Видеодайджест: «Аптаның айшықты оқиғалары» №92

2020 жылғы 21- 27 желтоқсан аралығындағы аптаның айшықты оқиғалары

  • Сейсенбі күні, 22 желтоқсанда Премьер-Министр А. Маминнің төрағалығымен ҚР Үкіметінің кезекті отырысы өтті. Онда вегетациялық кезеңде су ресурстарын тиімді пайдалану, сондай-ақ Үкіметтің заң жобалау жұмыстарының 2020 жылға арналған жоспарының орындалу барысы және 2021 жылға арналған жоспар жобасы туралы мәселелер қаралды. Бірінші мәселе бойынша Үкімет басшысы экология және ауыл шаруашылығы министрліктеріне әкімдіктермен бірлесіп су шаруашылығы объектілерін салу және реконструкциялау жобаларын іске асыру, сондай-ақ су үнемдеу технологиялары мен су есептеудің цифрлық жүйелерін енгізу жөніндегі жұмысты жалғастыруды тапсырды. Екінші мәселені қарау қорытындысы бойынша 2021 жылға арналған жоспар жобасы мақұлданды, онда Мемлекет басшысы мен стратегиялық құжаттар айқындаған міндеттер негізінде қалыптастырылған 25 заң жобасын әзірлеу көзделген.

  • 21 желтоқсанда ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин жұмыс сапарымен Қарағанды облысына барып қайтты. Сапар барысында Үкімет басшысы Қарағанды фармацевтикалық кешенінде болып, ҚР Президенті Қ. Тоқаев пен РФ Президенті В. Путин арасындағы уағдаластықтарды іске асыру аясында «Спутник V» вакцинасын өндіруді бастап берді. Саран қаласында Асқар Мамин автобустар, электробустар мен арнайы техника шығаратын «QazTehna» зауытының ашылу рәсіміне қатысты, ҚР-дағы электрондық билеттеу жүйесі және шина зауыты жобасы бойынша жұмыстар мәртебесі жөнінде кеңес өткізді, сондай-ақ «Caterpillar» маркалы арнайы техника сервисінің толық циклі бар және ауыр техника компоненттерін қалпына келтіру бойынша ТМД-дағы жалғыз «Борусан Макина Қазақстан» ЖШС-да болды.

  • 22 желтоқсанда ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен және ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің қатысуымен Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссияның селекторлық отырысы өтті. Онда «ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Назарбаевтың бес институционалдық реформасын іске асыру жөніндегі 100 нақты қадам» ұлт жоспарын орындау бойынша 2020 жылғы жұмыс қорытындысы шығарылып, алдағы жылға міндеттер анықталды. 

  • 23 желтоқсанда Асқар Мамин жұмыс сапарымен Ақмола облысына барды. Макинск қаласында Премьер-Министр «Макинск құс фабрикасы» ЖШС 2-кезегінің ашылуына және құрама жем-шөп өндіретін зауытты іске қосуға қатысты. Сондай-ақ Үкімет басшысы Макинск жылу оқшаулау зауытында болып, модульдік қазандықты тексерді.

  • Бейсенбі күні, 24 желтоқсанда ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен Нұр-Сұлтан қаласының жаңа орталығының құрылысын бақылау жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысы өтті. Үкімет басшысы отырыс барысында елорданы дамытуға инвестициялар тарту бойынша жұмысты жандандыру қажеттігіне, құрылыстың жоспарланған көлемін қамтамасыз етуге, сондай-ақ қаланы сумен қамтамасыз ету және абаттандыру проблемаларын шешу қажеттігіне назар аударды.

  • Сол күні ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы «Жасыл экономикаға» көшу жөніндегі кеңестің отырысы өтті. Отырыс қорытындысы бойынша Кеңес еліміздің барлық өңірінде экологиялық жағдайды жақсарту және «жасыл экономиканы» дамыту бойынша бірқатар нақты шараларды көздейтін 2021 жылға арналған жұмыс жоспарын бекітті.

 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу