Видеодайджест: «Аптаның айшықты оқиғалары» №45

2022 жылғы 21-27 қараша аралығындағы аптаның айшықты оқиғалары.

  • 26 қарашада Тәуелсіздік сарайында (Астана қ.) жаңадан сайланған Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты ұлықтау рәсімі өтті. Салтанатты шараға Қазақстанның саяси элитасы, Қазақстанда аккредиттелген шетелдік дипломатиялық корпус, сондай-ақ БАҚ өкілдері қатысты. Мемлекет басшысы өзінің сайлауалды бағдарламасының негізгі тұстарына, сондай-ақ еліміздің даму бағыттарына тоқталды.

  • Сейсенбі, 22 қарашада, Үкімет отырысында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыру жоспарлары қаралды. Айта кетейік, ұлттық жоба үш міндетті қамтиды: 1) фельдшерлік-акушерлік пункттер, дәрігерлік амбулаториялар салу арқылы барлық ауылдық елді мекендерді медициналық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету; 2) заманауи медициналық жабдықтармен жабдықталған заманауи көпбейінді ауданаралық орталық ауруханалар желісін ұйымдастыру; 3) ауылдық денсаулық сақтау объектілерін медицина кадрларымен қамтамасыз ету. Сондай-ақ Үкімет отырысында агроөнеркәсіп кешенінде су ресурстарын пайдалану жөніндегі міндеттер қаралды. Премьер-Министр трансшекаралық сулар бойынша үкіметаралық келісімдерді жетілдіру жұмыстарын тұрақты түрде жүргізу, каналдар мен су қоймаларын жөндеу және қалпына келтіру жұмыстарын күшейту, суармалы жерлерде су үнемдеу технологияларын және жалпы суды цифрлық есепке алуды енгізуді ынталандыру керек екенін айтты.

  • Келесі күні ҚР ПРемьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен Экономиканы демонополизациялау жөніндегі комиссияның отырысы өтті. Қатысушылар квазимемлекеттік сектордан төмендетілген бағамен бәсекелестік ортаға берілген қаржы ұйымын республикалық меншікке қайтару шарттарын талқылады. Қазіргі уақытта осы факті бойынша тиісті тергеу жүргізіліп жатыр.  

  • Бейсенбі күні Әлихан Смайылов пен Канада Премьер-Министрінің ЕО және Еуропа бойынша арнайы уәкілі, Канаданың Франциядағы Елшісі Стефан Дион Қазақстан-Канада ынтымақтастығын одан әрі нығайту мәселелерін талқылады.

  • Осы күні ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Shell компаниясының барлау және өндіру жөніндегі директоры Зои Юновичпен кездесті. Кездесуде Қарашығанақ және Қашаған кен орындарын игерудің өзекті мәселелері, газ өңдеу және мұнай-газ химиясы салаларындағы жобаларды іске қосу жоспарлары, сондай-ақ өндірістегі тәуекелдерді азайту жөніндегі шаралар талқыланды.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу