«Wizz Air» лоукостері Түркістан мен Алматыға әуе рейстерін ашуға ниетті

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин «WizzAir» әуе компаниясының бас атқарушы директоры Джозеф Варадиді қабылдады.

Д. Варади ҚР Премьер-Министрінің а.ж. наурыз айындағы БАӘ-ге сапары аясында қол жеткізілген «Абу-Даби – Алматы» және «Абу-Даби – Нұр-Сұлтан» бағыттары бойынша «WizzAir»-дың тұрақты жолаушылар әуе тасымалын бастау туралы уағдаластықтың іске асырылу барысы туралы баяндады. 

Сонымен қатар тараптар халықаралық бизнес және туристік қоғамдастық қызығушылық танытып отырған Түркістан, Алматы және Қазақстанның басқа да қалаларына «WizzAir» әуе рейстерін ашу келешегін, сондай-ақ аймақтағы және әлемдегі аса перспективалы сауда бағыттары бойынша әуе жүк тасымалын ұйымдастыруды талқылады.

Бұдан басқа, «WizzAir» әуе компаниясы Қазақстанда жаңа буындағы авиаотын өндірісін – «тұрақты авиациялық отынды» (sustainable aviation fuel) өндіруді ұйымдастыруға қызығушылық танытты.

Кездесуге индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов және Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасының орынбасары Жаслан Мәдиев қатысты.

«WizzAir» компаниясы — Орталық және Шығыс Еуропадағы ең ірі бюджеттік әуе тасымалдаушысы. Әуе компаниясының әуе кемелері паркі Airbus A320 және A321 ұшақтарынан тұрады. 2020 жылы компанияның жолаушылар айналымы 40 млн адамды құрады, кірісі – 2,8 млрд еуро. Еуропаның 47 еліне және одан тыс жерлерге 900 бағыт бойынша бюджеттік әуе рейстерін орындайды.
 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу