Видеодайджест: «Аптаның айшықты оқиғалары» №61

2023 жылғы 13-19 наурыз аралығындағы аптаның айшықты оқиғалары

  • Дүйсенбі, Президент Қ. Тоқаев Премьер-Министрдің, мемлекеттік органдар басшыларының, облыстар мен Астана, Алматы, Шымкент қалалары әкімдерінің қатысуымен кеңес өткізді. Жиында ел өңірлерінің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты өзекті мәселелер, Қазақстан халқына Жолдауында айтылған міндеттердің іске асырылуы және Президенттің бұған дейін берген тапсырмаларының орындалуы қаралды.
  • Сейсенбі, 14 наурызда ҚР Үкіметінің кезекті отырысы өтті. Күн тәртібінде 3 мәселе қаралды — 2023 жылғы қаңтар-ақпан айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және республикалық бюджеттің атқарылуы, Жастар саясатын дамыту тұжырымдамасы, Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар. Бірінші мәселені қарау қорытындысы бойынша Ә. Смайылов экономиканы одан әрі әртараптандыру, тұрақты жұмыс орындарын құру, ішкі және сыртқы инвестицияларды тартуға басымдық беруді тапсырды. Екінші тақырып бойынша жастарды жұмысқа орналастыру мәселесіне тиімді қарау, NEET санатындағы жастар санын азайту тапсырылды. Бұдан әрі Премьер-Министр есірткі сайттарын анықтау және бұғаттау тетіктерін жетілдіру шараларын қабылдауды, нашақорларды емдеу, оңалту және әлеуметтік бейімдеу әдістемелерін жетілдіруді, сот сараптамасы органдарын заманауи және сапалы құралдармен жабдықтауды күшейтуді тапсырды.
  • Сол күні Үкіметте Қытаймен шекарадағы өткізу бекеттері арқылы жүк автокөлік құралдарының өтуі мәселелері жөнінде кеңес өтті. Ә. Смайылов үш күн мерзімде жасанды кедергілерді жою бойынша нормативтік өзгерістер дайындауды тапсырды.
  • Сәрсенбі, 15 наурыз күні «Қазпошта» АҚ қызметінің өзекті мәселелері қаралды. Компания басшысы Әсел Жанасова атқарылып жатқан жұмыстар, ағымдағы көрсеткіштер мен халыққа қызмет көрсетудің тұрақтылығын қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы баяндады.
  • 17 наурызда Энергетикалық кеңестің отырысы өтті. Отырыста бірқатар «жетілген» мұнай кен орындарын одан әрі игеру мәселелері талқыланды.
  • Сондай-ақ бұл күні Экономиканы демонополизациялау жөніндегі комиссия отырысы өтті. Онда медициналық ақпараттық қызметтер нарығында монополияға қарсы әрекет ету шаралары талқыланды. Жұмыс талқылауының қорытындысы бойынша емханалар мен басқа да медициналық ұйымдарға ақпараттық жүйелерді жеткізушілерді таңдауда барынша еркіндік беру тетіктері қаралды
  • Сенбі, Әлихан Смайылов Ұлыбритания СІМ басшысымен кездесу өткізді. Келіссөздер барысында тараптар өзара сауда көлемін ұлғайту, инвестициялар тарту, халықаралық көлік дәліздерін дамыту, бизнесті қолдау, энергетика және білім беру салаларындағы өзара ынтымақтастық және басқа да бірқатар мәселе қозғады.
  • Жексенбі, 19 наурызда ҚР Премьер-Министрі Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауында дауыс берді. Әлихан Смайылов Астанадағы ҚР Ұлттық кітапханасының ғимаратында орналасқан №111 сайлау учаскесінде өз таңдауын жасады.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу