Видеодайджест: «Аптаның айшықты оқиғалары» №105

2024 жылғы 15-21 қаңтар аралығындағы аптаның айшықты оқиғалары

  • Дүйсенбі, 15 қаңтарда ҚР Премьер-Министрі Еуропалық комиссияның вице-президенті Маргаритис Схинаспен кездесті. Жиында тауар айналымын ұлғайту, инвестициялар тарту, көлік-логистика саласындағы ынтымақтастықты нығайту, визалық режимді жеңілдету, өнеркәсіп кооперациясын ұлғайту және басқа да бірқатар мәселе қарастырылды.

  • Сейсенбі, 16 қаңтар күні Қазақстан Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Дүниежүзілік банктің Орталық Азия бойынша өңірлік директоры Татьяна Проскуряковамен кездесті. Тараптар экономиканы дамыту, цифрландыруды енгізу, қоршаған ортаны қорғау және т. б. салалар бойынша бірлескен жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады.

  • Үкіметтің кезекті отырысында электр энергетикасы саласын одан әрі дамыту мәселелері қаралды. Қазақстанның бірыңғай электр энергетикалық жүйесі штаттық режимде жұмыс істейді. 2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша жалпы қолда бар қуаттың көлемі 20,4 ГВт, осы күзгі-қысқы кезеңде тұтыну максимумы 16,6 ГВт-ты құрады. Ел экономикасы мен халқын тұрақты энергиямен жабдықтауды қамтамасыз ету үшін таяу жылдары жаңа энергия қуаттарын кезең-кезеңмен іске қосу және қолданыстағы электр стансаларын жаңғырту көзделіп отыр. Электр энергиясын тұтыну көлеміндегі көмір генерациясы үлесінің едәуір төмендеуі жаңартылатын энергия көздерін енгізу және газ генерациясы есебінен қамтамасыз етілетін болады. 

  • Үкімет отырысында электрондық сауданы одан әрі дамыту мәселелері қаралды. 2022 жылғы қорытынды бойынша елімізде электрондық сауданың үлесі – 12,5%-ды құрады, бұл шамамен екі трлн теңге. Бұл ретте өткен жылдың 11 айында электрондық сауда көлемі шамамен 2,2 трлн теңгені құрап, бөлшек көлемінен 13%-ға дейін өсті. Алда электрондық сауданың үлесін 2030 жылға қарай 20%-ға дейін жеткізу міндеті тұр. Аталған жұмыс шеңберінде танымал маркетплейстерде отандық өндіріс тауарларының ұсынылуын кеңейту, қойма және логистикалық инфрақұрылымды дамыту, сондай-ақ тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөнінде шаралар қабылданатын болады.

  • 16 қаңтарда Әлихан Смайыловтың төрағалығымен орталық мемлекеттік органдар, «Самұрық-Қазына», «ҚазМұнайГаз», KEGOC және басқа да ұйымдар басшыларының қатысуымен Энергетикалық кеңестің отырысы өтті. Республиканың өнеркәсіптік кәсіпорындары мен халқын газбен тұрақты түрде қамтамасыз ету, QazaqGaz компаниясының жедел қызметі, сондай-ақ мұнайды магистральдық құбырлар арқылы ішкі нарыққа тасымалдау мәселелері талқыланды.

  • Сәрсенбі, 17 қаңтарда Премьер-Министр Qarmet компаниясының қызметі жөніндегі жұмыс тобының кезекті отырысын өткізді. Жаңа инвестордың қатысуымен кәсіпорынның тұрақты жұмысын және одан әрі дамуын қамтамасыз ету жөніндегі шаралар, салық, магистральдық т/ж желісін пайдалану, сондай-ақ экологиялық заңнама нормаларын сақтау мәселелері талқыланды.

  • Бейсенбі, 18 қаңтар күні Үкіметте «Қазақтелеком» АҚ-ның мобильді операторларының бірін жаңа инвесторға беру мәселесі талқыланды. ҚР Премьер-Министрінің төрағалығымен Экономиканы демонополизациялау жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Қатысушылар «Қазақтелеком» АҚ мобильді операторларының бірін бәсекеге қабілетті нарыққа шығару процесі қарастырылды. Қазіргі уақытта әлеуетті шетелдік инвесторлармен келіссөздер жүргізіліп жатқаны айтылды.

  • Сенбі, 20 қаңтарда Экономиканы жаңғырту мәселелері жөніндегі мемлекеттік комиссияның кезекті отырысы өтті. Жиында Жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын іске асырудың, өнеркәсіпті, тау-кен металлургия кешенін және геологиялық барлауды дамытудың, сондай-ақ «Қазақтелеком» АҚ мобильді операторларының бірін бәсекелестік ортаға берудің өзекті мәселелері қаралды. Талқылау қорытындысы бойынша Мемлекеттік комиссия бірқатар тиісті шешімдер қабылдады.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу