйге мұқтаждардың есебін жүргізуді, сондай-ақ тұрғын үйді бөлуді тұрғын үйдің қолжетімділік сатысына сәйкес, тізімге енгізілген күні бойынша кезекте тұрғандар арасында бір орталықтан жүзеге асыратын болады. “Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы” жеке тұлғалардың мемлекеттік дерекқорларымен интеграцияланатын болады. Базаға қайта енгізуге жол берілмейді. Азаматтар мемлекеттік бағдарламаларға бір рет қана қатыса алады», — деді Қ. Өскенбаев.

Тұрғын үй алуға кезекте тұрған азаматтардың саны жыл сайын орта есеппен 50 мыңға өсіп, бүгінде 559 мың адамды құрайды. 

Отбасы мүшелеріне шаққанда ең төменгі 1 күнкөріс деңгейінен төмен табысы бар кезекте тұрғандар, негізінен бұл көп балалы отбасылар, жетім балалар, мүгедек балалары бар отбасылар және халықтың басқа да әлеуметтік осал топтары жеке жалға берілетін тұрғын үйді субсидиялау тетігі арқылы тұрғын үймен қамтамасыз етіледі.

Табысы 1 ең төменгі күнкөріс мөлшерінен жоғары кезекте тұрғандар жаңа тұрғын үйге жеңілдетілген несие алу арқылы тұрғын үй сатып алатын болады.

Негізінен бұлар мемлекеттік қызметкерлер, бюджет қызметкерлері, толық емес отбасылар және басқа кезекте тұрғандар.

Тұрғын үй саясатын дамытудың жаңа бағытымен Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша кезекте тұрғандар үшін тұрғын үйдің жалдау ақысын субсидиялау тетігі қарастырылған.

Бұл тетікте жалға берілетін тұрғын үй пулдарын қалыптастыруды және жалға алушылармен шарттар жасай отырып, тұрғын үй қорын басқаруды Бірыңғай оператор жүзеге асыратын болады.

«Жеке құрылыс салушылармен бірлесіп Бастапқы нарықта жылжымайтын мүліктің әлеуметтік қорлары құрылатын болады. Мысалы, 10 мың пәтерлік тұрғын үй үшін жылына 5,3 млрд теңге мөлшерінде субсидия талап етіледі. Тұрғын үй пулдарын қалыптастырғаннан кейін осы қорлардың жылжымайтын мүлікпен қамтамасыз етілген акциялары кепілдендірілген кірістілігі бар нарыққа ұсынылатын болады», — деп нақтылады Қ. Өскенбаев. 

Жалдау ақысын субсидиялау тетігін іске асыру үшін «Отбасы банкі» өкілеттіктерін күшейту ұсынылады. 

Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары үшін – 31, өзге өңірлерде 21 және ауылдық жерлерде 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде жеке тұрғын үй қорының жалдау ақысынан жалға алуды субсидиялау жоспарлануда.

Тұрғын үй саясатын жетілдіру шеңберінде қосымша:

  • жалға берілетін тұрғын үй пулдарын қалыптастыру және жылжымайтын мүліктің жеке әлеуметтік қорларын құруды ынталандыру;
  • нарықтық қорландыруды тарту (халықтың депозиттері, зейнетақы жинақтары) және қарыз бойынша шығыстарды субсидиялау;
  • тұрғын үйді сатып алуға құрылыс салушылармен оффтейк-келісімшарттар жасау («Нұрлы жер» бағдарламасының бағалары бойынша);
  • жеке құрылыс салушыларды жобалық қаржыландыру тетігін енгізу;
  • жеке құрылыс салушы компаниялардың өз қаражаты есебінен тұрғын үй және әлеуметтік нысандар (мектептер, ауруханалар) салу үшін қажетті жер учаскелерін алып беру құзыретін жергілікті атқарушы органдарға беру. Аталған ұсыныс жеке құрылыс компанияларымен салынған тұрғын үй көлемінің 50%-ын «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасында белгіленген баға параметрлеріне сәйкес мемлекетке беруді көздейді.

Сондай-ақ бұл нысандарды құрылыс салушының өзінің учаскелерінде салған жағдайда, балама жер учаскелерін беру немесе құрылыс салушының шығындарын өтеу ұсынылады.

Бұл ретте, құрылыс салу үшін жер учаскелері Жер учаскесін сату немесе жалдау құқығы жөніндегі сауда-саттықты (конкурстарды, аукциондарды) ұйымдастыру мен өткізу қағидаларына сәйкес берілетін болады.

Сондай-ақ ауылда тұрғын үй салу тетігін енгізу ұсынылады. 

Бұл тетік Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ауылдарда қызметкерлер үшін тұрғын үй салу кезінде жұмыс беруші шығындарының 50%-ын субсидиялауды көздейді.

Жергілікті атқарушы органдардың жедел деректері бойынша 76 ауданда 2 855 тұрғын үйге қажеттілік бар. Субсидиялау үшін республикалық бюджеттен 14,3 млрд теңге талап етіледі.

Бұдан өзге, республиканың қолданыстағы тұрғын үй қорын жаңарту бойынша іс-шаралар жүргізілуде. 

2020 жылы 8 өңірге (Ақтөбе, Жамбыл, Қостанай, Қызылорда, Павлодар, Батыс Қазақстан облыстары және Нұр-Сұлтан, Шымкент қалалары) 249 тұрғын үйді күрделі жөндеуге 8,6 млрд теңге бөлінді. 

Жыл қорытындысы бойынша жөндеуді талап ететін кондоминиум объектілерінің үлесі 21,5%-ға дейін төмендеді. Биыл қосымша 19,5 млрд теңге жоспарланып отыр. 

Қ. Өскенбаев атап өткендей, осы жылдан бастап азаматтардың көпшілігіне біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалана отырып, тұрғын үй жағдайларын жақсартудың теңдессіз мүмкіндігі берілді.

Тетікті іске асыру үшін зейнетақы жүйесі мәселелері бойынша заңнамаға түзетулер қабылданды және уәкілетті операторлар мен олардың Отбасы банкі және екінші деңгейдегі банктер атынан функцияларын айқындау туралы қажетті құжаттар бекітілді. Сондай-ақ азаматтардың қаражаттың мақсатты жұмсалуын бақылау жөніндегі уәкілетті операторлар үшін міндетті нормалар көзделген. 

Өз кезегінде, Министрлік Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен, Ұлттық банкпен, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен, Отбасы банкімен бірлесіп, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану қағидаларын әзірлеп бекітті.

Тұрғын үй жағдайларын жақсартудың негізгі шарты тұрғын үйді сатып алу (оның ішінде жөндеу) немесе әртүрлі тетіктер арқылы құрылыс салу болып айқындалған.

Қағидаларға сәйкес азаматтардың зейнетақы жинақтарын пайдаланудың 5 мақсаты көзделген:

  • тұрғын үй сатып алу кезінде, тұрғын үй сатып алуға байланысты азаматтық-құқықтық мәмілелер бойынша (сатып алу-сату, жекешелендіру, айырбастау, бөліп-бөліп төлеу шарттары), тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарттар бойынша (кепілдік болған кезде немесе акт болған кезде көппәтерлі тұрғын үйдегі үлесті беру туралы шарт жасасқан кезде), сондай-ақ жер учаскесін сатып алуды қоса алғанда, жеке тұрғын үй салу үшін толық есептесу;

  • ипотекалық қарыз алуға бастапқы жарна ретінде, тұрғын үй сатып алуға, берешекті өтеуге, ипотеканы банктер арқылы қайта қаржыландыруға;

  • тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесі бойынша жер учаскесін сатып ала отырып, тұрғын үй сатып алуға немесе жеке тұрғын үй салуға арналған ипотека бойынша берешекті алу, қайта қаржыландыру, өтеу үшін;

  • ислам банкінің қаржыландыруы шеңберінде тұрғын үй сатып алу және осындай қаржыландыру бойынша берешекті өтеу үшін;

  • тұрғын үй құрылысы бағдарламалары мен дағдарысқа қарсы бағдарламалар шеңберінде берілген сатып алу құқығымен тұрғын үйді ұзақ мерзімді жалдау шарттары бойынша берешекті өтеу үшін.

Бүгінгі күні Министрлік тетіктің іске асырылуын және келіп түскен өтініштерді талдау қорытындылары бойынша қағидаларға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы жоба дайындады.

Жоба барлық мүдделі органдармен және аккредиттелген ұйымдармен келісілгеннен кейін белгіленген тәртіппен қабылданады.

«Қабылданып жатқан шараларды сәтті жүзеге асыру сапалы коммуналдық қызметтер мен құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық секторды басқарудың тиімді жүйесін ұсына отырып, азаматтардың тұрғын үй жағдайын жақсартуға кешенді тәсілді қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін атап өткім келеді», — деді Қ. Өскенбаев.

Қ. Өскенбаев журналистердің пайдалануға берілген үйлерде неліктен көп кемшіліктер анықталатыны немесе сапасыз орындалған жұмыстар анықталатыны туралы сұрағына Министрлік осы бағытта бірқатар шаралар қабылдауды жоспарлап отыр деп жауап берді.

«Иә, осындай мәселелер жиі орын алады, әкімдіктерге жүгінеміз, өйткені жергілікті жерлердегі МСҚБ әкімдіктерге қарайды», — деп атап өтті Қ. Өскенбаев.

Бірінші вице-министрдің айтуынша, республикалық деңгейде жүйелі шаралар әзірленді. Біріншіден, бұл цифрлық бақылау әдістерін енгізу. Цифрландыру кезінде ортақ базаға цифрлық форматта барлық жауапты және бақылау органдары, оның ішінде техникалық қадағалаушылар мен МСҚБ қосылатын болады. Келешекте оған елімізде құрылыс жүргізетін барлық құрылыс компаниялары қосылады. Бірінші кезеңде бұл бюджеттік бағдарламалармен жұмыс істейтін компаниялар болады, екінші кезеңде – қалғандары.

Қазір техникалық, авторлық және басқа да бақылау бағыттарының барлық журналдары жазбаша түрде жүргізілсе және бейінді мамандардан басқа ешкімге олар қолжетімді болмаса, цифрлық форматта өндірістің барлық барысы электрондық порталда тіркелуі тиіс. Бұл деректер құрылыс барысын бақылайтындарға, құқық қорғау органдарына қолжетімді болмақ. Үлестік құрылыс бойынша құрылысқа қаражат салған адамдарға, үлескерлерге база қолжетімді болады. Онда видеофиксация және фотофиксация болады, олар кейіннен үйге қызмет көрсететін компанияның базасында қалады. База қауіпсіз қала жүйесіне қосылады.

«Сонымен қатар нарықтың барлық қатысушыларының жұмысты сапалы жүргізудегі жауапкершілігін күшейту қажет. Біз әрбір адамның жауапкершілігін дербестендіріп, күшейтуге тиіспіз. Биыл осы мәселе бойынша тиісті ұсыныс енгіземіз», — деді Қ. Өскенбаев.

Сондай-ақ журналистер тұрғын үйді жосықсыз алушылар туралы сұрақтар қойды. Көбінесе мемлекеттік бағдарлама бойынша алынған пәтерлер қайта сатылады немесе жалға беріледі. Неліктен мемлекеттік бағдарлама өзінің мақсатты міндетін орындамайды, яғни мұқтаж адамдарға берілмейді? Мұндай тұрғын үйлерді сатуға уақытша лимиттер немесе сатып алушыларға қатысты басқа да шаралар енгізіле ме?

Қ. Өскенбаевтың айтуынша, мұндай тұрғын үйді, оның ішінде зейнетақы жинақтарын пайдалана отырып сатып алынған тұрғын үйді сатуды шектеу бойынша міндеттер қойылған еді. 

«Бірақ мұның екінші жағы бар: адамдар “біз сатып алдық, ақша төледік, неге біздің құқығымызды шектейсіздер?” дейді. Сондықтан қазір Министрлік алдында мұндай мәселе тұрған жоқ», — деп жауап берді Қ. Өскенбаев.

«Нұрлы жер» бағдарламасы аясында халықтың ауыз суға қолжетімділігін арттыру бойынша шаралар қабылданды.

2020 жылы өңірлерде 113 млрд теңгеге 300-ден астам жоба іске асырылды.

Бұл орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету деңгейін қала халқының 97,5%-ына және ауыл халқының 90,1%-ына дейін арттыруға мүмкіндік берді.

Жыл қорытындысы бойынша сумен жабдықтау қызметтеріне республика халқының 94,6%-ы қол жеткізді.

4 500 шақырым су құбыры және кәріз желілері салынды және қайта жаңартылды.

Биыл сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін дамыту бойынша 125 млрд теңгеге 319 жоба іске асырылуда.

Жеңілдікті несиелендіруге өтінімдерді қарау кезінде әлеуметтік әділеттілік қағидасы қолданылады — Л. Ибрагимова

«Бізде 50 млрд теңге бар, біздің жоспарлы есептеулеріміз бойынша бұл шамамен үш санаттағы 5 мың отбасы: көп балалы отбасылар, мүмкіндіктері шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, толық емес отбасылар. Дүйсенбі күні үйден шықпай-ақ онлайн форматта өтінім беру мүмкіндігі пайда болды. Ал 19 833 өтінім шарттарға сәйкес келеді», — деді «Отбасы Банк» АҚ басқарма төрайымы.

Жалпы, оның айтуынша, 23109 өтініш берілген.

«3276 өтініш қабылданбады – 517 кезекте тұрғандар емес және қандай да бір санатқа сәйкес келмейді, 2624 адам мемлекеттік қызметкерлер, бюджеттік қызметкерлер, әскери қызметкерлер санатында, сондықтан олар да сәйкес келмейді; 123 адам басқа санаттарда, үш адам соғыс ардагерлері санатында, неге олар өтініш берді десек, сірә, бұл олардың балалары немесе туыстары», — деді ол.

Бақытты тұрғын үй иелерін әр өңірде кезекке қою күні бойынша таңдайтын болады. Олар екі мыңыншы жылдардың басынан басталады. Содан кейін олар төлем қабілеттілігін бағалайды.

«Әлеуметтік әділеттілік қағидасы сақталады: кім бірінші кезекте тұрса, сол бірінші жеңілдікті қарыз алуға мүмкіндік алады. 15 млн теңге — Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында, қала маңы аймақтарында, Шымкент, Ақтау, Атырау қалаларында ең жоғары сома, қалған өңірлерде осы бағдарлама бойынша 10 млн теңге сомасын құрайды. Өте ыңғайлы – жылжымайтын мүлікті қарыз алушының бастапқы және қайталама нарықта кезекке тұрған аймақта сатып алуға болады. Сатып алынған мүлікке ешқандай шектеулер жоқ. Сондай-ақ, біз "Шаңырақ" бағдарламасын іске асырып жатырмыз, өткен аптада бізге 120 млрд теңгенің екінші траншы түсті. Бұл бағдарлама кезекте тұрған барлық санаттарға арналған, оның ішінде "Бақытты отбасы" бағдарламасына сәйкес келмейтін және өтініш берген адамдар да бар», — деді тұрғын үйді бөлу тетігін түсіндірген «Отбасы банка» басшысы.

Жоспар бойынша ағымдағы жылдың мамыр айында 8 мыңға жуық пәтер «Нұрлы жер» бағдарламасына қатысады, ақпарат baspana.kz сайтында жарияланады.

Зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын алу бағдарламасы тұрғын үй нарығында қалай көрініс тапқаны туралы Л. Ибрагимова соңғы статистикалық деректер бойынша БЖЗҚ-дан жіберілген барлық қаражаттың 50%-ға жуығы тұрғын үйді сатып алуға бағытталған ресурстар, яғни қайталама тұрғын үй нарығындағы мәмілелер деп жауап берді.

«Ипотека бойынша көптеген мәмілелер болады деген болжам болды, бірақ ипотека үшін 100 мыңнан астам өтінімнің ішінен біздің банкке 3 тоқсанда бар болғаны 4 мың өтініш және ЕДБ-ге шамамен осындай өтінім саны берілді. Яғни, жалпы көлемі 10 мыңнан аспады. Сондықтан зейнетақы жинақтарын пайдалануға байланысты дүрлігу іс жүзінде сәуір айының соңында аяқталады. Қазір біз күніне 2,5 мыңға жуық өтінім аламыз. Өтінімдерде көрсетілген сомалар азайды. Егер қаңтар-ақпанда сомалар 15 млн теңге және одан көп мөлшерде көрсетілсе, қазір орташа өтінімде 1-2 млн теңгеден бастап көрсетіледі», — деді ол.

Анықтама: қалалық елді мекендерді сумен жабдықтау және су бұрумен қамтамасыз ету бойынша 55,7 млрд теңгеге 79 жоба және ауылдық елді мекендер бойынша 69,3 млрд теңгеге 240 жоба қарастырылған.

Осы жобаларды іске асыру есебінен сумен жабдықтау қызметтеріне қолжетімділікті қамтамасыз ету көрсеткішін қала халқының 98%-ына және ауыл халқының 91,8%-ына дейін жеткізу жоспарлануда.

Нәтижесінде сумен жабдықтау қызметтеріне қол жеткізу республика халқының 95,7%-ы, оның ішінде 4601 ауылдық елді мекеннің тұрғындары үшін қамтамасыз етіледі. 

Сондай-ақ, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында азаматтарымыздың өмір сүру ортасын жақсарту бойынша шаралар қабылданды. 

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту аясында 2020 жылы 5 өңірде (Шымкент қаласы, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда облыстары) жылумен, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін реконструкциялау және салу бойынша 19 жобаны іске асыруға 11,3 млрд теңге бөлінді.

Биыл 1,7 млрд теңгеге 2 жоба іске асырылады (Қарағанды облысы).

2020 жылдың қорытындысы бойынша сумен жабдықтау және жылумен жабдықтау желілерінің тозуы 55%-ға дейін төмендеді, 2021 жылы 53%-ға дейін төмендету жоспарлануда.

 Кәріз-тазарту құрылыстарының (КТҚ) үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету ең өткір мәселе болып табылады.

Бүгінгі күні республика бойынша шамамен 366 млрд теңге сомасына 53 КТҚ салу және реконструкциялау қажет. 

Су арналарын сенімгерлік басқаруға беру есебінен және сервистік келісімшарттар шеңберінде 45 мыңнан астам халқы бар 25 қалада жалпы сомасы 307 млрд теңгеге КТҚ-ның 28 жобасын іске асыру жоспарлануда. 

Қалған 24 шағын қалада жалпы құны 59 млрд теңге болатын жобаларды инвестициялық тартымдылығының төмен болуына байланысты республикалық бюджеттен берілетін трансферттер есебінен қаржыландыру ұсынылады.

КТҚ жобаларын іске асыру халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға, 2025 жылға дейін қалаларда халықты сарқынды суларды тазартумен 100% қамтуды қамтамасыз етуге, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғауды және жақсартуды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылым мониторингі мен басқару процесін қамтамасыз ету үшін Е-SHANYRAQ ақпараттық жүйесі енгізілуде.

Мұндай экожүйенің жұмыс істеуі коммуналдық қызметтерді ұсынуда және тұрғындардың басқарушы компаниялармен өзара қарым-қатынасында ашықтықты қамтамасыз етеді. 

Ақпаратты орталықтандырып жинау және деректерді Е-SHANYRAQ ақпараттық жүйесінде сақтау туралы қажетті қағидалар бекітілді.

Қазіргі уақытта техникалық құжаттаманы әзірлеу бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Құрылыс саласы мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты цифрландыру бойынша кешенді шаралар қабылдануда. 

Өткен жылдан бастап «Е-Құрылыс» ақпараттық жүйесі шеңберінде техникалық қадағалаушылар мен инженерлік-техникалық қызметкерлердің тізілімін жүктеу және МСҚБ органдарының жүйесіне қосу арқылы есептілікті тапсыру және бақылау тетігі процесін автоматтандыру басталды.

Техникалық қадағалаулардың есептерін тапсыру үшін құрылған бірыңғай алаң оларды еңбек қызметінің объектілері бойынша қадағалауға және еліміздің әртүрлі өңірлерінде қызмет көрсету фактілерінің жолын кесуге мүмкіндік берді.

Биылғы жылы жүйені жыл соңына дейін өнеркәсіптік пайдалануға бере отырып, құрылыс процестерін цифрландыру жөніндегі жұмыс одан әрі жалғасатын болады.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу