Видеодайджест: «Аптаның айшықты оқиғалары» №115

2021 жылғы 31 мамыр-6 маусым аралығындағы аптаның айшықты оқиғалары

  • 2 маусым күні ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстанның Премьер-Министрі Абдулла Ариповты қабылдады. Қазақстан Президенті Өзбекстанның Премьер-Министрі Абдулла Ариповті қазақ-өзбек байланыстарын дамытуға және достық арқауын нығайтуға қосқан үлесі үшін ІІ дәрежелі Достық орденімен марапаттады.
  • Дәл осы күні ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Қазақстанға жұмыс сапарымен келген Өзбекстан Республикасының Премьер-Министрі Абдулла Ариповпен келіссөз жүргізді. Үкімет басшылары сауда-экономикалық, инвестициялық, ауыл шаруашылығы, энергетикалық, көлік-логистикалық ынтымақтастықтың, өнеркәсіптік кооперацияның, сондай-ақ аймақаралық және шекара маңындағы өзара іс-қимылдың өзекті мәселелерін талқылады.
  • 1 маусым күні А. Маминнің төрағалығымен Үкімет отырысы өтті. Санитариялық-эпидемиологиялық жағдай, Түркістан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары және балалардың құқықтарын қорғау және қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары қаралды. Бірінші мәселе бойынша Үкімет басшысы халықты вакциналау қарқынын едәуір арттыруды, «Ashyq» мобильді қосымшасының үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету, оның қызмет көрсету секторында қолданылуын одан әрі кеңейту бойынша шаралар қабылдауды тапсырды. Екінші мәселені қарау қорытындысы бойынша Премьер-Министр Асқар Мамин Түркістан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған бекітілген кешенді жоспары іс-шараларының уақытылы әрі сапалы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды. Үшінші мәселені талқылау барысында А. Мамин білім беру және бос уақытты өткізу саласының объектілерін тиісті қауіпсіздік инфрақұрылымымен қамтамасыз ету жөніндегі жол картасын дайындауды, мектеп медицинасын, ерте даму және скрининг кабинеттерінің, балалар үйлерінің, балалар стационарлары мен емханаларының материалдық-техникалық базасын жетілдіруді, спортпен айналысатын балалардың санын арттыру бойынша шаралар қабылдауды тапсырды
  • Сәрсенбі күні ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин «Exxon Mobil» компаниясының аға вице-президенті Нил Чапманмен кездесу өткізді. Тараптар көмірсутегі шикізатын барлау, өндіру және тасымалдау салаларындағы бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады.
  • 3 маусым күні ҚР Премьер-Министрі Нидерландының жетекші агроөнеркәсіптік компанияларының – жылыжайлар, ауыл шаруашылығы жабдықтары, тұқымдар, өсімдіктерді биологиялық қорғау саласындағы әлемдік көшбасшы компаниялардың басшылығымен келіссөз өткізді. Тараптар АӨК саласындағы ынтымақтастықты дамыту келешегін, оның ішінде Қазақстанның жылыжай кешендерін, тұқым шаруашылығын және ауыл шаруашылығының басқа да секторларын дамытуда жиынтықты есептеулер, жасанды зерде және басқа да инновациялық технологияларды енгізу перспективаларын талқылады.
  • Дәл осы күні ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин «Атамекен» ҚР ҰКП төралқа төрағасы Тимур Құлыбаевтың қатысуымен кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі жобалық офис отырысын өткізді. Жеңілдікті кредит беру бағдарламаларының мониторинг нәтижелері, ауыл шаруашылығы және қаржыландыруға қолжетімділік саласындағы бизнестің жүйелі проблемалары, мемлекеттік сатып алулардағы, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ және жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алуларындағы жергілікті қамту, шағын қаржы ұйымдары мен өңірлердің экономикалық картасы мәселелері қаралды.
  • 4 маусым күні Асқар Мамин «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасының жол картасын іске асыру жөніндегі штаб отырысын өткізді. Қазақстандық тауарлар мен қызметтердің шикізаттық емес экспортының көлемін арттыру, экспортқа бағдарланған мұнай-газ химиясы өнімдері өндірісінің өсуін қамтамасыз ету, сондай-ақ мектептерді салу және жаңғырту мәселелері қаралды.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу