Тұрғын үй секторындағы өрт қауіпсіздігін бақылау, су тасқыны кезеңіне дайындық, төтенше жағдайларға ден қою — ҚР ТЖМ



ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде «Су тасқыны кезеңіне дайындық және тұрғын үй секторындағы өрттің алдын алу туралы» өткен баспасөз конференциясында Қазақстан Республикасының төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин баяндама жасады.

 

Тұрғын үй секторында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы

Ю. Ильиннің айтуынша, 2020 жылы республика бойынша 13 933 өрт жағдайы тіркелді, бұл 2019 жылмен салыстырғанда 4%-ға аз, өртте жарақат алғандар саны 7%-ға азайды. 2020 жылы өрт сөндірушілер 8 419 адамды құтқарды. Бұл ретте өртте қаза тапқан адамдардың саны 326-дан 389 адамға дейін немесе 19%-ға өсті.

«Біз, өкінішке орай, нашар статистиканы байқап отырмыз, бізде өрттердің саны артып келеді. Жалпы еліміз бойынша айтатын болсақ, алдын ала, жылыту кезеңі басталғанға дейін, 2020 жылдың тамыз-қыркүйек айларынан бастап, біз әкімдіктермен және әлеуметтік қорғау органдарымен бірлесіп, үйлер бойынша рейдтік аралау жұмыстарын бастадық. Бұл – халықтың әлеуметтік осал топтары. Бұл – жалғыз басты адамдар, зейнеткерлер, көп балалы отбасылар, соның ішінде қоғамға жат өмір салтын ұстанатын адамдар. Еліміз бойынша барлығы осындай 118 мың үйді санадық. Осы үйлердің барлығында жергілікті атқарушы органдардың, сондай-ақ осы іске тартылған демеушілердің қатысуымен түрлі датчиктер орнатылды. Бұл улы газ датчиктері, газ жабдықтарын бақылау датчиктері. Олардың жұмысы, негізінен, оң нәтиже көрсетіп отыр. Осы жылдың өткен екі айында ғана датчиктер орнатылған үйлерде олар үш рет іске қосылды. Осылайша, бұл үйлерде тұратын адамдардың өмірі мен денсаулығын сақтап қалды», — деді төтенше жағдайлар министрі.

Жалпы, 2020 жылы өрт туындамастан табиғи газбен улану салдарынан 22 адам қаза тапты, газбаллонды қондырғылардың жарылуынан 11 адам қаза тапты, барлығы 32 газ-баллонды қондырғылардың жарылысы тіркелді.

2021 жылдың 2 айында елімізде 1 931 өрт жағдайы тіркелді. Бұл ретте 1 354 адам құтқарылды, 99 адам, оның ішінде 13 бала қаза тапты. 104 адам жарақат алды, оның ішінде 12 бала бар.

Сонымен қатар әлеуметтік әлсіз отбасылар тұратын 118 мыңнан астам тұрғын үй есепке алынды, олар 100% аралап шығумен қамтылған, шамамен 400 мың адамға нұсқау берілген.

Бұдан басқа, автономды жылыту жүйелері бар 2 млн-ға жуық тұрғын үйлерді аралау жұмыстары жүргізілді, 4 млн-нан астам азаматқа нұсқау берілді, халықпен 9,5 мың жиын ұйымдастырылды, 200 мыңнан астам азамат қамтылды.

Бұл ретте 77,5 мың тұрғын үйге қызметкерлерді үй иелереі кіргізбеді, ал 63 мың үйде меншік иелері үйде болған жоқ.

445 000 үйде 632 мың бұзушылық анықталды, 236 мыңнан астам бұзушылық сол жерде жойылды.

 

Су тасқыны кезеңіне дайындық туралы

Алдағы күндері «Көктем-2021» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу өткізу жоспарланған. Оның барысында азаматтық қорғау мемлекеттік жүйесінің әзірлігі тексеріледі. Бұл туралы ТЖ министрі Юрий Ильин хабарлады. 

«Күштер мен құралдарды жедел жеткізу және зардап шеккен адамдарды жедел эвакуациялау үшін “Қазавиақұтқару” АҚ 20 әуе кемесі дайын тұр. Су тасқыны жағдайының ықтимал күрделенуіне ден қою үшін авариялық-құтқару бөлімшелерінің күштері мен құралдарының тобы құрылды. Бұл 10 мыңнан астам қызметкер және 1,8 мыңнан астам техника. Халықты құлақтандыру мәселелері де пысықталды», — деді ол.

«Су тасқыны қаупінің алдын алу және оларды жою жөніндегі шаралар кешені» жол картасы шеңберінде төрт жыл ішінде (2017-2020 жж.) 315 елді мекенде су басу қаупі жойылды және 314-де азайтылды.

Биыл ел бойынша әкімдіктер төтенше резервтер мен шұғыл шығындарға арналған резервтерге 38,1 млрд теңге бөлді. Елді мекендерден қар шығару жұмыстары жалғасуда, бүгінгі күні елді мекендерден 14,7 млн текше метр қар шығарылды.

«Қазгидрометтің» алдын ала берген болжам бойынша Ақмола облысындағы Шағалалы өзенінің бассейнінде ылғал қоры нормадан 54%-ға, Солтүстік Қазақстандағы Есіл өзенінің бассейнінде 50%-ға және Ақтөбе облысындағы Ілек өзенінің бассейнінде 39%-ға артық.

«Бізде қар мен ылғал қорының жиналуы жалғасуда. Жауын-шашын мөлшері бойынша ТЖ туындау қаупі барынша жоғары өңірлер: Ақмола облысының аумағы, Қарағанды облысы аудандарының бір бөлігі, Солтүстік Қазақстан және Ақтөбе облыстары, қазір онда қар қоры көпжылдық бақылаудан 50%-ға асып түседі», — деп атап өтті Ю. Ильин. 

Елордаға келер болсақ, Ю. Ильин түсіндіргендей, мұнда судың негізгі жинақталуы Вячеслав су қоймасында орын алады.

«Қазіргі уақытта толуы шамамен 70%-ды құрайды. Бірақ бұл Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындарына қажетті су. Егер осы су қоймасының көтерілуі және арнасынан асып кетуі орын алса, бөгет қорғайтын профилактикалық су жіберу жұмыстары жүргізіледі. Алматыда бүгінгі таңда арық желісін тазарту және өзендердің өткізу қабілеті жағдайына қарай қалаға қауіп төніп тұрған жоқ деп айтуға болады. Неғұрлым қауіпті сел кезеңі шілде, тамыз, қыркүйек айларында болады. Осы кезеңде біздің бөлімшелер профилактикалық бақылаумен айналысады», — деді ол.

Айта кетейік, биыл Аюсай мен Ақсай шатқалдарында екі сел ұстайтын бөгеттің құрылысы басталды.

 

Қысқы кезеңде ТЖ-ға ден қою туралы

Сонымен қатар Юрий Ильин қыс кезеңінің басынан бері еліміз бойынша барлығы 1 063 дауылды ескерту жарияланғанын, тас жол учаскелері 682 рет жабылғанын, жүк және жолаушылар автокөліктері үшін қозғалысқа 233 рет шектеу енгізілгенін атап өтті.

«Төтенше жағдайлар мен оқиғалар қаупі туралы халықты ескерту мақсатында азаматтардың ұялы телефондарына ауа райының нашарлауы туралы 3 708 SMS-хабарлама жіберілді. “Дәрмен” мобильді қосымшасы арқылы тұрғындарға 1 057 хабарлама жіберілді», — деді ол.

Құтқару бөлімшелері өзара іс-қимыл жасайтын қызметтермен бірлесіп 1242 адамды, оның ішінде 74 баланы құтқарып, эвакуациялады, 97 жылыту пункті іске қосылды, 439 бірлік техника шығарылды. 

«Қазіргі уақытта ауа райының нашарлауына байланысты 3 өңірде республикалық автожолдардың 7 учаскесі жабылды. ТЖМ бөлімшелерімен 1 наурызда 34 бірлік техника шығарылды, 212 адам құтқарылды, оның ішінде 18 бала бар. АҚМЖ күштері мен құралдары, 214 адам мен 128 техника жұмылдырылды», — деді министр.

Авариялық-құтқару жұмыстарына ТЖМ, ІІМ, ЖАО және жол қызметтерінің 5 027 адамы мен 1 396 техникасы жұмылдырылды.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу