Қазақстанда 60 жастан асқан адамдарға ревакцинация жасауға қосымша Pfizer вакцинасы ұсынылады 

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында елдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай қаралды. Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният елдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдайдың нашарлағаны туралы баяндады.

Министрдің айтуынша, әлемде КВИ-инфекцияның өсуі байқалады, оның ішінде соңғы аптада Америкада ауру 100%, Еуропада 65%, Оңтүстік Шығыс Азияда 78%, Тынық-Мұхит өңірінде 38% өскен. 

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша Еуропада соңғы екі аптада 54 елдің ішінде 38 елде ауру өскен. Қазақстанда соңғы екі аптада ауру 41% артты.

«Коронавирус инфекциясы бойынша эпидемиологиялық жағдай күрт нашарлап отыр. Соңғы тәулікте ПТР-тесттің оң нәтижесімен 4 810 жағдай және ПТР-тесттің теріс нәтижесімен 79 жағдай тіркеліп отыр. 1 қаңтардан бастап репродуктивті сан 2,4 есе өсті», — деді А. Ғиният.

Эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасына сәйкес «қызыл аймақта» – Қазақстан Республикасы, Нұр-Сұлтан, Шымкент, Алматы қалалары және Атырау облысы, «сары аймақта» 6 өңір – Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда, Павлодар және Маңғыстау облыстары. 7 өңір «жасыл аймақта» орналасқан.

Соңғы 2 аптада коронавирус инфекциясы ауруы 12 өңірде 2,8 есе өсті. Бұл ретте соңғы аптада ауру Нұр-Сұлтан қаласында 9,9 есе, Шымкент қаласында 3,7 есе, Алматы қаласында 2 есе өсті. 

Министрдің айтуынша, эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауы коронавирустың «Омикрон» түрінің анықталуына тікелей байланысты. Генетикалық зерттеулердің нәтижесі бойынша қаңтардың басында «Омикрон» Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында анықталды.

«Омикронның» ерекшеліктері – ауру жылдам жұғады (таралу коэффициенті 1:5 тең), қайта жұқтыру қаупі жоғары. «Омикрон» жоғарғы тыныс алу жолдарында «Дельтаға» қарағанда 70 есе жылдам көбейеді. Ауру жағдайлары 2-3 күнде екі есе өседі, бұл аурудың жылдам көбеюіне әкеледі. Бұл ретте, алдын ала аралық зерттеулер ревакцинация аурудың ауыр түрлерінен, ауруханаға жатқызудан және өлімнен 75% дейін қорғайтынын көрсетеді.

Сонымен қатар республикада соңғы аптада вакцинация қарқыны бірнеше есе төмендеді және қаңтар айының он күнінде егілген адамдардың саны желтоқсанмен салыстырғанда 0,2% артқан.

«Бүгінгі күні 1-компонентпен 9,4 млн астам адам егілді, вакцина алуға тиісті халықтың 79,2% қамтылды, екінші компонентпен 8,7 млн астам адам егілді, тиісті халықтың 75,1% қамтылды. Жалпы халық арасында бірінші компонентпен – 49,3%, екінші компонентпен – 45,8% егілді. Омикронның анықталуына байланысты қосымша шаралар енгізіліп, іске асырылуда», — деді министр. 

Сондай-ақ, А. Ғинияттың айтуынша, халықты вакцинациялау және ревакцинациялау деңгейін арттыру керек.

Халықтың осал тобын қорғау үшін ревакцинациялауға арналған вакциналар саны көбейтілді. Тек балалар мен жүкті әйелдер емес, 60 жастан асқан адамдарға ревакцинация үшін Comirnaty (« Pfizer») вакцинасы ұсынылады.

Бұдан басқа, КВИ бойынша эпидемиологиялық жағдайдың күрт нашарлауына байланысты, қызыл аймақтағы өңірлерде ұжымдарды тарату және инфекцияның таралуын азайту бойынша қосымша профилактика шаралары Ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысына шығарылады.

Министрлік коронавирустың «Омикрон» түрінің анықталғанын ескере отырып, коронавирус инфекциясы бойынша эпидемиологиялық жағдайға болжам жасады. 

Оптимистік сценарий кезінде: ревакцинациямен 100% дейін қамтылғанда, профилактика шараларын жаппай сақтағанда тәулігіне 17,5 мың жағдайға дейін тіркеледі.

Реалистік сценарийге сәйкес ревакцинациямен 70% аз қамтылғанда, профилактика шараларын ішінара сақтағанда тәулігіне 25,5 мың жағдайға дейін тіркеледі. 

Пессимистік сценарий кезінде – ревакцинациямен 40% аз қамтылғанда, профилактика шараларын сақтамағанда тәулігіне 40 мыңға дейін жағдай тіркеледі. 

«Денсаулық сақтау министрлігі қазақстандықтарға халық көп жиналатын орындарға бармауға, ұжымдық іс-шараларды өткізбеуге және оларға қатыспауға кеңес береді. Туыстарға бармау, үйде қонақ шақырмау керек. Қоғамдық орындарда, көшеде маска тағу режимін сақтаған жөн. Вакцина алмаған азаматтарды алғашқы вакцинация курсын алуға шақырамын, ал 6 ай бұрын вакцина алған адамдарды ревакцинация жасауға шақырамын. Жақындарымыздың, әріптестеріміздің, достарымыз бен таныстарымыздың өмірі мен денсаулығын сақтау үшін негізгі профилактика шараларын сақтауымыз керек», — деп түйіндеді денсаулық сақтау министрі. 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-ботқа жазылыңыз

Жазылу