Видеодайджест: «Аптаның айшықты оқиғалары» №46

2022 жылғы 28 қараша мен 4 желтоқсан аралығындағы аптаның айшықты оқиғалары

  • Дүйсенбі, 28 қарашада, ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен Үкіметте Экономиканы демонополизациялау жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Отырысқа қатысушылар теміржол жүк тасымалы нарығындағы жағдайды, жеке компаниялардың магистральдық теміржол желілеріне қол жеткізу мәселелерін, сондай-ақ ірі өңірлік электр станциясының жұмысын қарастырды.

  • Сол күні Әлихан Смайылов ArcelorMittal компаниясының ТМД бойынша вице-президенті Виджай Гоялмен және «АрселорМиттал Теміртау» АҚ бас директоры Биджу Наирмен кездесті. Әлихан Смайылов кәсіпорын басшылығының назарын жұмыскерлердің өлімі мен жарақаттануына әкеп соқтырып жатқан өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы елеулі кемшіліктерге аударды. Сондай-ақ комбинаттың экологияға келтіретін зардабы туралы және өндірісті жаңғыртуға бағытталатын инвестициялар көлемінің жеткіліксіз екенін айтты.

  • Сейсенбіде өткен Үкімет отырысы жылусыз қалған Екібастұз қаласына жылу беру мәселесін қараудан басталды. ТЖ хронологиясын Павлодар облысының бұрынғы әкімі Ә. Сқақов ұсынды. Әрі қарай Министрлер кабинеті «жайлы мектеп»  ұлттық жобасының жоспарын және Көші-қон саясаты тұжырымдамасының жобасын қарастырды.

  • Сонымен қатар 29 қарашада Әлихан Смайылов пен ҚХР Мемлекеттік кеңесінің Премьері Ли Кэцян бейнеконференцбайланыс режимінде келіссөз жүргізді. Тараптар сауда-экономикалық және көлік-транзиттік салаларда, энергетика, машина жасау, ауыл шаруашылығы, экология, туризм, қаржы секторы және инновациялық технологиялар саласындағы өзара іс-қимыл мәселелерін талқылады.

  • Сәрсенбі ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі кеңестің кезекті отырысында салықтық әкімшілендіруді одан әрі дамыту бойынша ұсыныстар қаралды. Іс-шараға Қазақстанда аккредиттелген АҚШ елшісі Дэниел Розенблюм, Ұлыбритания елшісі Кэти Лич, Еуропалық Одақ елшісі Кестутис Янкаускас, Канада елшісі Алан Хэмсон, Қазақстандағы Америкалық Сауда палатасының атқарушы директоры Дорис Брэдбери, сондай-ақ ірі бизнестің және орталық мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты. 

  • Сол күні Әлихан Смайылов ArcelorMittal компаниясының ТМД бойынша вице-президенті Виджай Гоялмен кездесу өткізді. Үкімет басшысы комбинат жұмысының тұрақтылығын, кеншілердің жұмыспен қамтылуын және еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етуді талап етті. 

  • Сол күні кешке Әлихан Смайылов жұмыс сапарымен бірнеше күн бұрын жылу беру жүйесінде апат орын алған Екібастұз қаласына барды. Жұмыс сапары аясында Премьер-Министр қалпына келтіру жұмыстарының барысымен танысты және жылусыз қалған үйлердің бірінің тұрғындарымен сөйлесті.

  • Бірінші желтоқсанда Үкімет басшысы Петропавл және Қостанай қалаларына барып, осы өңірлердің активтеріне жаңа әкімдерді таныстырды.

  • Келесі күні Әлихан Смайылов Жамбыл облысының барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының жиналысына қатысу үшін Тараз қаласына барды. Отырыс барысында Премьер-Министр депутаттарға ҚР Президентінің Қостанай облысының әкімі лауазымына Құмар Ақсақалов пен Аслан Жаныспаевтың кандидатураларын қарауға енгізу туралы хатын оқып берді.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу