ҚР Үкіметінің отырысы, 27.02.2024

27 ақпанда Үкімет үйінде Қазақстан Үкіметінің отырысы өтті. 

  • ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыру барысы қаралды. Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова ұлттық жоба 655 жаңа алғашқы медициналық-санитариялық көмек нысанын (медициналық пунктілер, фельдшерлік-акушерлік пункт, дәрігерлік амбулаториялар) салуды, 32 көпбейінді орталық аудандық ауруханаларды жаңғыртуды, сондай-ақ ауылдағы денсаулық сақтау нысандары үшін 1 100 медицина қызметкерін даярлауды көздейтінін атап өтті. Бүгінгі таңда 92 медициналық-санитариялық алғашқы көмек объектісінің құрылысы аяқталған, 7 медициналық мекеме бойынша жұмыстар жалғасуда, жыл соңына дейін тағы 556 нысанды пайдалануға беру жоспарланып отыр. Ұлттық жобаның қалған бағыттары бойынша қажетті рәсімдер мен процестер жүріп жатыр.

  • Премьер-Министр қазіргі уақытта жобалардың сараптамасын кешіктіру орын алып отырғанын атап өтті. Бұдан басқа Ұлытау және Қостанай облыстарында объектілерді салу мерзімдері ауысуда. Үкімет басшысы облыс әкімдіктеріне Өнеркәсіп және құрылыс министрлігімен бірге 1 сәуірге дейін жобаларға ведомстводан тыс кешенді сараптама жүргізуді аяқтауды тапсырды. Денсаулық сақтау министрлігі мен әкімдіктерге барлық объектінің құрылысын және оларды қолданысқа беруді ағымдағы жылы мерзімге сай аяқтауды тапсырды.

  • Бұдан бөлек, Үкімет отырысында Астана агломерациясын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспары қаралып, бекітілді.

  • Премьер-Министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров қазіргі уақытта Астана агломерациясының аумағына Астана қаласы (агломерацияның өзегі) және өңір халқының 40%-ы тұратын Қосшы қаласымен бірге Ақмола облысы үш ауданының 40-тан астам елді мекені кіретінін баяндады. Астана агломерациясын дамытудың кешенді жоспарында 1,13 трлн теңгеге 329 іс-шараны іске асыру көзделген. Аталған жоспар қала құрылысын дамытуға, әлеуметтік және инженерлік-көлік инфрақұрылымын жаңғыртуға, экологиялық тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, төтенше жағдайлардың алдын алуға бағытталған.

  • Үкімет басшысы Кешенді жоспарды іске асыру кезінде инвестициялар тартуға қолайлы жағдай жасау керек екенін айтты. Бұл көлік-коммуникация, сауда-логистика, инженерлік-коммуналдық және әлеуметтік инфрақұрылымның біртұтас кешенін құруға көмектеседі. Осылайша агломерацияның тірек қаңқасы қалыптасады. Сондай-ақ 45 ауылдық елді мекеннің әрқайсысына өзіндік экономикалық ерекшелік беру қажет. Сол кезде ауылдармен қатар, Астана қаласы да мал және өсімдік шаруашылығының, құрылыс индустриясының, сондай-ақ басқа да салалардың қажетті өнімдерімен өзін өзі қамтамасыз етуге қол жеткізе алады. Премьер-Министр атап өткендей, жоспарланған барлық іс-шараларды жауапты әрі сапалы іске асыру елорда мен қала маңындағы аймақтардың экономикалық даму тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу